Қазақстанда ақылы автожолдарда жүру тәртібі мен төлем жасау мерзімі қайта қаралады. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа ереже жүргізушілерге төлем жасауға көбірек уақыт беруді көздейді.
Қазір қолданыстағы тәртіп бойынша, егер жүргізуші жол ақысын 7 күн ішінде төлемесе, 8-ші күні материалдар әкімшілік іс қозғау үшін көлік бақылау органдарына жіберіледі.
Министрліктің мәліметінше, енді бұл мерзім ұзартылады:
«Жаңа ережеге сай, егер жеке тұлға жол ақысын 30 күн ішінде төлемесе, материалдар тек 31-ші күні ғана көлік бақылау органдарына жолданады», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, жеке және заңды тұлғалар үшін төлем тәртібі бөлек қарастырылады. Егер заңды тұлға төлемді есептік айдан кейінгі айдың 20-на дейін жасамаса, материалдар келесі күні бақылау органдарына жіберіледі.
Қолданыстағы заңнама бойынша, Ақылы жолдар үшін төлемді уақытында жасамау (Әкімшілік кодекстің 628-бабы) мынадай айыппұл қарастырады:
жеке тұлғаларға – 5 АЕК (шамамен 19 мың теңге),
заңды тұлғаларға – 10 АЕК (шамамен 39 мың теңге).