Қаланың бас шыршасының биіктігі 22 метр құрайды
18 желтоқсанда Абай алаңында жаңа жылдық мерекелердің ресми басталуын білдіретін дәстүрлі қалалық мәдени шара – Алматы қаласының бас шыршасының шамдарын жағу рәсімі өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қаланың бас шыршасының биіктігі 22 метр құрайды. Оны безендіру үшін 7 километрлік жаңа жылдық гирляндалар, сондай-ақ көп түрлі жарқын декоративтік элементтер, ірі және ұсақ шырша шарлары, тақырыптық жаңа жылдық ойыншықтар және сыйлық иллюминациялары пайдаланылған.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи мультимедиялық технологиялар, ауқымды жарық элементтерімен безендіру мен қазақстандық эстраданың танымал әртістерінің қатысуымен өтетін мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Кештің маңызды сәті – қала тұрғындары мен қонақтарының және жаңа жылдың басты кейіпкері Аяз Атамен бірге қаланың бас шыршасының шамдарын салтанатты түрде жағу рәсімі болмақ. Концерттік кеш аясында Аяз Ата мен Ақшақар қала тұрғындарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, көрермендерге арналған интерактивті және ойын-сауық бағдарламаларын ұсынады.
Мерекелік кештің ашылуы қазақстандық эстрада жұлдыздары, шоу-балет әртістері мен мәнерлеп сырғанаушылар орындайтын «Кел, Жаңа жыл!» атты вокалды-хореографиялық қойылымымен басталады.
Сонымен қатар, концерттік бағдарлама аясында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, Али Оқапов, Мәди Рымбаев, «КешYOU», «Жігіттер», «Astra» топтары, Балжан Бидаш және Kodi сынды танымал орындаушылар өнер көрсетеді.
Сондай-ақ, қаладағы барлық сегіз ауданында жаңа жылдық шыршалардың шамдарын жағуға арналған салтанатты рәсімдер өтеді. Барлық іс-шаралар 18 желтоқсанда сағат 19:00-де келесі мекенжайларда ұйымдастырылады:
Жетісу ауданы – «Гүлдер» саябағы (Серіков көшесі, 2А);
Бостандық ауданы – «Атакент» КІЫО;
Әуезов ауданы – «Family Park»;
Медеу ауданы – «28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ»;
Алатау ауданы – «Алматы Арена» спорт кешені;
Наурызбай ауданы – Шұғыла шағынауданы, 347 (амфитеатр);
Түрксіб ауданы – №6 Оқушылар үйі (Сейфуллин көшесі, 13/1);
Алмалы ауданы – Абай атындағы опера және балет театры алаңы.