×

Қызылорда облысында тұрғындарға жаңа баспананың кілті табысталды

Тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілді

Қызылорда облысында тұрғындарға жаңа баспананың кілті табысталды
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қызылорда облысының Шиелі кентіндегі «Шұғыла» ықшамауданында әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін салынған тұрғын үйлердің кілтін табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы жаңа үй иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы баспана жұртшылықтың тұрмыс сапасын танытатын маңызды көрсеткіш екенін атап өтті. Аймақта Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, жерлестеріміздің бекем бірлігінің арқасында байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асырылуда. Өңірдің сәулеттік келбеті күн сайын жаңарып келеді. Әрбір баланың шығармашылықпен, спортпен айналысуына мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалған. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты ел дамуының темірқазығына айналды. Бұл халықтың ынтымағын нығайтып, мемлекеттің қуатын арттырады. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр жұртшылығы да бекем бірліктің, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Өңіріміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі қамтамасыз етілді. Кейбір көрсеткіштердің мәнін терең түсінуіміз қажет. Өйткені, ол – жай ғана статистика емес, жерлестеріміздің еселі еңбегінің жемісі. Бүгін – мемлекеттің қолдауымен баспаналы болуға талап қылған әрбір отбасы үшін ерекше қуанышты күн! Жаңа үйлеріңіздің іргетасы берік, қабырғасы мығым, ішіндегі әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай!» – деді Мұрат Тлеумбетов.

Рәсімде Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен тұрғын үйді салған мердігер мекеме қызметкерлері Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Еңбек ардагері Т.Жағыпбаров жиналған жұртшылыққа бата берді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →