×

Алматы облысында жастар инфрақұрылымы жаңаруда: Қарасайда жаңа орталық ашылды

Қазіргі таңда Алматы облысында 432 мың жас өмір сүреді

Алматы облысында жастар инфрақұрылымы жаңаруда: Қарасайда жаңа орталық ашылды
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы облысында халық саны мен жастар үлесі ең жоғары саналатын Қарасай ауданында Тәуелсіздік күні қарсаңында Жастар ресурстық орталығының жаңа екі қабатты ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заманауи талаптарға сай салынған екі қабатты Жастар сервистік орталығының ашылуы – Мемлекет басшысының жастарға арналған қазіргі заманғы инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам.

“Қазіргі таңда Алматы облысында 432 мың жас өмір сүреді, оның 82 мыңнан астамы Қарасай ауданында тұрады. Жаңа орталық жастар үшін шығармашылық, білім алу және спорт алаңына айналып, жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесі және кәсіпкерлікті дамыту бағытында тегін кеңестер ұсынатын болады”, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев.

Аумағы 1 000 шаршы метрді құрайтын ғимарат заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және бірнеше маңызды сервисті бір кеңістікке біріктіреді. Мұнда Мансап орталығының, «Отбасы банкінің» және Жастар денсаулығы орталығының мамандары жұмыс істейді. Бұл жастарға қажетті қызметтерді ұзақ күтусіз әрі оңай алуға мүмкіндік береді.

Орталықтағы басым бағыттардың бірі – әлеуметтік шеберхананың жұмысы. Мұнда жас қыз-келіншектер мен аналар тігін және пішу дағдыларын тегін меңгере алады. Бұл өз кезегінде өзін-өзі жұмыспен қамтуға, қосымша табыс табуға және әлеуметтік бейімделуге, әсіресе осал санаттағы жастарды қолдауға жол ашады.

2026 жылы орталықта дыбыс жазу студиясы мен подкаст аймағын жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл креативті индустрияның дамуына серпін беріп, жас таланттардың заманауи медиа құралдарға қолжетімділігін арттырмақ. Сонымен қатар орталық базасында оқыту бағдарламалары, мәдени іс-шаралар, психологтар, заңгерлер және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі мамандардың кеңестері ұйымдастырылады.

Алматы облысының жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметовтің айтуынша, жастар инфрақұрылымын жаңғырту жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді:

“Соңғы екі жылда облыс әкімдігінің қолдауымен жастарға арналған кеңістіктерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Бүгін Жастар ресурстық орталығының төртінші жаңа ғимараты ашылды. Қонаев қаласы мен Іле ауданында заманауи коворкинг орталықтары жұмыс істеп тұр. Ал 2026 жылы Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында осындай орталықтар ашылады. Бұл жастар инфрақұрылымын толық жаңартып, олармен тиімді жұмыс жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді”, – деді ол.

Жастар орталықтары желісін кеңейту өңірді дамыту стратегиясындағы негізгі бағыттардың біріне айналып отыр. Жаңа кеңістіктер белсенді ұрпақты қалыптастыруға, жас көшбасшыларды қолдауға, әлеуметтік және шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға әрі жастарды облыстың дамуына кеңінен тартуға жол ашады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →