2025 жылы халықаралық білім олимпиадаларына қатысқан қазақстандық оқушылардан әрбір екінші оқушы елге жүлдемен оралды
Qaz365.kz жыл басынан бері әлемнің ең беделді білім сайыстарына барған оқушылардың нәтижелерін саралап көрді.
Елімізден 1657 оқушы 922 медаль жеңіп алып, Қазақстанды жаһандық зияткерлік кеңістікте алдыңғы қатарға шығарды.
36 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауда қазақстандық командалар 177 алтын, 329 күміс және 416 қола жүлдеге ие болды. Бұл көрсеткіш ел тарихындағы ең жоғары нәтижелердің бірі ретінде тіркелді.
Жылдың ең жарқын сәттерінің бірі — Халықаралық ғылыми физика олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының даусыз чемпион атанған сәті. География олимпиадасында оқушыларымыз командалық есепте екінші орынға көтерілсе, Балқан математикалық олимпиадасында үздік үштікке енді. Ал FIRST Global Challenge робототехника чемпионатында қазақстандық жас инженерлер төрт рет қатарынан әлем чемпионы атанды.
Жеке пәндер бойынша да Қазақстанның қоржынында жүлделер бар. Химиядан — 9-орын, информатикадан — 14-орын, математика мен физикадан — 17-орын, биологиядан — 27-орын. Экономика пәні бойынша бизнес-кейс санатында қазақстандық команда әлемдік үздік сегіздікке кірді.
Бұл жетістіктер кездейсоқ емес. Қазақстан — халықаралық олимпиада жүлдегерлерін үнемі ынталандыратын санаулы елдердің бірі. 2022 жылдан бері алтын, күміс және қола медаль иегерлеріне тиісінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақы тағайындалды. Тек 2025 жылдың өзінде біржолғы сыйақылардың жалпы құны 100 миллион теңгеден асты.
Тамыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен Ақордада кездесіп, 27 дарынды оқушыны марапаттады. Президент бұл жетістіктердің артында ұстаздар мен ата-аналардың қажырлы еңбегі тұрғанын атап өтіп, мұндай кездесулер жас таланттарға қосымша серпін беретінін айтты.
Сонымен қатар дарынды жастарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы қолдау туралы шешім қабылданды.
2025 жыл педагогтер үшін де ерекше кезең болды. Алғаш рет халықаралық жеңімпаздарды дайындаған мұғалімдер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Президент ұстаздарға «Құрмет» орденін, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдерін табыстап, 8,5-тен 26,5 базалық лауазымдық жалақы көлемінде бір реттік ақшалай сертификаттар берді. Сыйақының жалпы құны 7,4 миллион теңге.
Бұл қадамдар жеке марапатпен ғана шектеліп қалмайды. Мемлекет оқушы жетістігі мен педагог еңбегін білімді ұлт қалыптастырудың біртұтас жүйесі ретінде қарастырады. Өйткені ұстаз — елдің интеллектуалдық капиталының басты тірегі, ал оның еңбегі — Қазақстанның болашағына салынған ұзақ мерзімді инвестиция.
Оқу жылы аяқталғанға дейін қазақстандық оқушылар тағы 17 халықаралық олимпиада мен ғылыми жарыста ел намысын қорғамақ.