Рейстің уақытында ұшуы – кездейсоқ немесе өзінен-өзі болатын құбылысқа жатпайды. Оның артында рейс кестесін жоспарлаудан бастап, әуе кемесін ұшуға дайындау мен жолаушыларды отырғызуға дейінгі барлық үдерістерге жауапты ондаған маманның еңбегі тұр. Сұраныс пен маусымдылықты ескере отырып жасалған ең дәл кестенің өзі ұшу күні қалыптасатын нақты жағдайларға тәуелді.
Рейстердің уақытылы орындалуына қандай факторлар әсер ететіні және ұшуларды ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы FlyArystan әуекомпаниясы өз Telegram-арнасында бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Рейстердің уақытында орындалуы әуекомпаниялардың, әуежайлардың, жерүсті қызметтерінің және әуе қозғалысын басқару диспетчерлерінің бірлескен жұмысы арқылы қамтамасыз етіледі. Үдерістер қаншалықты жолға қойылғанымен, ауа райы жағдайлары, әуежайлардың жүктемесі, ұшу-қону жолақтарының жөнделуі, әуе кеңістігіндегі шектеулер, маусымдық жолаушылар ағынының артуы сынды бірқатар сыртқы факторлардың әсері сақталады.
Лоукостерлер үшін уақыт – негізгі ресурстардың бірі. Жоғары жүктемелі маусымда FlyArystan-ның бір әуе кемесі тәулігіне сегіз рейске дейін орындай алады, ал қонғаннан кейін келесі ұшуға дейінгі аралық 30 минуттан 45 минутқа дейінгі уақытты құрайды. Кез келген кезеңдегі кідіріс келесі рейстерге бірден әсер етіп, кесте бойынша кешігулер тізбегін тудыруы мүмкін.
Рейстің кешігуі – әрдайым мәжбүрлі әрекет әрі әуекомпания үшін қосымша шығындар әкелетін шара: жанармайдың артық жұмсалуы, экипаждардың жұмыс уақытының ұлғаюы, жерүсті қызметтеріне түсетін жүктеменің артуы және әуе паркін пайдалану тиімділігінің төмендеуі. Кестенің дәлдігі маңызды экономикалық көрсеткіш болғанымен, кез келген жағдайда, тіпті, уақытша кестеден ауытқуларды қажет етілсе де, қауіпсіздік басты басымдық болып қала береді.
Шартты түрде барлық факторларды әуекомпанияның бақылауындағы ішкі факторлар және инфрақұрылым мен ұшуларды орындау жағдайларына байланысты сыртқы факторлар деп бөлуге болады.
Ішкі факторлар
Әуе кемесінің айналымы. Рейстер арасында әуе кемесі стандартты циклден өтеді: жолаушылар мен жолжүкті түсіру, салонды тазалау, жанармай құю және келесі рейске отырғызу. Уақыт аралығы қысқа болған жағдайда барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы ерекше маңызды.
Экипаждардың жұмыс уақыты. Ұшулар халықаралық қатаң еңбек нормаларына сәйкес орындалады. Егер кешігу салдарынан экипаж рұқсат етілген жұмыс уақыты шегінен асып кетсе, оны ауыстыру қажет болады, бұл сәйкесінше кестеге әсер етеді.
Жерүсті қызмет көрсету. Қарбалас сағаттарда тіркеу бағандарында, отырғызу қақпасында және жүкті өңдеу қызметтеріне түсетін жүктеме артып, үдерістердің баяулауына әкелуі мүмкін.
Техникалық бақылау. Әр ұшудың алдында әуе кемесіне міндетті тексеріс жүргізіледі. Ақау анықталған жағдайда қауіпсіздік әрдайым басымдықта болады, яғни, ақау жойылады немесе рейске басқа әуе кемесі тағайындалады.
Жолаушылардың сұрауы бойынша және мүмкіндік болған жағдайда – жеті жасқа дейінгі балалары бар жолаушылар үшін ана мен бала бөлмесі;
Рейс мәртебесі 2 сағаттан астам уақытқа өзгерген жағдайда – салқын сусындар, ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауы (халықаралық желілерді қоса алғанда) немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама;
4 сағаттан астам кешіккенде – ыстық тамақ;
5 сағаттан астам кешіккенде – жолаушылар орын болған жағдайда ең жақын рейске бір рет тегін қайта брондауды немесе қайта брондау мүмкін болмаған жағдайда төлемді толық қайтаруды таңдай алады;
Күндізгі уақытта 8 сағаттан астам және түнгі уақытта 6 сағаттан астам кешіккенде – сұрау бойынша қонақүйге орналастыру, сондай-ақ қонақүйге дейін және кері трансфер ұсынылады.
Сыртқы факторлар
FlyArystan әуекомпаниясының 2024-2025 жылдардағы деректері бойынша, рейстердің шамамен 70%-ы әуекомпания тікелей әсер ете алмайтын сыртқы себептерге байланысты кешіккен.
Ауа райы жағдайлары. Қар, тұман, қатты жел мен найзағай – кешігулердің ең жиі кездесетін себептері. Қыс мезгілінде міндетті түрде мұздануға қарсы өңдеу жүргізіледі, ол кезекпен атқарылып, қосымша уақыт алуы мүмкін.
Әуежайлардың жүктемесі мен инфрақұрылымы. Қарбалас сағаттарда ұшып-қону қозғалысының жоғары болуына, сондай-ақ арнайы техника мен жерүсті жабдықтарының шектеулі болуына байланысты кідірістер орын алуы мүмкін. Қыс мезгілінде бұған ұшу-қону жолақтарын қардан тазалау қажеттілігі қосылады. Көктем-жаз кезеңінде ұшу-қону жолақтарының, перрондардың немесе әуежай инфрақұрылымының өзге нысандарының жоспарлы жабылуы әуежайдың өткізу қабілетін төмендетіп, кестенің тығыздығына әсер етеді.
Жолаушы факторы. Гейтке кешігу, тіркеуден кеш өту немесе отырғызуға келмеу жолжүкті түсіру қажеттілігіне әкеледі, бұл орта есеппен 20 минутқа дейін уақыт алады.
Болжауға келмейтін жағдайлар. Найзағай түсуі, құстармен соқтығысу немесе қатты турбуленттілік келесі ұшудың алдында әуе кемесін қосымша тексеруді талап етеді.
Әуекомпанияға тәуелсіз себептермен рейс кешіккен жағдайда жолаушыларға қандай қызметтер қарастырылған?
Рейс мәртебесі 2 сағаттан астам уақытқа өзгерген жағдайда – салқын сусындар;
4 сағаттан астам кешіккенде – ыстық тамақ;
5 сағаттан астам кешіккенде – жолаушылар орын болған жағдайда ең жақын рейске бір рет тегін қайта брондау жасай алады.
Рейстің уақытында орындалуы тек әуекомпания мен әуежай қызметтеріне ғана байланысты емес. Бұл үдерісте жолаушылардың да рөлі маңызды. Әуежайға ұшуға 2-3 сағат қалғанда келу, онлайн тіркеуден өту, қол жүгінің ережелерін сақтау және қосымша қызметтерді алдын ала рәсімдеу – рейсті ұшуға жеделірек дайындауға және кешігу ықтималдығын азайтуға көмектесетін қарапайым әрекеттер.
Қызмет көрсету уақытын қысқарту үшін FlyArystan өзін-өзі қызмет көрсету құралдарын белсенді түрде дамытып келеді. Бүгінде жолаушылардың 92%-дан астамы рейске онлайн тіркеледі, ал iJan және BagJan терминалдары отырғызу талонын рәсімдеп, жолжүкті кезексіз тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, қарбалас сағаттарда әуежайдағы үдерістерді айтарлықтай жылдамдатады.