×

Астана мен Алматыда ақылы жеке тұрақтар жойылады

Астана мен Алматыда ақылы жеке тұрақтар жойылады
Kolesa.kz

Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтар енді жеке компаниялардың иелігінде болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың айтуынша, Құрылыс кодексі жобасын талқылаған жұмыс тобы оның Жер кодексінің 109-бабына енгізген түзетуін қолдаған. Бұл түзету екі қаладағы жеке иеліктегі ақылы тұрақтарды алып тастауға бағытталған.

«Алматыда олигархтар фирма-прокладка құрып, халықтан тұрақ ақысы арқылы ақша жинады. Қаланың бюджеті миллиардтаған теңгеден айырылды, кінәлілер сотталды, бірақ жүйе тоқтаған жоқ. Алматыда да, Астанада да жалғаса берді. Халық төлеп жатқанда, біреулер сол ақшамен байып отырды», — деп жазды Базарбек.

Оның сөзінше, бұл тәжірибе қызмет емес, таза қаржылық схемаға айналған.

Инвестиция да, инфрақұрылымдық жаңару да, тәртіп те болмаған. Тек күмәнді жолмен алынған тұрақ орындарынан табыс тапқандардың қалтасы ғана толып келген.

Бақытжан Базарбек енді әкімдіктерге жол жиегіндегі бос кеңістіктерді жеке тұлғаларға немесе компанияларға ақылы тұрақ үшін уақытша пайдалануға беруге тыйым салынатынын мәлімдеді.

«Енді Алматы мен Астанадағы тұрақтарға төленген барлық қаражат жеке қалталарға емес, жергілікті бюджетке түсетін болады. Бұл – халықтың мүддесін қорғауға бағытталған әділ шешім», — деді депутат.

Түзетуді Мәжіліс депутаттары Мурат Абенов, Мархабат Жайымбетов, Дүйсенбек Тұрғанов, Лүкбек Тұмашинов, Құдайберген Буксұлтанов, Ермұрат Бапи, Нұргүл Тау, Данабек Исабеков, Әділ Жұбанов, Unzila Shapak және Динара Наумова қолдады.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, бұл бастама қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған.

«Дағдарыс кезінде халықтың есебінен баю — қоғамға қарсы қылмыс. Біз бұл жүйеге нүкте қоямыз. Әділетсіз ақылы тұрақ жүйесі толық жойылады», — деп түйіндеді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →