×

«Олардың құзырына кірмейді»: сарапшы Экология министрлігі мен «Жасыл дамудың» жұмысын сынады

Жиналған қаражаттың қайда жұмсалғанын түсіндіре алмады

«Олардың құзырына кірмейді»: сарапшы Экология министрлігі мен «Жасыл дамудың» жұмысын сынады
Facebook

Қазақстанда кәдеге жарату алымын басқаруға жауапты «Жасыл даму» компаниясының қызметіне байланысты қоғамдық наразылық күшейе түсуде. Экология саласындағы сарапшы Евгений Мұхамеджанов үш жарым жыл ішінде құрылымның есепшоттарында бір триллион теңгеден астам қаражат жиналғанын, алайда нақты нәтижелерге қол жеткізбегенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Экология министрлігі мен оның еншілес компаниясы «Жасыл даму» жиналған қаражаттың қайда жұмсалғанын түсіндіре алмады. Олар бір сандарды көрсетеді, бірақ олардың артында ешқандай әрекет жоқ. Қызметкерлер арасында нақты қайта өңдеу нарығында жұмыс істейтін бірде-бір маман жоқ және бұл нәтижелерден айқын көрінеді», – деп атап өтті Мұхамеджанов.

Ол бұған дейін қызметкерлерге жалақы мен бонустар түрінде 25 млн доллардан астам төлем жасалғаны белгілі болғаннан кейін сенаторлардың «Жасыл дамуға» аудит жүргізуді талап еткенін еске салды. Алайда министрлік бұл өтініштерді елемеді.

«Ешқандай нәтиже бермейтін компания үш жыл бойы қалай жұмыс істеп келген? Есеп комитеті, прокуратура қайда, неге ешкім бұған көңіл аудармайды?» – дейді сарапшы.

Мұхамеджановтың айтуынша, Экология министрлігі өз құзыретіне кірмейтін функцияларды өз мойнына алған.

«Қоқысты қайта өңдеу және өртеу зауыттарын салу олардың құзырына кірмейді. Мұнымен Өнеркәсіп министрлігі айналысуы керек. Экологтар бұл зауыттардың қоршаған ортаны ластамауын қадағалауы керек. Бірақ біз олардың да мұнымен де айналыспайтынын көріп отырмыз», - деп атап өтті ол.

Сарапшы Қазақстанда қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін өзгерту қажет деп санайды.

«Кәдеге жарату алымын мемлекеттік органға жинаудың қажеті жоқ. Мұны тиісті салалар тиімдірек жүзеге асырады. Сусын өндірушілер бірігіп, өздерінің пластикалық бөтелкелерін, сауда желілері картонды жинауды, ал Алматы сияқты үлкен қалалар жинау мен өңдеуді өздері ұйымдастыра алады. Өйткені олардың ресурстары мен инфрақұрылымы жетерлік», - деп түсіндірді Мұхамеджанов.

Сонымен қатар ол Экология министрлігі қымбат зауыттар салудың орнына төмендегі нақты шараларға назар аударуы тиіс дегенді тілге тиек етті:

«Бір рет пайдаланатын ыдыстарды қолдануға тыйым салу, пластмассаның бірыңғай түрлерін енгізу, өнімдерді шыны ыдыстарға құю және оларды ұайта тапсыру жүйесін қайтару және шикізат жинаушыларды қолдау қажет. Мұның бәрі жұмыс істемейтін жобаларға миллиардтаған қаражат салуға қарағанда әлдеқайда маңызды».

Мұхамеджанов Қазақстанның міндеті – қоқыс шығару емес, оның пайда болуын азайту екенін айтты.

«Егер қайта өңдеу ел ішінде тиімсіз болса, шикізатты көрші мемлекеттерге шығаруға болады. Неліктен біз артық ластаушы заттарды қолдан жасауымыз керек?» – деп түйіндеді ол сөзін.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →