×

Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа қандай болуы керек?

Пайдалатын кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізу керек

Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа қандай болуы керек?
Фото: Qaz365.kz/Бауыржан Карипов

Алматыдағы «Достық» үйінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты дөңгелек үстел өтті. Алқалы басқосуға депутаттар, медиа саласының жетекшілері мен журналистер, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгінде жасанды интеллект өмірімізге дендеп еніп барады. Алайда, оны қолданудың қандай да бір нұсқаулығы бар ма? Мұны кім, қандай мақсатта пайдаланып жүр? Жасанды интеллектке көмекші құрал ретінде жүгінетіндер этикалық нормаларды сақтап жүр ме? Міне, осы сынды сан сауалға жауап іздеген мамандар өз пікірін ортаға салды. Дөңгелек үстелдің жұмысын ашып берген Парламент сенатының депутаты, іс-шараның идея авторы Дархан Қыдырәлі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысушыларға сәттілік жолдаған сәлемін жеткізді.

Бұдан соң ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның да құттықтау хаты оқылды.

«Бүгінгі жиын ақпараттық кеңістікте жауапкершілік пен адамгершілік қағидатын нығайту жолын айқындайтын маңызды алаң. Осындай игілікті бастама еліміздің ақпараттық мәдениетінің дамуына, жас ұрпақтың саналы тәрбиесіне және қоғамдағы тұрақтылықтың беки түсуіне елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Бұл басқосу медиа мен жасанды интеллект саласындағы өнегелік ұстанымдарды жетілдіруге өз үлесін қосады деп сенемін», – делінген.

Дархан Қыдырәлі, Сенат депутаты:

Конструктивті коммуникация мен дипломатияны дамытудан туған идея

– Дөңгелек үстелдің тақырыбын «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа және бейбітшілік журналистикасы» деп алуымыздың себебі, жасанды интелллект өте ауқымды ұғым. Бұл бүгінде тез дамып, жылдам өзгеріп жатыр. Соның ішінде бейбітшілік журналистикасын бекер таңдап алған жоқпыз. Қазір  қоғамда жіктелу, бөліну, жатсыну, өшпенділік пен агрессия көбейіп кетті. Тіпті, экранда, медиада, әлеуметтік желіде, көшеде, тіпті отбасындағы зорлық-зомбылыққа дейін әлеуметтік, қоғамдық көрінісі байқалады. Бұрын бейбітшілік журналистикасы тек әскери қақтығыстар кезінде шықса, гибридті соғыстар кезінде біз мұны жан-жақтан көріп отырмыз. Тіпті, отбасының өзінде балалардың қандай контент көріп отырғанын бақылай алмаймыз. Бәлкім, қалай пайдалану керектігі жөнінде арнайы нұсқаулық керек шығар. Соған байланысты мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде бейбітшілік бастамасын көтеріп, өшпенділікті өршітпеу, конструктивті коммуникация мен дипломатияны дамыту бойынша арнайы тапсырма берді. Осының негізінде идея туындап, оны Сенат төрағасы Мәулен Сағатханұлы құптап, қолдау көрсетті. Бұл мәселені қоғамдық даму институттары, зерттеу орталықтары да қаперге алу керек. Өйткені, агрессияның түп-тамыры неде, неге өршіп барады, сенімнің сетінеуі, тағы сол сияқты түйткілді терең зерттеу керек. Бәрін тұтастай алғанда, қазір медианың араласпайтын жері жоқ. Бұған дейін конструктивті коммуникация мен дипломатияны дамыту мақсатында қолға алған талқылау басқосуы Түркістан қаласында да өтті. Міне, Алматыда жалғасын тауып, енді Астана қаласында да ұйымдастыру ойда бар. Өйткені, бұл бізге үн қатысуға таптырмайтын алаң. Бұл жерде тегіне, дініне, жынысына қарап бөлмей, әрқайсысын қалай бар, солай қабылдау, адами құндылыққа құрметпен қарау мәселесі сөз етілді.

Ал жасанды интеллектке келсек, мұны өзім көмекші құрал ретінде пайдаланамын. Мәліметтер іздеймін, мәселені сараптау, сыни көзқарас тұрғысынан деректерді тексеремін. Кейде қате көрсеткіш береді, қате аударады. Шын мәнінде, жасанды интеллекттің біз интернет желісіне салған ақпараттың негізінде ғана жұмыс істейтінін ескерсек, сыни ойлау және зерттеу, этикалық жауапкершілік мәселесі алға шығады. Сонымен қатар авторлық құқық жайы да маңызды. Жасанды интеллект сіздің қаншама жыл зерттеген тақырыбыңызды, идеяңызды алып, басқа материал ретінде ұсынуы мүмкін. Сол тұрғыдан келгенде авторлық құқық, этика сақтау мәселесін де қарастыруымыз керек.   

Нұржан Жалауқызы, журналист, медиа-менеджер:

Кез келген журналист қоғамның алдында кәсіби, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі керек

– Біз пайдалатын кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізуіміз керек. Бір жерден суырып алып, қоя салуды тоқтату қажет. Бұл журналистика мамандарын даярлайтын мамандар мен осы салада жұмыс істеп жүрген журналистердің білімділігіне, кәсіби жауапкершілігіне тікелей байланысты. Алысқа бармай-ақ, таяуда ғалым, қоғам қайраткері Жабайхан Әбділдин өмірден өткенде бір ақпарат агенттігі Серікболсын Әбділдиннің фотосын салып жіберген. Сондықтан журналистиканың этикасы – жауапкершілік этикасы. Бұл жасанды интеллектпен жұмыс істейтін журналистерге де қатысты. Жасанды интеллект арқылы ақпаратты алып, сол күйінде жариялай берсек, редакциялық қадағалау болмаса, онда оқырманды да, көрерменді де адастырамыз. Сол үшін де редакциялық бақылау өте қажет. Кез келген журналист қоғамның алдында кәсіби, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі керек. Тағы бір этикалық принцип – жеке адамның өміріне қол сұқпау, нұқсан келтірмеу. Жасанды интеллектіні этикалық қолдануда нұсқаулық дайындалған жоқ. Бұл – уақыт еншісінде. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл мәселені қолға алуы керек сияқты.

Срайыл Смайыл, «Jas Qazaq» интернет-газетінің бас редакторы:

Жасанды интеллект те қате жібереді

– Жасанды интеллект журналистикаға дендеп ене қойған жоқ. Бірақ бәрібір мәліметті жүктейтін адам ғой. Оның журналистикаға тиімділігі  қандай? Ақпарат, мәлімет жинау, өңдеу тұрғысынан пайдалы болуы мүмкін. «Бірақ қаншалықты сауатты, сапалы?» деген мәселеге екі мысал келтіре кетейін. Бірі – GhatGpt көмегімен ағылшыннан орыс тіліне аударылған материал. Айталық, Австралияның премьер-министрінің тегі – Албаниз екен. Соны аударған кезде – «премьер-министр Албани» деп жіберіпті. Екіншісі – орысшадан қазақ тіліне аударылған мәтін. Мәселен, орыстар Баку метросын «Бакинский метро» дейді. Мұны бір жаңалықта «Бакинск метросы», «Бакин метросы» деп жазған. Сондықтан кейде жасанды интеллект те осындай қателерді жіберіп жатады. Бірақ мәтінді жүктеп, сақтаған адам тексеру керек.

«Жасанды интеллект адам өмірін жеңілдетті ме?» дегенге айтар болсам, журналистерге көмекші құрал болғаны былай тұрсын, қазір оқушылар да эссе жазбайды екен. Олардың алдына Google желісінде жиналған қаншама материалдан сұраған мәтінін ұсына қояды. Бұл адамды ойландырмайды. ҰБТ-дағы тест те ойлау қабілетін тежейді. Баяғыдай сұрақ алып, ауызша жауап беру – сөйлеу қабілеті мен машықты қалыптастырады.

Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі:

Әлем бойынша редакциялардың13%-ы ғана ЖИ қолдану саясатын жасаған  

– Жасанды интеллектіні журналистикада пайдаланудың этикасы мен оны редакцияларда пайдалану саясатының жоқтығы туралы мәселе бар.

THOMSON REUTERS FOUNDATION дереккөзі бойынша, әлемдік журналистердің 81%-ы өз жұмыстарында жасанды интеллектіні пайдаланады. Жасанды интеллект көбінесе мазмұнды жоспарлауда және редакциялауда, аударма жасауда, ақпаратты тексеруде қолданылады. Осы тұрғыда ChatGPT ең көп қолданылатын құрал.

Әлем бойынша редакциялар жасанды интеллектті қолдануға қарсы емес, алайда тек 13%-ы ғана оны қолдану туралы саясатты жасаған. Журналистерді алаңдататын үш мәселе бар. Біріншісі – сыни пайымды жоғалтады, екіншісі, шығармашылық пен креативтілікке нұқсан келеді, үшіншісі – жалған ақпарат көбейеді.

Кубатбек Чекиров, Қырғыз республикасының Ағартуу министрлігі, «Кут билим» медиа орталығының директоры:

ЖИ басқару позициясына өтсе, журналистикада тоқырау болады

– Егер жасанды интеллект журналистикаға көмекші болып, жәрдем беру деңгейінде қалса, одан тек пайда көреміз. Бірақ басқару, яғни субъект позициясына ауысып кетсе, онда журналистика тоқырауға ұшырайды. Нағыз мәңгүрт мамандар көбейеді. Сол үшін интеллектуалдық деңгейді сақтап қалу үшін жасанды интеллектті мәлімет жинау, мәтінді өңдеу, аударма жасау кезінде тек көмекші құрал ретінде қолдану керек. Алайда, журналистиканың негізгі принциптері – фактчекинг жасап, тексермесе, интерпретация болмаса, сапасыз материал болып қалады.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматыда қай жерде тегін сырғанауға болады
Бүгін, 18:12

Алматыда қай жерде тегін сырғанауға болады

Тұрғындар үшін 11 тегін мұз айдыны жұмыс істейді
Құжатта сейсмикалық қауіпсіздік жайына ерекше көңіл бөлінген
Бұл бастамалар инклюзияны дамытуға және өңір тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →