×

Депутат «тоқалдардың» некесін қиятын имамдарды жауапкершілікке тартуды ұсынды

Депутат «тоқалдардың» некесін қиятын имамдарды жауапкершілікке тартуды ұсынды
Midjourney жасанды интеллектімен жасалған

Мәжіліс кулуарында депутат Мұрат Әбенов Қазақстанда «тоқал» институтын заңдастыру және екінші некеден туған балаларды мойындау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың айтуынша, мұндай бастамалар отбасы институтын қорғау қағидаттарына қайшы келеді және ресми некедегі әйелдер мен балалардың құқықтарын бұзады. Ол Конституция дәстүрлі отбасылық модельді нығайтуы тиіс екенін, онда ерлі-зайыптылар мен балалардың құқықтары нақты айқындалуы қажет екенін атап өтті.

«Екінші некені заңдастыру, “тоқалдан” туған балаларды мойындау жөнінде түрлі әрекеттер болды. Алайда заңды өзгертуге бағытталған кез келген қадам бірден ресми некедегі балалардың құқықтарын шектейді. Балалар да, заңды жұбайлар да қорғалуы тиіс», – деді Мұрат Әбенов.

Журналистердің көпәйелділікті болдырмайтын норма Конституцияда нақты жазыла ма деген сұрағына депутат нақты жауап берді. Оның айтуынша, Ата заңда «ер мен әйел» ұғымы жекеше түрде көрсетілген.

«Біз “ер адам мен әйел” деп жаздық, бір ғана мағынада. Мұнда ешқандай екіұштылық болмауы керек. “Екінші әйелді заңдастыру” туралы ұсыныстарға мен үзілді-кесілді қарсымын. Егер үйленгің келсе – ажырасып, қайта үйлен. Әйел мен балалардың құқықтарын бұзу – жол берілмейтін жағдай. Бірде-бір бала ата-анасын бөліскісі келмейді», – деді ол.

Сонымен қатар депутат заңсыз екінші некелерге діни рәсім арқылы қатысатын имамдар мен өзге де діни қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, кей жағдайда діни рәсімдер сылтау етіліп, заңмен қорғалмайтын қатынастар рәсімделіп жатады, бұл әйелдер мен балаларды әлеуметтік әрі құқықтық тұрғыдан қорғансыз қалдырады.

Мұрат Әбеновтің сөзінше, қоғамның басым бөлігі отбасының дәстүрлі түсінігін қолдайды және дәл осы ұстаным Конституция мен заңнамада бекітілетін болады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →