×

Алматыда Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл қойылды

Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағын беруі бүкіл ел үшін үлкен қуаныш болды

Алматыда Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл қойылды
Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркінде Бауыржан Момышұлының ескерткішіне салтанатты түрде гүл қою рәсімі өтті. Іс-шараға даңқты қолбасшының туыстары, әскери қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері, ҰҚК Шекара академиясының курсанттары және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Салтанатты жиын барысында батыр рухына бір минут үнсіздік жарияланды.

Рәсімге қатысқан Бауыржан Момышұлы әулетінің мүшесі Зейнеп Ахметова жылы естеліктерімен бөлісті.

– Марқұм атам бір кезде «Мен өлгеннен кейін де тірілердің арасында өмір сүретін боламын» деп айтқан еді. Ол кезде жас болдым, бұл сөздің мәнін толық түсіне бермедім. Ал қазір айналама қарасам, расында да, солай екенін көріп отырмын. Бүкіл Қазақстан атама «Халық Қаһарманы» атағы берілгеніне қуанып жатыр. Демек, ол сөздер шын мәнінде көрегендікпен айтылған. Ол расымен де тірілердің арасында өмір сүріп келеді, – деді Зейнеп Ахметова.

Шараға Қазақстанның Еңбек Ері, педагогика саласының ардагері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Аягүл Миразова да қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағын беруі бүкіл ел үшін үлкен қуаныш болды. Халық оны бұрыннан батыр деп таныған. Ал ресми түрде, құжат жүзінде мойындалуы – аса маңызды әрі тарихи оқиға. Бауыржан Момышұлының еңбегі тек елімізде ғана емес, шетелдерде де жоғары бағаланады, оның әскери тактикасы әлі күнге дейін зерттеліп келеді. Оның артында тек әскери емес, тәрбиелік мұра да қалды. Мен педагог ретінде, 50 жыл ұстаздық еткен адам ретінде айтарым: оның ұлттық құндылықтарға көзқарасы, тәрбиелік ұстанымы – бірегей. Сондықтан Бауыржан Момышұлының әрбір сөзі мен өсиеті мектеп бағдарламасына енуі керек. Өйткені өсіп келе жатқан ұрпақ үшін оның өнегесі айрықша маңызға ие, – деді Аягүл Миразова.

Жиынға академик, Қазақстан ғалымдар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразалы Сабден де қатысып, Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағының берілуін ұлттық рухты көтеретін маңызды оқиға ретінде бағалады.

– Бүгін – шын мәнінде айтулы күн. Кеше ғана бүкіл Қазақстан Президент Жарлығымен әлемге танымал батыр Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағы берілгеніне куә болды. Халық «бұл атақ 80 жыл бұрын берілуі керек еді» деп айтып жүр. Дегенмен, кеш болса да, оның берілуі елдің жүрегіне жылу ұялатты. Қазір жастарды қалай тәрбиелеу керек деген мәселе ерекше өзекті. Дәл осы кезеңде Бауыржан Момышұлын қайта танып, оның мұрасына жаңаша көзқараспен қарау қажет. Егер халқымызға зор серпін берген екі тұлғаны айтар болсақ, бірі – Абай, екіншісі – Бауыржан Момышұлы. Абай «жылы жүрек, қайратты ерік, нұрлы ақыл» деп кемел адамды сипаттаса, Бауыржан сол қасиеттерді ерлік жолына бағыттай білді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы аталып өтуде. Идеологияны сырттан іздеудің қажеті жоқ. Біздің идеологиямыз – Абай мен Бауыржан. Осы екі ұлы тұлғаның даналығы мен ерлігін ұштастыра білсек, қазақ халқы биік белестерге көтеріледі, – деп түйіндеді Оразалы Сабден.

Ресми бөлім аяқталған соң ҰҚК Шекара академиясының курсанттары Бауыржан Момышұлының ескерткіші алдында сап түзеп өтіп, батырға әскери құрмет көрсетті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматы қаласы балалар мен жасөспірімдерді қорғау жүйесін нығайтуда
Бүгін, 12:27

Алматы қаласы балалар мен жасөспірімдерді қорғау жүйесін нығайтуда

Психологиялық қызметтердің жұмысын жетілдіруге айрықша көңіл бөлінді
Ұлдарға қойылған танымал есімдер тізімі өзгеріссіз қалды  
Сарапшы көбінесе тұрғындардың алаңдаушылығын тудыратын секторлық антенналардың жұмыс істеу принципіне жеке тоқталды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →