×

"Мемлекет шектеуден емдеуге көшті": Сарапшы лудоманиямен күрестегі жаңа тәсілдер туралы айтты

"Мемлекет шектеуден емдеуге көшті": Сарапшы лудоманиямен күрестегі жаңа тәсілдер туралы айтты
rehabcenterindore.com

Соңғы жылдары лудоманияға шалдыққан адам көп. Тіпті, бұл дерттің тамыры қаншалықты тереңге кеткенін білмей де, сезбей де қалдық. Шын мәнінде, бұл қоғамдағы жекелеген адамның басына түскен ауыртпалық па, әлде ұлттық қауіпке айналған әлеуметтік құбылыс па? Qaz365.kz тілшісі қаншама отбасының шаңырағын шайқалтқан мәселе жайында Respublica партиясы Орталық аппараты фракциясының Бас сарапшы менеджері Рауан Қалиевті әңгімеге тартты.

 – Лудомания – ХХІ ғасырдың дертіне айналды. Мұның соңы құрдымға не өлімге апаратыны анық. Осыдан үш жыл бұрын статистика 36 мыңнан астам адамның осы дертке шалдыққанын жария етті. Қазір жағдай оңалды ма, әлде... 

–  Шынымен де, лудомания бүгінгі қоғам үшін өзекті әлеуметтік мәселеге айналды. Есіңізде ме, кезінде Алматының өзінде «мен мұндалап» тұратын ойын автоматтары адамның ойын бұзатын еді. Жалақысын алған адам қалай кіріп кеткенін білмей қалатын еді. Бұл тек жеке адамның ғана емес, отбасылық, экономикалық және әлеуметтік салдарға тікелей әсер ететін құбылыс. Қазіргі таңда мемлекет бұл қауіпке жүйелі түрде қарсы іс-қимыл жасап отыр. Мысалы, 2024 жылы eGov mobile арқылы азаматтарға өзін-өзі шектеу тетігі енгізілді. eGov Mobile арқылы қазақстандықтар құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан 10 жылға дейін бас тарта алады. Нәтижесінде өзін шектеген адамдар саны бір жыл ішінде 3 мыңнан 180 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар, 22 мыңнан астам заңсыз онлайн казино мен жарнама сайты бұғатталды. Мұнымен қоса, 20 ірі шетелдік интернет-казино «қара тізімге» енгізіліп, оларға төлем жасауға толық тосқауыл қойылды. 

Яғни, жағдай бақылауға алынып, жүйелі сауықтыру бағытына қадам жасалды. Алайда, ахуал оңалып кетті деп айтуға әлі ерте. Күрделі әлеуметтік дертті бір-ақ рет заң қабылдап, шектеу енгізу арқылы шешу әсте мүмкін емес. 

– 2024 жылы 100-ден аса түзету енгізіліп, президент қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң нәтижесін беріп жатыр ма?

– Иә, заң тек қағаз жүзінде қалмай, нақты жұмыс істеп жатыр. 2024 жылы 8 шілдеде қабылданып, 9 қыркүйекте күшіне енген жаңа ережелер бойынша 8 кодекс пен 14 заңға 150 түзету енгізілді, 13 жаңа нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Сондай-ақ, букмекерлік компаниялардың жарнамасына қатаң шектеу қойылып, SMS арқылы құмар ойын жарнамасына толық тыйым салынды.  

Енгізілген 100-ге жуық норманың барлығын жеке-жеке талдап жату міндетті емес. Алайда, олардың ішінде ең маңыздысы – мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарына қатысуын шектеу және құмар ойындарының көрнекі жарнамасына тыйым қою. Бұл – қазіргі қоғам үшін өте орынды шешім. Себебі, бүгінгі күні қайда барсаңыз да, вокзал, әуежай секілді халық көп жиналатын орындарда құмар ойындарының жарнамасы көзге бірден түседі. Тіпті үйде отырып, ұялы телефоныңыздан кино көрмек болсаңыз да, кенеттен онлайн-ставкалар мен казино платформаларының жарнамасы шыға келеді. Бұған қоса, адамдардың телефондарына «ұтыс ойындарына қатысыңыз», «жүлде ұтып алыңыз» деген мазмұндағы хабарламалар жиі келетін болды. Бұл қоғамның назарын құмар ойындарына еріксіз аударып, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің қызығушылығын оятатыны жасырын емес. 

Осыған байланысты заң деңгейінде нақты шектеулер енгізу – әлеуметтік тұрғыдан маңызды қадам. Жаңа талаптар бойынша құмар ойындарына қатысты жарнамаларды кез келген жерде көрсетуге тыйым салынады. Бұдан былай мұндай жарнама тек спорттық іс-шаралар өтетін ресми нысандарда және арнайы спорт арналарының эфирінде ғана көрініс табады. Бұл реттеу халықты, әсіресе әлеуметтік осал топтарды құмар ойындарының ықпалынан қорғауға және жарнама арқылы манипуляция жасауға жол бермеуге бағытталған.  

Заң берген нақты нәтижеге келсек, 1944 сыртқы жарнама нысаны бұзылып, 101 адам Instagram мен TikTok-та заңсыз лотерея өткізгені үшін 43 млн теңгеге айыппұл төледі. 7 букмекерлік кеңсе, 3 автомат залы, 1 казино, лотерея операторы тексеріліп, айыппұлдар салынды, бір лицензия тоқтатылғаны тағы бар. Бұл – заңның тек формалды емес, нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Қоғамда заңды сыйлау мәдениетін қалыптастыру және тәуелділіктің алдын алу осындай қатаң шараларсыз жүзеге асуы мүмкін емес еді. 

 Жалпы алғанда, қабылданған нормалар құмар ойындарының қоғамдағы әсерін азайтып, олардың қолжетімділігін шектеуге, ал тәуелділікке бейім жандарды қорғауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет өз азаматтарының қаржылық және психологиялық қауіпсіздігін күшейтуді көздеп отыр. 

– Борышкер тізімінде тұрғандар мен мемлекеттік қызметкерлерге салынған тыйымның  тиімділігі  қандай?  

– Бұл заңның ең маңызды әлеуметтік сүзгісі. Нақтырақ айтсақ, онлайн-казиноларға қаржылық транзакциялар бұғатталып, берешегі бар азаматтар, яғни, бірыңғай борышкерлер реестрінде тіркелгендер мен мемлекеттік қызметкерлер, әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлері букмекерлерге, казиноларға және онлайн платформаларға кіре алмайды. Егер оларды бизнес субъектілері ойынға шақырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

Бұл тетік бірнеше жағынан тиімді. Біріншіден, әлеуметтік жауапкершілікті арттырды. Екіншіден, қарыздың өсу тізбегін тоқтатуға мүмкіндік берді. Ал үшіншіден, мемлекеттік қызметтегі адамдардың қаржылық және моральдық тәуекелін азайтты. Осылайша, заң жеке тұлғаны қорғау ғана емес, қоғамға қауіп төндіруді алдын алатын құрал ретінде де жұмыс істейді. 

 –  Психологиялық ауытқуға жататын лудомания дертінен құлан-таза айығуға бола ма? Бұл тұрғыда қандай көмек көрсетіледі? 

– Иә, психологиялық тәуелділікке әкелетін лудомания емделеді. 2024 жылғы заң бойынша, лудоманиямен ауыратын азаматтарға тегін психологиялық көмек көрсету енгізілді. Мұндай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент, тағы басқа ірі қалаларда бар. Ең бастысы, адам психиатриялық есепке қойылмай-ақ көмек ала алады, бұл көп адамның ем алуына жол ашады. 

Сонымен қатар, профилактикаға да баса көңіл бөлінуде. Мұның нәтижесінде мектептерде ата-аналарға арналған 24 сабақтық бағдарлама енгізілді. Осыған орай 6 мыңнан астам мектепте интернет және ойын тәуелділігінің алдын алу жоспары іске асырылды. 800 педагог пен психолог арнайы оқытудан өтсе, діни қызметкерлер арқылы 4 мыңнан астам түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Бұл алдын алу шарасымен 1 миллионнан астам адам қамтылды. Бұдан өзге Қарулы күштерде 38 дөңгелек үстел және 16 919 түсіндіру сұхбаты ұйымдастырылды. Міне, мемлекет лудоманияны тек жазалау арқылы емес, кешенді тәсіл – емдеу мен алдын алу арқылы шешуге көшкенін көрсетті.  

– Бұл дерт неліктен көбіне ер адамдарда кездеседі? 

–  Мәселеге тек бір ғана себеп тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Құмар ойындарына тәуелділіктің артында бірнеше өзара байланысты факторлар жатыр. Біріншіден, адамдардың едәуір бөлігі несие алып, оны уақытында қайтара алмай қиналады. Үстемесі өсіп, қарыз көбейген сайын адам қаржылық қысымның астында қалып, тез арада ақша табудың жолын іздейді. Осындай жағдайда құмар ойындары мәселеден шығатын ең оңай жол сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде ол жағдайды одан әрі ушықтырады. 

Екіншіден, ер адамдар арасында жылдам байып кетуге деген ұмтылыс ерекше байқалады. Олар көбінесе «тағдырым бір сәтте өзгереді» деген психологиялық иллюзияға сенеді. Бұл иллюзияны жарнама, әлеуметтік желідегі жасанды табыс тарихтары, достар ортасындағы әңгімелер одан сайын күшейтеді. 

Үшіншіден, агрессия, күйзеліс және шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер де өз ықпалын тигізеді. Күнделікті тұрмыста жиналған эмоционалдық қысым адамды тәуекелге итермелейді. Бұл – психологиялық тұрғыдан өзін-өзі жұбатудың немесе қиындықтан уақытша қашып құтылудың тәсілі. Бірақ мұндай жол, әрине, ешқашан ұзақ мерзімді нәтиже бермейді. 

Төртінші фактор – спорттық ойындарға ставкалар қоюдың кең таралуы. Соңғы жылдары «спортқа бәс тігемін, сөйтіп жеңемін, ақшаға кенелемін» деген жалған сенім қоғамда өте белсенді насихатталды. Адамдар жеңілгенін ұмытып, тек ұтқан сәттерді есте сақтайды, бұл да психологиялық қате қабылдаудың бір түрі. Ақыры мұның бәрі қаржылық дағдарысқа, отбасылық жанжалдарға, психологиялық шаршауға әкеліп соғатынын көпшілігі кеш түсінеді. 

Сондықтан букмекерлік компаниялар жарнамасын негізінен дәл осы топқа – ер азаматтарға бағыттайтыны таңсық емес. Олар эмоциялық қысымға бейім аудиторияны нысанаға алады. Дегенмен, жаңа заң қабылданғаннан кейін бұл жағдай өзгерді. Жарнамаға қатаң тыйым салу арқылы ақпараттық кеңістік тазартылды, ал тәуекел тобына жататын азаматтарды артық азғырудан қорғау тетігі күшейді. Бұл қадам қоғамдағы құмар ойындарына тәуелділік деңгейін азайтуға бағытталған маңызды шара болып отыр. 

– Демек, заң тетігі мен мемлекет деңгейде жүзеге асырылған нақты шаралар септігін тигізді деуге бола ма?  

– Әрине, бірнеше қадам бойынша атқарылған жұмыс құмар ойындарының қоғамға әсерін барынша азайтуға бағытталды және ең алдымен лудоманияның кең таралу арналарына тосқауыл қойды. Бұрын кеңінен тараған онлайн және офлайн жарнамалардың жолы кесілді, букмекерлік кеңселер мен казинолардың ақпараттық қысымы әлсіреді. Мұның өзі тәуекел тобындағы азаматтардың құмар ойындарына деген қолжетімділігін шектеп, қадам сайын кездесетін азғыруды азайтты. 

Ең маңыздысы, бұл заң қарызға батып, тығырыққа тірелген адамдарды, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерді қорғауды күшейтті. Мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың қаржылық және моральдық тұрақтылығын сақтау – мемлекеттің ішкі тәртібі мен басқару жүйесінің сенімділігі үшін өте маңызды. Сол себепті жаңа нормалар олардың құмар ойындарына тәуелділікке бой алдыруына жол бермеуді, қажет болған жағдайда ерте кезеңде көмек көрсетуді міндеттейді. Сонымен бірге, лудоманияға шалдыққан азаматтарды емдеу, психологиялық қолдау көрсету, реабилитациялық бағдарламаларға тарту сияқты шаралар толық іске қосылды. Бұл тек аурудың себебімен емес, оның салдарымен де жүйелі түрде күресудің жолдары. 

Қоғам мұндай дертті тек жазалау арқылы еңсере алмайтыны анық. Құмар ойындарына тәуелділік – тек жеке адамның әлсіздігі емес, әлеуметтік, экономикалық, психологиялық факторлар тоғысқан күрделі құбылыс. Сондықтан оған қарсы әрекет те кешенді, жан-жақты болуы тиіс. Қазіргі мемлекеттік саясат дәл осы бағытты таңдады. Яғни, құқықтық бақылауды күшейту, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, алдын алу шараларын жүйелеу және тиімді емдеу бағдарламаларын іске асыру – осының бәрі бір-бірін толықтыратын тұтас механизм ретінде жұмыс істейді. 

Қоғамның барлық деңгейінде қауіпсіздік пен психологиялық қолдау көрсету – атқарылып жатқан жұмыстың маңызды алғышарты. Бұл тәсіл азаматтардың санасын қорғап қана қоймай, отбасылық тұрақтылықты, әлеуметтік амандықты, мемлекеттің жалпы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Көлік алудың жаңа жолы: автолизинг бағдарламасы ресми түрде іске қосылды
Бүгін, 11:42

Көлік алудың жаңа жолы: автолизинг бағдарламасы ресми түрде іске қосылды

Бағдарлама қазақстандықтарға жаңа көлік сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған
Тұрғындар емхананың алыстығы, жаңа қоғамдық кеңістіктерді құру, т.б мәселелерді көтерді.
Жарыста 70-ке жуық бүркіт, 14 ителгі мен 15 қаршыға өнер көрсетті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →