2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері демалыс уақытында ел аумағында теміржол көлігімен тегін барып-қайту мүмкіндігіне ие болады. Жол жүру шығындары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ есебінен өтеледі деп хабарлады Қорғаныс министрлігі Qaz365.kz жолдаған арнайы сауалға.
Тегін жол жүру құқығы жылына бір рет беріледі және ол әскери бөлім командирі ұсынған анықтама негізінде рәсімделеді. Билеттерді «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларынан алуға болады. Ал шетелдік жоғары оқу орындарында оқып жатқан әскери қызметшілер бұл жеңілдікті қызмет орнына келгеннен кейін пайдалана алады.
Бұл жеңілдік курсанттар, кадеттер мен мерзімді әскери қызметшілерге қолданылмайды. Олар демалысқа Қорғаныс министрлігінің бюджеті есебінен жіберіледі. Сондай-ақ әскери жиындарға шақырылған резервтегі азаматтарға және жеке компаниялардың пойызымен жүрген сапарларға тегін жол жүру қарастырылмаған.
Егер демалыс орнына тікелей теміржол қатынасы болмаса, билет ең жақын станцияға дейін рәсімделеді. Өзге көлік түрлеріне кеткен шығындар өтелмейді. Ал жаңа қызмет орнына ауысқан жағдайда, тегін жол жүру құқығын пайдаланғаны туралы белгі әскери қызметшінің ақшалай аттестатында көрсетіледі.