Көрерменге түсінікті болу үшін көрменің әр аймағы белгілі бір мағыналық қабатты ашатын арнайы кеңістікке бөлінген
Астана қаласындағы «Бәйтерек» монументінде тұңғыш рет ерекше көрме өтті. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған иммерсивті көрме «Senimen мағына лабораториясы» деп аталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Көрерменге түсінікті болу үшін көрменің әр аймағы белгілі бір мағыналық қабатты ашатын арнайы кеңістікке бөлінген. «Кіреберіс дәлізі» көрерменді ішкі күйге келтіріп, қабылдауға дайындаса, «Тікелей әңгіме аймағы» өз ойыңды айтуға және басқа адамдардың ойын естуге мүмкіндік береді. Сол секілді «Ой-пішіндер кеңістігі» идеялардың материалдық нысандарға қалай айналатынын көрсетсе, «Фотогалерея» сәттерді, қимылдарды, күйді бекіте түседі. Сондай-ақ өз ізіңді қалдырып, сезіміңді жазуға арналған «Стикерлер үстелі» мен өз толғанысыңды бөлісуге шақыратын «Еркін микрофон» аумағы да қарастырылған.
«Еркін микрофон» аумағында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар жəне отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Лира Раисова: «Құндылықтарды оятатын маңызды іс-шара деп білемін. Себебі бүгінгі қоғамда құндылықтарды ояту аса маңызды. Жастар жəне отбасы істері атынан «Сенімен Болашақ» бірлестігінің әрбір іс-шарасын қолдап келеміз. Бүгінгі көрменің де үлкен дайындықпен істелгені көрініп тұр. Адамға ой салатын осындай жобалар көбейе берсін деген тілек айтамын», – деді.
«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы Ақнұр Тұрдалиева: «Өздеріңіз білесіздер, біздің ұйым балалармен жұмыс істейді. Сіздер айтқан құндылықтарды балалардың бойына сіңіреміз. Балаларды дұрыс бағытқа бағыттау – біздің басты міндетіміз. Сіздердің артықшылықтарыңыз – сана-сезімі, өзіндік көзқарасы қалыптасқан үлкен адамдармен де жұмыс істейсіздер. Бұл оңай жұмыс емес. Сондықтан атқарып жатқан істеріңіз орасан. Осындай жұмыстарды атқаруға күш-қуат тілеймін», – деді.
Бұл көрменің ерекшелігі сол – мұнда мағыналар материалданады. Яғни жоба авторлары «ой-пішіндер» арқылы мағыналық трансформацияның тірі жүйесін ұсынуға тырысқан. Сондай-ақ көрмеге қойылған киімдер, түрлі нысандар мен визуалды бейнелер көрерменнің санасына салмақ салып, түрлі көңіл-күйге жетелейді. Яғни бұл көрмеде дизайн, әрекет және эмоция бірігіп, сол арқылы көрерменге ой салып, ерекше сезім сыйлайды.
«Cенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жансая Бердімұраттың айтуынша, «Senimen» көрмесі – ой толғатып, түйсік тереңіне үңілетін кеңістік. «Бұл кеңістік – өткінші болса да, тоқтаусыз құбылып тұратын тірі орта. Осында әр ой өз пішінін тауып, әр пішін адам жанындағы сырды түртіп, көңіл отын тұтататын мазмұнға айналады» дейді ол.
Ұйымдастырушылардың жеткізуінше, көрменің мақсаты – адам мен заттың арасындағы жанды байланыс алаңын құру. Көрме өз мақсатына жетті деуге болады. Себебі көрмені тамашалаған әр адам мұндағы әр дүниенің үнін естиді, ұстап көріп, сезініп, өз танымын артырады. Сол арқылы түрлі әсерге бөленіп, түйсігінде тебіреніс пайда болады, жан дүниесі өзгеше сезімге бөленеді.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар ойдың пішінін сезінуді мақсат еткен. Жансая Бердімұраттың айтуынша, ойдың пішіні – бейне, әрекет және адамның ішкі сезімі тоғысқан зат. «Ол жай ғана көзге әдемі көрінетін бұйым емес, адамның жан дүниесін түрткілейтін, көңіл күйін өзгертетін ерекше нысан деп қабылдауға болады. Біз осы жерде күнделікті қолданатын қарапайым заттардың терең мағынаға ие болып, адаммен іштей сөйлесетін ортаны құрып отырмыз. Яғни, ол сіздің өзіңіздің ішкі үніңізбен сөйлеседі» дейді «Senimen Болашақ» басшысы.
Ойдың пішіні толыққанды жұмыс істеуі үшін бірнеше бөлімнен тұратын орта жасалған. Мұндағы әр бөлім, яғни аумақтың өзіндік сыры бар. Сол себепті көрмеге келген алам көрермен ғана емес, ой пішінінің тікелей бір бөлігі болып шығады. Бір жаңалық ашқандай сезімге бөленіп, ішкі бір түйсігі оянғандай әсерге бөленеді. Көкшетаулық ардагер ұстаз Шолпан Ешкеева – сондай әсер алған көрерменнің бірі. «Осы көрмеден рухым көтеріліп, біраз ойлар туындап отыр. Бұл өте мағыналы, сапалы, саналы жоба екен. Осындай іс-шаралар жиі өткізілсе, мыңдаған адамның санасын оятады деп ойлаймын. Бұл жобаны өте жоғары бағалаймын, өте құнды деп санаймын. Жоба өрге өрлеп, әрі қарай жақсы ойлар тудыра берсін. Осындай жобаларыңыз мол болсын, өмірлеріңіз өнегемен өрілсін!» деген жүрекжарды тілегін жеткізді Шолпан Ешкеева.
Сонымен қатар көрмеде «Тектілер ту көтереді», «Өзіңді тап, өзегіңе орал», «Дастарқанда өсек емес, өсиет айтайық», «Ой айту емес, ой ояту» деген тақырыптардағы иллюстрациялар қойылған. «Тектілер ту көтереді» тақырыбын Жансая Бердімұрат: «Тектілік – қоғамды өркендету мен игілікке жетелейді, қажетсіз шу шығармай, туды көтеріп, халықты бір бастама астында біріктіретін символ ретінде, бір мақсатпен-жарқын болашаққа қарай жүруді білдіреді» деп түсіндірді. Оның айтуынша, бұған «Шаңырақ» иллюстрациясын көрген адам көз жеткізеді.
«Шаңырақ» иллюстрациясында жер шарын бейнелейтін шеңбер бейнеленген. Оның бір жартысында отбасылық амандықтың, бейбітшілік пен тыныштықтың нышаны ретінде көтерілген шаңырақ бейнеленсе, екінші жартысында құлау мен жанжалды білдіретін төңкерілген шаңырақ бейнеленген. Көтерілген шаңырақ жағында «Текті адамдар» (тектілер) деген жазу бар. Демек қоғамда текті тұлғалар ғана тәртіптің терең орнығып, елдің дамуына әсер ете алады деген ұғым шығады. Сол секілді төңкерілген шаңырақта «Тексіздер» деген жазу жазылған. Яғни тектілік жоқ жерде тәртіп, келісім және өркендеу мүмкін емес деген ұғым шығады. Иллюстрацияны көрген адам қай жағында болуы керегін өзі таңдайды.
Мұндағы көпшілікке ұнаған тақырып – «Дастарқанда өсек емес, өсиет айтайық». Көрмеге Павлодар қаласынан келген блогер Кәкім Бәкіжан Берікұлы: «Бүгінде әлеуметтік желілерді ашып қалсақ, үнемі әртүрлі өсек-аяңдар жүреді. Ондай әңгімелерден адам мезі болады, шаршайды. Өнегелі дүниелер естігің, соларды бөліскің келеді. Осы тұрғыда бүгінгі концепцияның өзі керемет. «Дастарқан басында өсек емес, өсиет айтайық» тақырыбының өзі ғажап. Расында дастарқан басында тәрбие беріледі. Ата-аналар бүкіл болмысымен балаға үлгі болуға тырысады. Сондықтан үлкен адамдармен дастарқан басында отырудың орны бөлек. Кезінде Құнанбай сұлтан үлкендер отырған жерге Абайды алып кететін. Өйткені ол жерде керемет өсиет сөздер айтылады. Ол тәрбиенің бір үлкен бөлшегі болатын», – деген салиқалы ойын білдірді. Расында, дәстүрімізде барлық маңызды шешім дастарқан үстінде қабылданған. «Дастарқан» иллюстрациясында әр сәттің қымбат екенін білдіретін құм сағаты бейнеленген. Бұл сурет көрерменге құмның әр түйіріндей уақыттың құндылығын да бағалап, жанның игілігі үшін пайдалану керектігін еске салады.
Қорыта айтқанда «Senimen мағына лабораториясы» иммерсивті көрмесін мағынаның қалай туатынын, оның материяда қалай көрініс табатынын және қайта адамға түрленген күйде қалай оралатынын көрсету талпынысы деп қабылдадық. Көрермендердің залдан керемет көңіл-күймен шығып бара жатқанын байқадым. Демек көрме ұйымдастырушылары өз мақсат-мұратына жетті деген сөз.
Ықылас РАХМАН