×

Депрессияның соңы суицидке әкеле ме

Депрессияның соңы суицидке әкеле ме
pixabay

Бұрын депрессияны ауру деп есептемейтін, оны көбіне көңіл-күйдің уақытша нашарлауы немесе адамның әлсіз мінезі деп санаған. Қазір медицина депрессияның шынайы психикалық жағдай екенін айтады. Ол мидағы кейбір заттардың, мысалы серотонин, дофамин және норадреналиннің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Бұл адамның көңіл-күйіне, ұйқысына, энергиясы және мотивациясына жауап беретін гармондар. Мұның соңы суицидтік әрекетке әкелмей ме? Qaz365.kz тілшісі бұл жайында Орталық Азия аймағының когнитивті-мінез құлықтық терапиясы ассициациясының мүшесі, психолог Жаннұр Садықовадан сұрап білді.  

 – Жаннұр Қанатбекқызы, депрессияның негізгі себептері мен триггерлерін қалай анықтайсыз? Оның алғашқы белгілерін адам өзі немесе оның жақындары қалай байқай алады? 

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы депрессияның негізгі түрлерін былайша бөліп көрсетеді: Бір реттік депрессивті эпизод – адам бір рет депрессияны бастан кешіреді. Қайталанатын (реккурентті) депрессивті бұзылыс – депрессия бірнеше рет қайталанады. Дистимиялық бұзылыс – ұзаққа созылатын, бірақ жеңіл формадағы депрессия. Аралас уайымдық-депрессивті бұзылыс – депрессиялық және уайым-қайғы белгілері қатар көрінеді. 

Депрессия көбіне бір ғана себептен емес, бірнеше фактордың жинағынан пайда болады. Олар ұзаққа созылған стресс, эмоционалдық қажу, ұйқының бұзылуы, жақынын жоғалту немесе биологиялық бейімділік болуы мүмкін. Яғни, депрессия бәрінде бірдей көрінбейді. Бұл бір реттік болуы немесе бірнеше рет қайталануы ықтимал, уайыммен қатар жүруі немесе ұзаққа созылып, жеңіл формада өтуі мүмкін. 

 Алғашқы белгілері ретінде адам көбіне өзінің энергиясының азайғанын, әдеттегі істерге қызығушылығының төмендегенін, ұйқысы мен тәбетінің өзгергенін байқайды. Мәнсіздік, үнемі өзін сынау, негативті ойлардың көбеюі пайда болады. Жақындары адамның аз сөйлей бастағанын, оқшауланғанын, бұрын көңілін көтерген нәрселер енді қуантпай қалғанын тез байқайды. Және бұл күйі 2 аптадан аса уақытқа созылуы шартты болып табылады.  

– Пациенттер көбіне қандай ойлар мен эмоция арқалап келеді? Олар өз мәселесін қалай сипаттайды? 

– Алматы, Астана, тағы басқа қаланың депрессияға шалдыққан адамдарын онлайн да, офлайн түрде де қабылдап келемін. Негізінен депрессиямен келген адамдар көбінесе «Қолымнан түк келмейді», «Менен ештеңе шықпайды», «Маңызды істерім бар, бірақ ештеңе істемеймін», «Бәрін бұзып алдым», «Болашақтан үміт жоқ» деген ойлармен жүреді.  

Эмоциялық фон да әлсірейді, қуаныш сезілмейді, ал шаршау, өзін кінәлау, ұят, қысым жасау сезімдері күшейеді. Көп адам «жәй ғана шаршадым» деп сипаттайды, бірақ тереңірек қарағанда бұл мотивацияның, ішкі күштің жоғалуы.  

– Депрессияның соңы суицид жасауға алып келмей ме? Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда көпірдің, шатырдың үстіне шығып, өзіне қол жұмсағысы келгендер болды. Депрессиядан кейінгі рецидивтің алдын алу үшін қандай әдістер тиімді? 

– Депрессия әрдайым суицидке әкелмейді. Дегенмен, депрессияның ауырлығы неғұрлым жоғары болса, суицидалды ойлар мен әрекет қаупі соғұрлым артады. Депрессивті эпизодтар жеңіл, орташа және ауыр деп бөлінеді. Жеңіл депрессияда көбіне пассивті суицидалды ойлар ғана пайда болуы мүмкін, бірақ нақты жоспар немесе әрекет сирек кездеседі. Орташа ауыр депрессияда суицидалды ойлар жиі байқалады және кейде нақты мақсаттар пайда болуы мүмкін. Әсіресе адам үмітсіздікті сезінсе, өзіне сенімсіз болса, қолдауы болса немесе ұзақ стресс жағдайында болса. 

Ауыр депрессия ең жоғары қауіп тобын құрайды. Мұндай кезде адамда айқын суицидалды ойлар, нақты мақсаттар, әрекетке дайындық және кейде нақты жоспарлар болады. Егер ауыр депрессия психотикалық симптомдармен қосылса, қауіп одан әрі артады. Сол кезде  адам өз өмірін қию қажет деп ойлауы мүмкін. Сондықтан барлық депрессиялар суицидке әкелмесе де, әрбір ауыр депрессияны суицидалды әрекет қаупі жоғары жағдай ретінде қарастыру өте маңызды. 

Депрессияның пайда болуына тек биологиялық факторлар ғана емес, психологиялық жағдайлар мен әлеуметтік ортаның да әсері бар. Сондықтан оны емдеу тек қамқорлық пен қолдаумен шектелмейді, ғылыми дәлелденген тәсілдерді, мысалы когнитивті‑мінез-құлықтық терапияны және қажет болса дәрілік емдеуді де қажет етеді. 

Сол себепті ерте диагностика жасап, ем және қолдау көрсету өте маңызды. Рецидивтің алдын алуға көмектесетін тәсілдер – ойлау үлгілерін бақылауға үйрену, стрессті басқару дағдылары, тұрақты режим (ұйқы, тамақ, қозғалыс), әлеуметтік қолдау, терапиядан кейін де ұзақ мерзімді психологиялық гигиенаны сақтау. 

– КПТ (когнитивті-мінез-құлықтық терапия) әдісі депрессияны емдеуде қалай жұмыс істейді? Оның тиімділігі қаншалықты жоғары? 

– КПТ, яғни когнитивті-мінез-құлықтық терапия (КМТ) депрессиямен жұмыс істеудегі ең тиімді тәсілдің бірі ретінде ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қысқаша түсіндірме ретінде айтсақ, біздің миымыз кейде автоматты түрде ойлайды. Мысалы, қиын жағдайға тап болғанда, кейбіріміз бірден «Менің қолымнан келмейді», «Мен бәрін дұрыс істей алмаймын», «Менен ештеңе шықпайды» деп ойлаймыз. Бұл автоматты негативті ойлар адамның жағдайды қалай қабылдайтынына тікелей әсер етеді. Бұл адамның тек «жаман» жақты ғана көруіне, мүмкіндіктерді байқамауына, өзін және басқаларды қатты сынауына алып келеді. 

КПТ осы ойларды тануға және тексеруге үйретеді. Яғни көптеген адамдар миымызда туындаған өзіміз туралы ойларға күмәнмен қарауға бейімделмеген. КПТ терапевт адамның өз ойларына жаңа көзқараспен қарап олармен жұмыс істеуді үйретеді.  

Мысалы, адам өзіне «Мен әлсізбін, шыдай алмаймын, қиындықтарға төзе алмаймын» деген ойлармен келсе, КПТ терапевт оған сол ойларды тексеруді және жағдайға басқа қырынан қарауды үйретеді. Яғни, адам өзіне «Бұл ой менің қазіргі жағдайымды дәлелдей ме, әлде жоққа шығара ма? Басқаша қалай қарауға болады?» деген сұрақтарды қоя бастайды. Адам өмірін қиындататын ойларын функционалды, пайдалы ойларға ауыстырған кезде  оның ішкі күйі міндетті түрде өзгереді. 

Ойдың шынайылығын тексеру үшін адам ойларын нақты фактілермен салыстырады, жағдайды шынайырақ қабылдауды үйренеді. Сонымен бірге, күнделікті өмірдегі әдеттерді де түзетеді. Мысалы, депрессия кезінде адам белсенділігін азайтып, өзіне қызық емес істерден қашады. Терапевт шағын қадамдармен әрекет жасауға үйретеді, күн тәртібін реттейді, энергияны қалпына келтіруге көмектеседі. 

Сонымен КПТ – эмоцияларды түсінуге, ойларды нақтырақ қарауға және автоматты негативті ойларды өзгертуге, өз қабылдауын шынайырақ етуге, күнделікті өмірді реттеуге, өз күш-қуатын арттыруға үйретеді. Ол стрессті жеңуге, өзіне сенімді болуға, өмірден рахат алуға және қиын жағдайларды дұрыс қабылдауға көмектеседі. 

– КПТ психологы ретінде, депрессияның алдын алу үшін қоғам мен отбасы деңгейінде қандай қолдау маңызды деп ойлайсыз? 

– Депрессияның алдын алу үшін оған қатысты түсініспеушілік пен кереғар пікірлерді, яғни қазіргі тілмен айтқанда «стигманы» азайту маңызды. Адамдарға психикалық қиындыққа тап болғанда көмек сұраудың қалыпты және дұрыс екенін көрсету қажет. Отбасы тарапынан түсіну, тыңдай білу, қолдау көрсету маңызды. Қоғам деңгейінде эмоционалды сауаттылықты дамыту, мектептерде стрессті басқару дағдыларын үйрету және психологиялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру қажет.  

– Қазіргі уақытта жастар мен жасөспірімдер арасында да депрессия жиі кездесіп жатыр. Неге? Бұл нені білдіреді? 

– Бүгінгі жастар үлкен ақпараттық қысымда өмір сүреді. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты үздіксіз өзін өзгелермен салыстыру, оларға қойылатын жоғары талаптар, ақпараттың көптігі және басқа адамдармен түсіністік таппауы олардың психикасына әсер етеді. Бұл қазіргі заманның талабы және әлсіздік болып табылмайды. Сол себепті жастарға ерте жастан эмоциясын реттеуді, стресспен жұмыс істеуді және көмек сұрауды үйрету маңызды .  

Жасөспірімдер мен балаларда депрессия кейде кәдімгі классикалық белгілермен емес, керісінше, өзгерген түрде көрінеді. Мысалы, оларда энергияның төмендеуі немесе үмітсіздік сезімінің орнына жоғары тітіркенгіштік, ашушаңдық, агрессия байқалуы мүмкін. Содан да жасөспірімдерде депрессияны байқамай қалу оңай. Көбінесе ата-аналар немесе мұғалімдер оны «қалыпты жасөспірімдік кезеңдегі мінез» деп ойлайды. Алайда, бұл тітіркенгіштік тұрақты түрде күнделікті өмірге әсер етсе, эмоционалды тұрақсыздық күшейсе, бұл депрессияның белгісі болуы мүмкін. 

Сондықтан психологиялық қолдау мен мұқият бақылау жасөспірімдерде депрессияны ерте анықтауға көмектеседі. Мысалы, егер серотонин дұрыс деңгейде болмаса, миға «бақыт гормоны жеткілікті» деген сигнал жетпей қалады. Сол кезде адам көңіл-күйінің төмендегенін, шаршауды, өмірге деген қызығушылықтың азайғанын сезінеді. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Көлік алудың жаңа жолы: автолизинг бағдарламасы ресми түрде іске қосылды
Бүгін, 11:42

Көлік алудың жаңа жолы: автолизинг бағдарламасы ресми түрде іске қосылды

Бағдарлама қазақстандықтарға жаңа көлік сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған
Тұрғындар емхананың алыстығы, жаңа қоғамдық кеңістіктерді құру, т.б мәселелерді көтерді.
Жарыста 70-ке жуық бүркіт, 14 ителгі мен 15 қаршыға өнер көрсетті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →