Қарағандыда салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің атауы қоғамда қызу пікірталас туғызды. Кәсіпкер Айдын Рақымбаевтың компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба «ЖК Дом на Букетова» деп аталған. Осыған байланысты жергілікті журналист Айсұлтан Жақыпов кәсіпкерге ашық түрде сын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналисттің айтуынша, қазақтілді тұрғындар басым қалада, әрі қазақ ғалымының аты берілген көшеде орналасқан тұрғын үй кешеніне орысша атау беру – түсініксіз шешім. Ол Айдын Рақымбаевтың өзі қазақ тілін үйренуге талпынып, патриоттық мазмұндағы жазбалар жариялап жүргенін еске салды.
«Неліктен бұл жобаны “Бөкетов көшесіндегі жайлы үй” деп атамасқа? Қарағандыда “Баспана”, “Атамұра” сияқты әдемі қазақша атаулар бар. Жаңа кешенге де ұлттық болмысқа сай атау таңдауға болар еді», – деп жазды журналист.
Ол сондай-ақ “Жайлау”, “Сары бидай”, “Кереге”, “Өз үйім” секілді атаулардың да үйлесімді болатынын атап өтті.
Жазба әлеуметтік желіде кең қолдау тауып, пікір қалдырушылар қазақ тілінің қала кеңістігіндегі қолданылуы әлі де жүйелі емес екенін айтты. Кейбір қолданушылар бұл мәселе бұрын да көтерілгенін, тіпті тіл мәселесіне арналған жиындарда да сөз болғанын еске салды. Басқалары Астана мен өзге қалаларда да тұрғын үй кешендерінің атауы көбіне шет тілдерінде қойылатынын алға тартты.
Пікір білдірушілердің бір бөлігі тұрғын үй кешенінің атауы жай ғана маркетинг құралы емес, тілге, мәдениетке және қала тарихына деген құрметтің көрінісі екенін атап өтті.
Осылайша Қарағандыдағы бір тұрғын үй кешенінің атауына қатысты дау қала кеңістігіндегі қазақ тілінің орны, бизнес өкілдерінің тілдік және мәдени жауапкершілігі туралы кеңірек мәселелерді қайта күн тәртібіне шығарды.