Әлеуметтік желіде Kaspi.kz тарифтері өседі деген ақпарат тарағаннан кейін компания ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Kaspi.kz мәліметінше, клиенттер мен серіктестер үшін қызмет көрсету шарттары өзгеріссіз қалады. Атап айтқанда, Kaspi Gold картасының жылдық қызмет ақысы, картаны қайта шығару құны, Kaspi Pay бойынша талаптар және өзге банктер картасына аударым жасау комиссиясы бұрынғы деңгейде сақталады.
Компания өкілдерінің айтуынша, тараған ақпарат жаңартылған заңдық құжаттағы шекті мөлшерлердің қате түсіндірілуінен шыққан. Құжатта Қазақстан заңнамасына сәйкес тарифтердің ең жоғары ықтимал шектері көрсетілген. Бұл – қолданыстағы нақты тарифтердің өзгергенін білдірмейді.
Kaspi.kz кез келген өзгеріс болған жағдайда клиенттерге алдын ала және ашық түрде хабарлайтынын атап өтті.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Kaspi Gold картасының жылдық қызмет ақысы 10 мың теңгеге дейін өсетіні, қолма-қол ақша шешу комиссиясы 5 пайызға дейін көтерілетіні туралы ақпарат тараған болатын.