×

Тәуелсіздік мұраты: Мәңгілік ұлттық мемлекет құрудың қамы қандай?

Бұл – рухани, мәдени, тарихи тұрғыдан жаңару үдерісі

Тәуелсіздік мұраты: Мәңгілік ұлттық мемлекет құрудың қамы қандай?
Ашық дереккөздерден

Тәуелсіздік – ұлттың өз болмысын, рухани келбетін, тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтап қалуы үшін ең басты құндылық. Тәуелсіздік таңы атып, еліміз еркін тыныстай бастаған тұста, мемлекет ұлттық негіздерге бет бұрып, өзінің тарихын түгендеп, ұлттық жадты жаңғырту жолына түсті. Егемен ел болу – тек мемлекеттік шекараны анықтау немесе дербес саясат жүргізу ғана емес, бұл – рухани, мәдени, тарихи тұрғыдан жаңару үдерісі деп ұғамыз. Ал Мәңгілік ел болудың және ұлттық мемлекет құрудың қамы қандай? Тәуелсіздік пен ұлттық рухтың үндескен тұсы не? Қазіргі қазақтың ұлттық болмысы қандай, өзгердік пе? Qaz365.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

«Әкеден бала ойы өзге»

– Сіз үшін тәуелсіздік пен ұлттық рухтың үндес тұсы қандай? Қазіргі қазақтың рухани төл болмысы, ұлттық келбеті өзгерді ме?

Тұрсын Жұртбай, ғылым докторы, абайтанушы және алаштанушы ғалым, жазушы:

– Мен үшін тәуелсіздік пен ұлттық рух бір ұғым. Өзінің қадірі, қасиеті, киесі жағынан және ішкі қуаты жағынан олар – толықтай тұтасып жатқан рух. Ол рух тәуелсіздікке әкеледі. Бағынышты сана ешқашан тәуелсіз рух болып жарытпайды. Тәуелсіз сана, тәуелсіз өмір, тәуелсіз кеңістік тәуелді рухты сіңірмейді. Былайша айтқанда, қанша тәуелді рухты тәуелсіз санаға әкеп телісең де, олар бір-бірін қанағаттандырмайды. Сондықтан да тәуелсіз ел, тәуелсіз сана, тәуелсіз рух – бір ұғым. Шын тәуелсіздік бар немесе жоқ, шын тәуелсіз рух бар немесе жоқ. Ал тәуелді сана, тәуелді ой, тәуелді қоғам болған жерде ешқандай дербес, тәуелсіз рух болмайды. Тәуелсіз рух болады, ол күреседі, бұл – күрескер рух мәңгілік кеңістік пен уақыт арасындағы қайшылық пен үйлесімдіктер. Жеке біздің қоғам тұрғысынан алғанда осындай.

Біз тәуелсіз елміз, бірақ саяси тұрғыдан алғанда толық тәуелсіздіктің шарттары толық тәуелсіз рух деңгейіне көтерілген жоқ. Оған мысал келтіруге болады және оп-оңай, есік алдына шық, кез келген үйдің немесе кеңсенің ауласына, өкіметтің үйіне кір, дәлізінде тұр, не естіп, не көресің. Бір-бірімен 80 пайыз орысша сөйлеп, жауап беретін, «қазақша сөйлеші» десең, «нең бар еді» деп қабағын түйіп, шамырқанған қоғамды көресің. Яғни миы баяғыда шоқынып кеткен, Қазақстанды экономикалық пайда, тұтынушы мемлекет ретінде ғана түсінетін қоғамды көресің. Өзі қазақ болса да, онда жан жоқ, тәуелсіз жан жоқ. Өз бетінше ойлап, қазақтың ертеңгі болашағын көре алмайды, рухы тәуелді. Сондықтан да толық тәуелсіздік пен толық рухани бостандықтың мәселесі өте үлкен. Неге? «Шынның көзін бояйды» дейді, біз өзіміздің ұлттық рухани тәуелсіздігіміз бен жан бостандығымызды жанама жалға құрылған сылтаулармен айырбастап алып жүрміз.

Қазіргі уақыттағы қазақтың ұлттық болмысы, рухани төл қасиеті, ұлттық келбеті қалай өзгерді? Бұрынғыдан айырмашылық бар ма? Нақты мәлімет ретінде айта алмаймын, бірақ оқиғаны күнделікті тіршілік пен көз алдымыздағы көрініспен, қолданыстағы іс-әрекетпен, араласқан алыс-жақынмен арадағы байланыстарды салыстырып, оларды ойлармен тоғыстырып, електен өткізгенде, менің ойымша, 1992 жылғы қазақ бүгінгі қазақ емес. Сол кездегі Тәуелсіздік деп, Желтоқсан деп рухы буырқанғандардың ішкі көзқарастары, сана дәрежесіндегі толғаныстары бүгінгіден мүлдем басқа еді.

Біз қалай ұрпақтың арасын салыстырамыз, тілдегі өзгеріс – адамның ойын ұрпақ пен ұрпақтың арасындағы ұлттық сана, ойлау жүйе, дүниені қабылдау, тәрбие, әдеп, іс-әрекеттің бөлінуіне әкеліп соғады. Абайдың «Әкеден бала ойы өзге» дейтіні осы. Бұл, менің ойымша, әдет пен ділге әсер етеді, діл мен әдептің ортасындағы адами қасиеттер жойылғанда, ол адам да толығымен өзгеріп бітеді. Енді, мысалы, әдебінен бастап діліне дейінгі аралықтағы ұлттық қасиеттер сезімдер, сыйластықтар, кішілік, тіл тағы басқа жойылып бітсе, онда ештеңе де қалмайды. Оралханның «Атау кере» деп жүргені сол. Бұратана ұлт қалай пайда болады? Сондықтан ұлттық ішкі ділді қалпында сақтап, бетбұрыс жасамай, сілкіндіріп, тітіркендіріп, мойындаттырып, шешім қабылдатып және оны зорлықпен емес, ұлттың әрбір мүшесін өз еркімен ұмтылдырмай, біздің қоғам толықтай қазақ рухты қоғам болмайды. Бұл қауіпті мәселе.

Роза Мұқанова, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург:

Тәуелсіздік пен ұлттық рух үндес ұғым. Тәуелсіздіктің ұлт сеніміне, сана азаттығына жол ашқаны рас. Тәуелсіздікке қолымыз жетті, бұл ұлтымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы еді деп құшағымызды аштық, құлашымызды кеңейттік. Арманымыздың асуы – тәуелсіздікті мәңгі сақтап қалу.  Маған кейде тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, болашақта оны сақтау кезеңі күрделене түсетіндей, көңіліме көлеңке түседі. Секем алатыным да, алаң болатыным да  рас.  Бұл азаттығымызды біреу келіп, тартып алады деген уайым емес, керісінше тәуелсіз, байтақ ел болуға әуелі, біз өзіміз ынталымыз ба?... Егер өз ұлты  өз тілінде сөйлегісі келмесе, ондай халықтың тәуелсіз ел болып қалуға болашақта мүмкіндігі бар ма?..  Өзінің тарихын, әдебиетін, киносын, мәдениетін, дәстүрін білуге енжар ұлттың тәуелсіздігін сақтау үшін күресе алар қауқары бар ма?

«Егер әркім елдегі өзгерістерге өзінің жеке ісі ретінде қарайтын болса, онда біз шынымен жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы түсінуі тиіс», – деді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Демек, әр қазақ мемлекетіміздің тәуелсіздігі жолында жеке басымызды қалай қорғасақ, тәуелсіздік жолында да дәл осы ұстанымда болуымыз керек.

Қорыта  келгенде, ғасырлар бойы  тұмшалаған қайыс қамытты сыпырып тастайтын дәрежеге жеттік пе, жетпедік пе? Жерді, тілді, ұлттық құндылық –салтымызды  сақтауға ықпал мен ынта қалай болып тұр? Ынталы болса, бұ  халық өз тілінде сөйлеуі керек еді ғой, өз жерінің қадірі мен құнын өзі-ақ білер еді ғой. Өз  ұлтының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінен гөрі өзге елдің   қаңсығы таңсық болып, өзге жұрттың бізге мүлде жат дәстүріне құштарлықтың артуы қалай деп ойлаймын...

Бекен Қайратұлы, журналист:

– Жалпы, тәуелсіз мемлекет болады және жеке тұлға тәуелсіздігі деген болады. Мемлекет тәуелсіздігі, бізде, бар. Яғни Туымыз желбіреп тұр, Әнұран шырқалып тұр. Жеке дара ұстанған саясатын жүргізген, экономикалық тұрғыдан дара елміз. Бірақ мемлекеттік тәуелсіздік пен жеке тұлға тәуелсіздігі деген екеуі екі бөлек нәрсе. Мемлекет тәуелсіз болуға болады, жеке тұлғаның тәуелсіз болуы өте қиын. Былайша айтқанда, тастар жиналып тау тұрғызады.

Негізінен жеке адамдардың тәуелсіздігінен мемлекет тәуелсіздік құра алады. Әрбір жеке тұлға тәуелсіз, өз тілін білетін, елін сүйетін, еліне деген ықыласы мол және елінің оған деген ықыласы, оған деген әділдігі, оған деген қамқорлығы оның еліне сүйіспеншілігін оятатын, елі мен мемлекеттің арасындағы байланыс. Ешкімнен қорықпайтын, жасқанбайтын, өзінің тәуелсіздігін нық ұстайтын азамат ретінде, халық ретінде, қазақтың тұлғасы ретінде мен осындай ұлтпын, осындай мемлекеттің ұлымын дейтін ұлы мұраты болмайынша, ол адамда жеке тәуелсіздік болмайды. Ал  осындай ұлы мұраты бар жеке тәуелсіз тұлғалардан жиналып, он, жиырма, отыз, қырық, елу... миллионға жеткенде, мемлекеттік тәуелсіздік қалыптасады. Қазір осы жеке тұлғаның тәуелсіздігі жоқ. Мемлекеттік тәуелсіздік бар. Демек, жеке адамның тәуелсіздігі жоқ, жеке тұлғалық тәуелсіздігі жоқ мемлекеттің тәуелсіздігі баянды болмайды. Біздің тәуелсіздіктің бір кемшін тұсы бар, ол жеке тұлғалардың тәуелсіздігін қалыптастырмаймыз, оларға тәуелсіздікті сіңірмейміз. Егер осыны қолға алмасақ, керек кезде, қажет болған сәтте күресетін адам қалмайды деген сөз.

Ал қазақтың ұлттық келбеті дегенге келсек, бұлыңғырлану деген болады. Бұлыңғырлану деген танымастық, өң-түсі білінбейді. Бұрын қазақ қазанындағы мөлдір су сияқты біртекті халық болатын. Сол қазандағы мөлдір суға бір уыс қызыл бояу құйып жібер, қызарады. Қоңыр бояу құйып жібер, қызыл қоңыр болады, үстінен көк бояу қос, төртінші, бесінші бояудан кейін қазандағы судың түсі қандай екені білінбейді. Сол сияқты біздің рухани келбетіміз бұлыңғыр, осыны тұндыру керек. Тұндыру үшін не істеуіміз керек? Мемлекеттік бағдарлама керк, орта мектептегі бағдарламаларда ұлттық рухты, ұлттық келбетті, ұлттық болмысты, ұлттық дәстүрді, ұлттық мінезді, этнографияны бағдарламалы түрде оқыту арқылы тұндыру керек. Ұлттық білім жүйесі қалыптаспайынша, ұлттық рух болмайды, ұлттың келбеті қалпына келмейді. Оны жеке тұлға істей алмайды. Мемлекет осыны істеуден жасқанады немесе істегісі келмейді. Осындай бұлыңғыр адам танымастай келбетті кейбіреулер ұлттық бояу осылай болуға тиіс екен деп ойлайды. Бұл ұлы құлдық жүйеден қалған белгі.

Кеңес Одағында «жағымсыз» кейіпкер болған жоқ

– Тәуелсіздіктің елең-алаңында қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттердің ашылып, зерттелуі, алаш арыстарының ақталуы ұлттық жадымыздың жаңғыруында қандай рөл атқарды?

 Тұрсын Жұртбай:

Қаншама кеңестік жазалау идеологиясының ықпалында кеттік дегенмен де тәуелсіздік рухы қазақ зиялылары мен оқығандарының және қарапайым жұрттың, бұқараның арасында ешқашан да ұмытылып қалған жоқ. Ол жанның түкпірінде күнделікті жұтқан ауа мен сезім арқылы шығып отырды. Тек бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айтылып, теориялық еңбектерде жазылмады. Дегенмен өктемдікпен жазылған идеологиялық әдебиеттердің әсері басқа.

Қазақ интеллегенті, мен білгенде, үнемі тәуелсіздік идеясын ішінен қалап және оны сенген адамдар, сеніскен достар, сеніскен ұстаз бен шәкірттердің арасында сақтады, өрбітті. Егер де алаш идеясын, тәуелсіздік идеясын мектептегі алдыңғы қатарлы ұстаздар шығармаларды талдау арқылы жеткізбесе, онда мен неге 8 сыныпта алаш идеясын насихаттайды деп мектептен шығып кеттім... Кім үйретті маған? Мектеп қабырғасында ұстазым Жәңгір Йсайынова Абай жолындағы көркем шығарманы талдау арқылы идеяны сіңіріп отырды. Бірінші курстың аяғында Қайыржан Бекхожин (менің шет тілім араб тілі болды) жеке шақырып алып, ректор Өмірбек Жолдасбековтен қолын қойғызып тұрып, ұлттық кітапханаға апарып, арнайы бөлімнің жасырын – алаш қайраткерлерінің әдебиеттерін бір жыл оқытып сынақ алды. Менен бұрын мұнда Рымғали Нұрғали оқыды. Оған Бейсенбай Кенжебаев айтты, Бейсенбай Кенжебаев одан бұрын Мұқтар Мағауинге де үйретті. Ал Мырзатай Жолдасбековке ол идея қонбады. Сондықтан да бұл өзі дәстүрлі және өзеннің астындағы жасырын толқындар сияқты үстіңгі толықынмен бірге жүріп отырды деп ойлаймын.

Ол кезде жазушылардың және оқырмандардың талап-деңгейі жоғары болатын. Сол арқылы идея үздіксіз жүргізілді. Көркем шығармада жағымсыз кейіпкерлер арқылы өмірлік, шындықты идеяны ашты. Мысалы Әзімхан образы, оның айтқан сөздері арқылы алаштың бүкіл бағдарламасын санмен айтады, Мұхтар Әуезов. Мағжанның поэзиясы туралы, «Мағжанның шығармалары басылмасын» деп қаулы қабылдап отырған Сәбит Мұқанов, Мағжан туралы барлық шындықтарын – буржуазияшыл, байшыл, махаббатшыл ақын еді деп жамандап отырады. Бірақ сол арқылы Мағжандарды білесің, танисың.

Мен сын бөлімінде 15 жылдай істедім, әдебиет туралы қаулы шықты 74 пе, 77 жылдары, сонда Мәскеуге шақырып алып, жағымсыз кейіпкерлерді талдамаңдар дейтін. Өйткені кеңес одағында жағымсыз кейіпкерлер жоқ, олар жағымсыз кейіпкер арқылы бізге жат идеяны насихаттап жүр еді дейді. Мысалы, Сәкен Жүнісовтың ең кеңестік салтанатты баяндаған «Жапандағы жалғыз үй» тың көтеру, махаббат, машақат тақырыбына жазылған. Бірақ ешкім түсінбейді, шығарманың идеясын ұқпайды. Мәселен, шығармада орыс мұжығы мен қазақ күзетшісі екеуі миллиард пұт астық алғаннан кейін қырманда қалып, тойлап отырады. Сонда орыс айтады: «Біз жеңдік қой» деп, қазақ айтады: «Әй, қалай жеңдіңдер» деп... Орыс мұжығы: «Сендер кеше мен қара шекпен болып келгенде, мынау бабамның жері, анау атамның жері деп жолатпай қуып едіңдер, қазір сенің атаңның зиратын қосып жіберіп, міне, егінге бықтырған самагонды ішіп отырмыз» дейді. Қазақ күзетші: «Әй, ол ақ патша, мынау Совет Одағы ғой, қалай» десе, орыс мұжығы «Бәрібір емес пе, ақ орысы не, қызыл орысы не, орыс болса болды, біздің жеңгеніміз» дейді. Міне, жағымсыз кейіпкердің аузына салып, идеяны сіңіру.

Алаш арыстары оп-оңай ақталған жоқ. Шын мәнісінде алаш арыстарының ақталуына біз бүгінде жиі сынайтын Олжас Сүлейменов көп үлес қосты. Нақтырақ айтсақ, 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында. 2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында. 3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында маған Праволық комиссия құруды тапсырады. Сөйтіп, алаш 1988 жылы 24 сәуірде ресми ақталды. Ол хат дайындалып, Орталық комитетке жіберілді, әйтеуір, істің оңтайлығына қарай Өзбекәлі Жәнібеков хатшы, Сейіт Қасқабасов кеңесші болып барды. Сол арқылы енді «қылымысы жоқ деп  ресми түрде саяси тұрғыда ақтайық» деп Жабайхан Әбділдин бастаған үкімет комиссиясын құрып, олардың еңбектерін жариялауға болады деген қаулы қабылданды. Қаулы болмаса, ақталмайтын да еді, солай қарашада алаш ақталды. Ал осыған қаншама қарапайым адамдардың еңбегі сіңді.

Қазір рулық сана, жүздік сана бірінші орынға шығып алды, енді одан айырылу қиын. Егер оның барлығы қазақтың басын біріктіру үшін жұмыс істесе, онда мен қолдаймын. Аз қазақты бөліп, дода-додасын шығаратын рушылдыққа қарсымын. Қазіргі жағдайдағы рушылдыққа төбе шашым тік тұрады. Сондықтан бүгінгі жағдайдағы алаш идеясының жүзеге асуы қандай дегенде, қанағатсыздық деп жауап беремін.

Роза Мұқанова:

– Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы ұлттың рухын да сенімін де күшейтті. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен артық арман жоқ еді. Азаттық жолында аш қалсақ та,  көшке ілесіп бой түзеп аламыз деген ұлы сенім болды.  Алаш арыстарының рухы тірілді, олардың соңына айтып кеткен өсиеті, шығармалары жарыққа шықты, архивтегі темір құрсауда жатқан құпия  құжаттардың сыры  халыққа кеңінен таралды. Тарихи шындық әділ бағасын алды. Жабық тақырыптардан маһрұм болып келген халық рухани құндылықтарға шөлі қанғанша құмартты, шын мәнінде ұлт оянды.

Ғылымда, әдебиетте, кинода, театрда (ғалымдар, жазушылар, драматургтер) маңдай тер ақысын сұрамай еңбек етті, бар мүмкіндігін сарп етті. Өз елім деп, өз елінің болашағы жолында жанын садаға еткен зиялы қауым өкілдері тұрды. Іргелі жұмыстар атқарылды. Қытай, түрік, еуропа елдерінен қазақтарға қатысты архивтерге қол жетті. «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асты, алаш арыстарының еңбектері жарыққа шықты. Ол кезде алаш қайраткерлерінің де, 1937 жылғы репрессияға ұшыраған көрнекті ақын-жазушылар мен мемлекет қайраткерлерінің зайыбы мен ұрпақтары әлі де өмірде бар болатын. Тәуелсіздіктің арқасында бүгінгі күнге дейін  қол жеткізген табыс та аз емес. Осы еңбектердің арқасында қазақ халқының жоғалтқаны қайта табылып, өшкені қайта тірілгендей күн болды. Бүгінгі күнде осы тақырыптардың әдеби шығармаларға, көркем туындыға айналуының басты себебі мемлекет тарапынан архив мұрағаттарының ашылуына ықпал етуі еді.

Бекен Қайратұлы:

– Әлемде мынадай қағидат бар, «Жеңілгеннің тарихын жеңген жазады». Жеңімпаздың тарихы жеңілген адамға оқытылады және шынайы тарих ретінде қалыптастырылады. Яғни отарлау тарихында жеңілген халықтың түрі де, тарихы да, мазмұны да, дәстүрі де – ұлттың өзінен өзі жеруін, өзін өзі жоққа шығаруын, өзінен өзі жиіркенуін тудырады. Біз сондайды бастан өткерген халықпыз және өзімізден өзіміз жеріген халықпыз. Біз тәуелсіздік үшін күрескен тұлғалардың амалын, әдістемесін және арман-мұратын, істеген ісін үлгі тұтуымыз керек. Олар кім? Ол – алаш арыстары. Алаштың ақталуы –  негізінен біздің ұлттық жаңғыруымыздың бірден бір тетігі еді. Мысалы, Сұлтанмахмұд Торайғыровтың алаш туралы айтатыны бар, «Халқы үшін шам қылған жүрегінің майын» дейді. Ауылда, қырда өскен баламыз ғой, шам таусылып қалса, майдан білте есіп, шам жасайды. Жарықта тамақ ішеді, жарықта кітап оқиды, жарықта бір бірін көреді. Сол сияқты жүрегінің майын білте жасап, шам қылған алаш арыстары еді ғой. Осыны үйрену арқылы, осылардың мақсатын үйрену арқылы, жаңғырту арқылы, біз, өзіміздің бойымызға қажет дүниені, арманымызға қажет дүниені, алға ұстайтын бағдаршамды жасай алар едік. Бірақ қазіргі таңда алашты зерттеу модаға айналды. Алаш деп айқайлау қайреткер болудың, алаяқ болудың, «ұлтын сүюдің» ұстынына айналды, бірақ ешкім ұлтын сүйіп жатқан жоқ. Алаш деп айқайлаушылар тобы қалыптасты, алаштың атын ұстау арқылы өзін мақтауға айналды, ең қасірет осы.

Ұлттық құрылтайдың пәрменді болғаны керек

Егемендік тарихындағы рухани-мәдени жаңғыруда Ұлттық құрылтайдың құрылуын ұлттық институттың билік жүйесіне жанасуы деп қарастыруға бола ма?

Тұрсын Жұртбай:

– Осы 34 жыл тәуелсіз уақыттың ішінде қаншама жақсы бастамалар болды. Зиялылардың басы қосылып жақсы бағдарламалар қабылданды. Ал ол жұмыс тұрақты және ғылыми тұрғыдан шешілуі керек еді. Мен үгіт-насихат құралын ғылыми жұмыстан бөліп тастар едім. Керек түсінемін оны, бірақ қазіргі осы даңғара ғылыми нақты шешімдерге келуге бөгет жасайды. Сондай жақсы бір қоғамдық ойдың басын біріктіру мақсатында құрылған жоба –Ұлттық құрылтай.

Ал сол Ұлттық құрылтайдың жиналыстарын, сөздерін, не істеп, не қойды деген жайлардың ұзын ырғасына көз салғаным бар. Шынын айтайын, Ұлттық құрылтайдың нақты пәрменді ықпалын өз басым сезініп көрген жоқпын. Өйткені ұлтқа жаны ашиды деген адамның біреуі мен де сезінуім керек қой, оны. Қай жағынан алып қара, тек бір жиналыстан екінші жиналыстың тақырыбы өзге, ағымы, мазмұны біреу, ақыры қол шапалақтаумен аяқталады. Сол қол шапалақтаумен бірге нәтиже де жойылады. Өздерің қай құрылтай қандай шешім қабылдап, ұлтқа не берді естеріңе түсіріп көріңдерші. Менің есімде жоқ. Сондықтан да ұлттық құрылтайдың пәрменді болғанын қалар едім.

Қазақстан ұлттық мемлекет ретінде өмір сүруі үшін қандай алғышарттар қажет, бұрын да, кейін де, қазір де, ертеңгі күнде де – менің ұсынып, айтарым бар. Ол біртұтас алаш идеясы, соны жүзеге асыру керек. Өйткені біртұтас алаш идеясы бір күнде емес, ғасырлар бойғы жиылған және сол бар ұлт тәуелсіздікке ұмтылып жатқан ХХ ғасырдағы империялық бұғаудан құтылған елдердің алдында қандай міндеттер қойылды, солардың барлығы жинақталып, жасалған қорытынды. Бірінші жер, жер және жер. Жер – бүкіл ұлттың тұстастығына кепілдік беретін кеңістік. Ол жекеменшікке берілмеуі керек.  Жер – Отан, жерді сатқан Отанын сатқанмен бірдей. Егер жердің реформасын біз толығымен деколонизациялық дәрежеге дейін игеріп алмасақ, онда бұл мемлекеттің өзін өзі билеуі сырттың ықпалынан ешқашан шыға алмайды. Келесі қазақ болып қалу үшін дәстүрге негізделген заң орнау керек. Сонда ғана Қазақстандағы қазақ ұлтының мүддесін толық сай дәстүрмен билейсің. Қазақстанда тіл, дін, діл үстемдігі болу керек, қазақы менталитет көшеге шыққанда базарда да, көшеде де, саудада да қазақаша үстем болуы керек. Тәуелсіз ғылым, тәуелсіз экономика болу керек, ол өркендеп даму керек. Бізде бәрі мақтап келіп, ләмге құрылып, шапалақпен аяқталады. Мен нақты тәжіриебені айтып отырмын. Біздің мақсат ұлттық демократиялық мемлекет құру болуы тиіс.

Роза Мұқанова:

– Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі болып қалыптасты. Ұлттық құрылтайдың ең бір ерекшелігі Мемлекет басшысының тікелей қатысып, диалог құруында. Осының арқасында шешімін таппай тұрған аймақтағы мәселелердің тікелей, ашық айтылуы және жылдам шешілуі Ұлттық құрылтайдың маңыздылығын көрсетеді. Халық пен билік бірін-бірі естиді. Сонымен қатар мемлекет алдында жүктелген жұмыстар жүйесінің қателіктері де құрылтайда ашық меңзеледі. Бұл – жалпы ұлттық ауқымдағы  әділетті, еститін қоғам жүйесінің бірден-бір тетігі. 

Бекен Қайратұлы:

Қазақ қоғамында мың жылдықтар, оған дейінгі ғасырлық ұзақ тарихымыздағы ғұндардан, түріктерден қалыптасып қалған билеу тетігі болды. Отарлану арқылы солардың бәрі бұзылды. Бұзылған институттар, қоғамның жіктері, қоғамның қалыптасып қалған ұлы буындары жойылды. Мысалы, ақсақалдар иституты болды. Олар бәрін басқарып отыратын, шешім шығаратын және пәтуа беріп, шариғат жолымен негіздеп, былайша айтқанда, қазақтың дәстүрі мен шариғат қабысып жатты. «Батырлар институты» болды, ол жауынгер рухты қозғайды, ел қорғайды, «Жеңгелер институты» ұрпақты тәрбиелейді, жастарды қосады, «Әжелер институты» болды, жалпы қазақ қоғамындағы отбасы, ошақ қасы мәселесін реттеп отырды. Осылай ғасырлар бойы өмір сүріп келген жүйе жойылды, ресейлік отарлау осыны бұзды, тас-талқанын шығарды. Мысалы бұрын келін атасының атын атамайтын. Ұят саналады. Келіннің алғырлығы келген жеріне, қайындарына, қайынағаларына, қайын сіңілілеріне ат қою арқылы парасат-пайымын, көкірегіндегі білімге ынтасын шыңдайтын, ақылы мен көкірек көзінің қаншалықты ашық екенін көретін тетік еді. Қазір атасының атын фамилия қылып алды, келіндер. Осылай ұяттың жойылуы, институттардың құруы, басқару жүйесін түбегейлі тас-талқан етіп, жойды.

 Жаңа Қазақстан територриясында, жаңа Қазақстан ұғымында, жаңа Қазақстан қоғамында Ұлттық құрылтай пайда болды. Бұл не? Парламент пе, жоқ. Парламент жұмыс істеп тұр. Коституциялық кеңес пе, емес, ол да жұмыс істеп тұр. Бұл қоғамдық ұйым, шынын айтқанда, қоғамның ойын алдау ғана. Оның шешім шығаратын үкімі бар ма, заңдық тетігі бар ма? Сондықтан ары қарай тәуелсіздікті нығайтудың ұлы жолының тетігін таппағаннан кейін істеп отырған шаралар. Мысалы «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» дедік, бұлар өте дұрыс бағдарламалар еді, этнографиялық сананы жаңғыртудың бірден бір тетігі еді. Осыны іске асыратын, осыны жаңғыртатын, осыны істей алатын адам жоқ екен. Әдіс-айласын білетін адам жоқ екен. Бөлінген ақшаны жеумен айналысты, мына қоғам. «Өлкетану» деген болды, қандай әдемі бағдарлама, «Ауыл – алтын бесік» бағдарламасы, ауылдың мәдениетін, рухани өрісін, консептуалдық тетіктерін өмірге енгізу мақсат болса, оны құдық қазып, су тартып, жол салу деген сияқты материалдық дүниемен бағалады. Қазіргі қазақ қоғамында рухани құлдыраудың шегі осыдан көрінеді.

Естеріңізде болсын, қоғам дамуының материалдық және рухани деген екі мәдениеті болады. Материалдық мәдениетіміз өсіп келеді, бірақ рухани мәдениет неге дамымайды дегенде, даму тетігін білмейміз және ол жақта алаяқ, ақша құмар менеджерлер қалыптасып қалды да, рухани адамдар шегінді. Бұларды орын орнына қоймайынша, рухани бостандық болу қиын.

Дайындаған Тілекгүл Есдәулет  

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →