Үкіметте жұмыс істейтін ата-аналарға арналған қысқартылған жұмыс күні туралы бастама қарастырылуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде бар және ол жұмыс пен отбасы өмірінің тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.
«Мұндай тәжірибе әлемде кездеседі. Үйде отырып бала күтумен айналысатын адам да белгілі бір өнімділік танытады. Бұл да экономикада ескерілетін фактор, оны назардан тыс қалдыруға болмайды», – деді Серік Жұманғарин.
Ол бастаманы жан-жақты талдау қажеттігін атап өтті.
«Экономикада бәрі есептеледі. Сондықтан бұл ұсынысты терең зерттеу керек. Егер депутаттар ресми түрде жүгінсе, Үкімет бұл бастаманы міндетті түрде қарайды», – деді вице-премьер.