×

Әлеуметтік «әжетхана»: Тобырға ілеспейтін адам қандай болады?

Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова тобырлық сана және жеке тұлға жайлы сұхбат берді

Әлеуметтік «әжетхана»: Тобырға ілеспейтін адам қандай болады?
Коллаж: Qaz365.kz

Соңғы кездері әлеуметтік желіде ғадауат (Hate speech) айтып табалайтын пікірлер көбейіп кетті. Кейде тіпті топ болып, үлкен резонанс тудырған істерде жәбірленуші тарапты айыптап, қылмысқа қатысы жоқ жағдайды: жәбірленушінің (марқұмның) жүріс-тұрысын, шыққан жерін, мінез-құлқын талқылап кететін желі қолданушыларының қарасы өте көп. Мысалы, күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың, Айзат Жұманованың істерінде де марқұмдарға қатысты пікірлер жазылды. Адам қандай жағдайда сыни ойлана алмай, әділет пен ғадауатты таразыға қатар қойғанда көзі байланып, көптің пікіріне ілесіп кетеді? 

Qaz365.kz тілшісі Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдияровамен осы мәселе жайлы сұхбаттасты.

Жеке тұлға және тобырлық сана

Психоаналитиктің айтуынша, тобырлық сана ұғымы психоанализде бұрыннан бар. Анна Құдиярова осы жайлы XX ғасырда алғаш зерттеулер жасаған, психоанализдің атасы Зигмунд Фройдтың еңбектеріне сүйене отырып жауап берді.

«Сіздің сұрағыңызға Зигмунд Фройдтың еңбектерінен мысал келтіріп, жауап бергім келіп отыр. Мен өзім психоанализбен шұғылданамын ғой. Психоанализдің негізін қалаушы, австриялық психиатр невролог, тұңғыш психоаналитиктің бірнеше кітабы бар. Сонда Зигмунд Фрейдтің айтқаны: жеке психология бар, одан кейін топтық (тобырлық) сана бар. Тобыр психологияның ішіндегі бір нюанс — топқа қосылғанда адам жеке тұлға болудан қалады. Тек сол топтың, ұжымның мүшесі болады. «Мен» емес, «Біз» деген топтың бір бөлігі болады», — деді Анна Құдиярова.

Анна Құдиярова топқа кірген адамның жеке жауапкершілігі мен ойлау қабілеті әлсірейтінін айтады.

«Оның ең айқын көрінісі — футболдың жанкүйерлері. Футбол көруге стадионға барғанда бақырады, шулайды, төбелеседі, өлтіруге дайын болады. Батыстың көп зерттеушілері осы жайтты саралаған. Сонда ішінде әлеуметтік жағынан әртүрлі, бай адам да, кедей адам да, профессор да, оқымаған адам да бар… Сол бұқаралық бір топқа түсіп кеткенде адам өзін жеке тұлға ретінде, жеке индивидум ретінде жоғалтады да, көпшілік қайда бет алса, соның ішінде кетеді», — дейді психоаналитик.

Көптің ішінен «мен» болып шығу неге қиын?

Маман күнделікті өмірдің өзінде тобырлық психологияның қалай жұмыс істейтінін қоғамдық көліктің ішінде кетіп бара жатқан жағдаймен салыстырып түсіндірді.

«Мысалы, метроны алайық. Сізге ұнаса да, ұнамаса да сол бағытпен жүресіз. Көптің ішінен жеке шығып, өзінің «менін» көрсетіп, пікір айту дәл сол секілді өте қиын болып қалады», — деді Анна Құдиярова.

Психоаналитиктің сөзінше, ішкі «менін» сақтай алған адамдар бұқаралық эмоцияға берілмейді.

«Өзін жеке тұлға ретінде сезінетін адамдар бұқаралық, топтық жерге жиі бармайды. Барса да, өте сирек барады. Өзінің ішіндегі «менін» жоғалтпаған адамдар қандай жағдай болса да, жеке тұрады. Ішкі «менін» жоғалтқан адамдар көппен ілесіп кетеді. Қазір әлеуметтік желі шулап жатқан кезде өзінің «мені» бар адам, байқасаңыз олар сирек жазады. Өзінің «мені» бар адам өзін айқай-шудан, оттан, судан сақтайды», — деді ол.

Ол маман ретінде келген адамдарға сұрақ қойғанда көбінің «біз» деп жауап қайтаратынын да атап өтті. Оның сөзінше, Кеңес одағындағы «ұжымдық» идеология және қазақтың «біз» деген психологиясы тұтас болып, жеке тұлғаларға әсер еткен. Ол осы мәселедегі психологияның рөлін айтап өтті. 

«Менің кеңсеме келген адамдардан: «дәл қазір не сезініп отырсыз?» деп сұраймын ғой. Сонда ол: «Біздің ойымызша» деп жауап береді. «Мен жеке сіздің дәл қазіргі осы жердегі, өзі сәттегі сезіміңізді сұрап тұрмын» деймін. Сонда «мен» жоқ, оның орнын «біз» басып тұр. Біз дегені бірнеше адам ғой. Кеңес одағының кезінде бізде сондай психология болды. «Сен жеке тұлға емессің. Сен жалпы Кеңес елінің бір кішкентай бөлігісің». Сол идеология біздің қазақтың психологиясымен тұтас келіп қалды. Қазақтар да көбіне «сен «мен» деп айтпа, «біз» деп айт» деп айтып жатады. Бізде психологиялық сауаттылықты дамыту керек. Психология саласына қатысты қазір түрлі теріс көзқарас қалыптасқан. Шын мәнінде қоғамның көзін ашып, алға сүйреп, әрбір адамның өзін түсінуіне сеп болатын психология ғой. Қазір заңға да психологияға кері әсер ететін өзгерістер енгізіліп жатыр. Соны дұрыс саралауы керек деп санаймын», — деді Анна Құдиярова.

Анна Құдиярова қоғамда үлкен талқы тудырған істерде тобырлық сананың қалай іске қосылатынын атап өтті.

«Қазақстанда ең үлкен резонанс тудырған істердің бірі — Бишімбаевтың ісі шығар. Кезінде бәріміз Бишімбаевты қараладық. Оған расымен дәлел бар. Қандай адам болса да, екінші бір адамның өмірін алуға құқығы жоқ. Өмірді беретін бейсаналы түрде де Құдай деп санаймыз. Демек құдай берген өмірді алсаң, сен өзіңді Құдайдан да жоғары қойдың ба? Психоанализде нарциссизм деген тақырып бар. Олар өзін Құдайдан да жоғары қоятын адамдар болуы мүмкін. Мысалы, «Мен оңға дедім бе? Демек мына жүз адам оңға жүруі керек» деген өктем ой. Өзі келісіп тұр ма, жоқ па? Басқа мәселе. Әйтеу, керек жерінде керек сөзді айтып, тобырдың көсемі болып шығады», — деді Анна Құдиярова.

Психоаналитиктің айтуынша, кей жағдайларда қоғам жәбірленушіні қорғаудың орнына, оны табалауға көшеді. Мысалы, Талғарда 2024 жылы 4 қазанда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісіне қатысты да хейт пікірлер жазғандар болды. Тіпті, жәбірленуші тараптың бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келгені де талқыға түсті. Қазақстанның бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкеноваға қатысты да пікірлер жазылды. Соңғы уақыттағы сот істерінде де жәбірленуші тарап түсіндіруге, болмаса ақталуға мәжбүр болды. Бұл жайлы Анна Құдиярова былай деді:

«Мысалы, Салтанат Нүкенованы қаралаған адамдар болды. Соған ілесіп кеткендер бар. Қоғамда психологиялық мәдениет жетіспейді. Тағы бір резонанс тудырған іс — Шерзат Полаттың өлімі.  16 жастағы жасөспірім Шерзат боқтаса боқтаған шығар, Қарақалпақстаннан ата-анасы көшіп келген шығар, бірақ оның өмірін алуға кім рұқсат берді? Неге оны басқа біреу өлтіруі керек? Ол басқа нюанстар ғой. Сонда қылмысты былай қоя тұрып, оның ата-анасы шетелден көшіп келгенін талқылап кетті. Сонда біз қазақ болып қарақалпақты өлтіруіміз керек пе? Бұл адамдар бейбітшілікті емес, соғысты іздеген, жеке тұлға емес, іштей наразы адамдар», — деді ол.

«Топ біреуді табалағанда өзін жоғары санайды»

Психоаналитик топ болып біреуді қаралағанда адамдар өздерін «жоғары» сезінетінін айтты.

«Жәбірленушіге екінші санаттағы адам секілді қарап кетті. Сонда өзіне сыйластығы жоқ, өзін бірінші санаттағы адам деп сезіне алмайтын адамдар соған ілесіп кетеді. Басқа біреуді ұрғанда, табалағанда өзін жоғары санайды. Тобыр психологиясының «қасиеті» сонда. Әлеуметтік желі де бір алаң. Әлеуметтік желіде біреуді табалайтын адамдар эмоциялық әжетхананы іздеген адамдар. Әлеуметтік желіде эмоциялық әжетхана іздегенше, психоанализ орталығына бізге келсе екен деймін. Санаға салып сараласа, ол кісілер әрбір адамның жақсы жағының да, жаман жағының да, болатынын ұғып, өзін-өзі тоқтата алатын еді. Бірақ олардың олай ойлануға қазір мұршасы жоқ. Білімі жетіспейді, өмірлік тәжірибесі жетіспейді, қоршаған ортасы сондай жалпы мәдениет деңгейі төмен болып тұр», — деді Анна Құдиярова.

Анна Құдиярова мысал ретінде әйелге қол көтеретін ер адамдарды атап өтті. Оның сөзінше, абюзер ер адамдардың да психологиясында әйелді ұру арқылы өзін «жоғары» сезіну жатыр.

«Мысалы, абюзер еркектердің көбі неге әйелді ұрады? Әйел енді физикалық тұрғыдан бәрібір әлсіз ғой. Әйел оның ығына жығылады. Физикалық заң бойынша әйелді төмендетіп, басынып тұр ғой. Сонда психологиялық күші аз адам, эмоциялық күші аз адам дене күшімен, жұдырық күшімен өзін жоғары көтереді. Сөзбен, эмоциялық жеңіске жетудің орнына жұдырықтың күшіне салады. Сонда өзін-өзі сыйламайтын, жұдырықтың күшіне сенген, бейсаналы түрде өзін-өзі төмен санайтын адам жеке тұлға болмайды. Ол тобырдың бір мүшесі болады», — деді психоаналитик.

Оның айтуынша, эмпатия – қоғамды тобыр болып біреуді қаралаудан сақтайтын қасиет.

«Эмпатия дегеніміз — басқа адамның ішінде не болып жатыр, қандай сезімдер кешіп жатыр, қандай ойлары бар, сол адамның көзімен өзіне қарау, сол адамның құлағымен өзін тыңдау. Эмпатияны әрбір адамның жанына кіргізсек, қаралауға, табалауға дайын тұратын тобыр болмайтын еді», — деді Анна Құдиярова.

«Заңды Конституцияға емес, миға жазу керек»

Анна Құдиярова зорлық-зомбылықтың алдын алуда тек заң ғана емес, психологиялық мәдениет маңызды екенін айтады.

«Салтанаттың қазасынан кейін шыққан заңға қоғамның көп сандысы саналы түрде де, бейсаналы түрде де қарсы. Сондықтан «Заңды қабылдасаң, қабылдай бер. Бұл менің қатыным» деп зорлық көрсеткендер әлі бар. Оның екінші жағы бар. Әйелді кішкене кезінен «қыздың жолы жіңішке, еркектің айтқанын жасау керек, еркекке бағыну керек, ешқашан ажыраспау керек» деп өсіреді. Мен де осындай қаншама клиент болды?!. Көздері көгеріп, бастары жарылып, үйіне балапанын құшақтап барса, әке-шешесі есікті тарс жауып: «Сол әулетке қайтып кет» дейді. Оған қолдау қайда? Жанын түсіну қайда? Содан әбден қорыққан әйелдер көнбіс болады, үндемейді. Сондықтан жаңа қабылданған заңдар әрбір отбасыға, әрбір миға кірмей жатыр. Ал оны кіргізуге бәрібір сол психологтардың қызметі керек», — деді Анна Құдиярова.

Ол заң арқылы, red flag, бойкот арқылы агрессияға жақын, абюзер адамдарды «қорқытып» өзгерту мүмкін емес екенін айтты. Себебі ондай адамның ішінде жеккөрініш болады және ол бір күні бір жерден қылмыс, яки басқа бір әрекет ретінде көрініс табады. 

«Қорқыту, имендіру деген — оны зорлау. Ешқашан қорқыту арқылы зорлық-зомбылыққа баратын адамды тоқтата алмаймыз. Себебі «зорлық» көрген адам бізді жек көреді ғой. Бізге қарсы шыға алмаса да, ол басқа жерден тағы да тесіп шығады. Тек сыйластық, тек жылы сөз, Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Жылы жүректәтті тілБерекені берербіл». Шәкәрімді үйрету керек. Үйреткенде жалаң сөзбен емес, психологиялық тренингтер болуы керек», — деді Анна Құдиярова.

Анна Құдиярова қоғам болып, тал бесіктен бала санасына эмпатияны дамытуға тырысудың маңызы жайлы айтты. Оның сөзінше, адами қасиеттерді Конституцияға ғана емес, санаға «жазу» керек. 

«Одан кейін заң мен мінез-құлықтың, моральдың айырмашылығына тоқталсақ. Бізде ешқашан «жұмысқа іш киім киіп кел» деген заң болмаған. Бірақ бірде бір адам іш киімсіз жұмысқа бармайды. Бұл мида болатын жазылмаған заң. Міне сонда «әйелге қол көтерме», «басқа адамды мұқатпа» деген нәрселерді Конституцияға емес, миға жазу керек. «Ұяда не көрсең, соны ілесің» деген сол. Сонда әрбір отбасында психологиялық мәдениетті, эмпатия деген қабілетті дамытуға көмектессек, ондай адамға ешқандай заңның қажеті жоқ. Заңсыз да ол ешкімді боқтамайды, заңсыз да ол ешкімге қол көтермейді», — деді Анна Құдиярова. 

«Жауапкершілік қашанда ересек адамда болуы керек»

Анна Құдиярова ерте жүктілік мәселесі жайлы да сөз қозғады. Қоғамда ерте жүкті болып, түсік жасатып, сәбиінен бас тартып жататын қыздар жайлы хейт өте көп айтылады. Бұл мәселеде психоаналитик жасөспірімде емес жауапкершілік ата-ана мен ересек адамда және сол қызбен қарым-қатынас орнатқан дардай еркектерде екенін атап өтті. 

«Кейде 13-14 жастағы қыздар жүкті болып қалады. Өте өкінішті жағдай. Бірақ ол күлге аунап туған жоқ қой? Егер онымен бірге болған қасындағы бала 12-13 жастағы жасөспірім болса, онда екеуінің де жағдайы өкінішті. Көбіне журналистер түсірген репортажда 30-32 жастағы дардай еркектер жасөспіріммен қарым-қатынас құрып жатады. Сонда кім кінәлі болады? Әрине, ересек адам кінәлі болады. Кім үлкен? Кім ересек? Сол жауапты болады. Баланың аты бала. Мүмкін ол расымен әлі надан қыз шығар, әлі түсінбейтін шығар. Етегін көтерсе, екі қабат болатынын ұқпайтын шығар. Мысалы, мимен бәрі темекіні шегуге болмайтынын, зиян екенін түсінеді. Бірақ неге миллиондаған адам темекі шегеді? Себебі дененің талабы басқаша. Сондықтан 14-15 жастағы қыздар да дене талабы бар. Бірақ соны тоқтата алатын, «18 жасқа жетіп ал» деп жөн сілтейтін ересек адамдар қайда? Әжесі, әкесі, шешесі, ағасы, мұғалімі бар. Ең құрығанда сол жігіттің өзі жап-жас қызды сорлатпайын деп түсінуі керек қой. Жауапкершілікті сезінуі керек», — деді Анна Құдиярова. 

Психоаналитик жасөспірім қыздардың психологиясына да тоқталды. Оның сөзінше, сол кезеңде оның жанын ата-анасы түсінбегенде, жақындары ұқпағанда сырттағы басқа бір дардай ер азаматтың әдемі сөзіне еріп кетеді. 

«Дәл осындай жағлайларда жасөспірім қызды әдетте әке-шешесі түсінбейді, жақындары түсінбейді. Содан бір жігіттің «айналайын» деген жылы сөзіне бола құшағына кіріп кетеді. Сондықтан олар депрессияда жүрген, өзін жалғыз сезінген қыздар. Ал өзін бақытты сезінген қыздар ешқашан басқа бір «ағатайдың» құшағына бармайды», — деді Анна Құдиярова.

Психологиялық надандық және тобырлық сана

Психоаналитик әрбір адамның қандай жағдай болса да, білімсіздіктен, надандықтан қашуға тырысуы қажет екенін айтты. Мысал ретінде өзіне келген бір жігіттің оқиғасын баяндап берді.

«Менің кеңсеме келген бір жігіт бала күнінде көрші елден көшіп келгенін айтты. Мектептерінде ағылшын тілін үйрететін маман жоқ. Дене шынықтыру мұғалімін ағылшын пәнінен мұғалім етіп қойған. Бірақ ол «Hi, how are you?» дегеннен басқаны білмейді. Сонда әйтеу тырмысып жүріп, кітап алып, өлеңін тыңдап, газет оқып жүріп ақыры «Болашақ» бағдарламасымен шетелден оқып келген екен. Сонда неге әлгі жігіт солай мүмкіндік бар-жоғына қарамай, ізденіп, шетел асып оқып келеді де, басқалары балбырап, өз боғына өзі малынып жүре береді?», — деді Анна Құдиярова. 

Оның сөзінше, түрлі қылмысқа әкелетін де, тобырға ілесіп әлдекімді табалауға «итермелейтін» де осы психологиялық сауатсыздық. 

«Мен психоаналитик болғандықтан, «психологиялық надандықтан аралыңдар» дегім келеді. Сол психологиялық надандық зорлық-зомбылыққа, педофилияға, ерте жүктілікке алып келеді. «Түкті білмеймін, оқымаймын, сезбеймін, маған ол керек емес» деп қолын бір сілтеп жүре береді. Бұл адамдар жиналады да, тобырлық санаға ілесіп кетеді», — деді Анна Құдиярова.

Айта кетейік, Шымкентте 11 қаңтар күні кешкі уақытта 21 жастағы Нұрай Серікбай Шерхан Аймаханның қолынан қаза болды. Бұл іс қазіргі кезде қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жақында жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров марқұм Нұрай Серікбайдың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, әдепсіз және қорлайтын пікірлер жазған желі қолданушысының үстінен 131-бап «Қорлау» айыбы бойынша арыз түсіргендерін мәлімдеді. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →