×

«Мемлекет моральға араласпауы қажет»: Заңгерлер жаңа заңдағы 23-бап жайлы не дейді?

Белгілі адвокат Ғалым Нұрпейісов Жаңа Конституциядағы 23-бап жайлы өз пікірін айтты

«Мемлекет моральға араласпауы қажет»: Заңгерлер жаңа заңдағы 23-бап жайлы не дейді?
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюросы

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жаңа Конституцияға қатысты пікірлер әлі толастар емес. Әсіресе, 20-баптағы «қоғамның адамгершілігіне нұқсан келтірмеу» деген тіркес сынға ұшырады. Бұл тіркес жайлы заңгерлер не дейді?

Осы мәселе бойынша Qaz365.kz редакциясы азаматтардың құқығын қорғап жүрген заңгерлердің пікірін білу үшін Ғалым Нұрпейісовке хабарласты.

Әуелі қазіргі қолданыстағы 20-бапты жаңа нұсқасымен бірге назарларыңызға ұсынамыз. 

Фото: Ақорданың ресми парақшасынан / Қолданыстағы заң

Фото: Ақорданың ресми парақшасынан / Жаңа Конституцияның мәтіні 

Ғалым Нұрпейісов заңның анық жазылуы қаншалықты маңызды екенін айтып, соның ішінде адамның нақты әрекеттеріне анық баға беруін мемлекет пен халық арасында жасалған «келісімшарт» деп атады.

«Ең алдымен, Конституция туралы айтайын. Жалпы бөлімге келер болсақ, мен осы жаңа Конституцияға қатысты өзімнің кәсіби, заңгер ретінде ойымды білдіргім келеді. Конституция — ең бірінші билік пен қоғам арасындағы негізі келісім. Егер билік бастауын халықтан алса, Конституция да халықтан шығуы тиіс. Ал қазіргі үкімет ұсынған жоба мемлекет үшін жасалған тәрізді — яғни, мемлекет өзіне ыңғайлы мінез‑құлық ережелерін белгілеп отырған секілді», – дейді заңгер.

Ғалым Нұрпейісовтің Конституцияның қоғамдағы тәртіпті реттеп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екенін айтады. Тек қоғам емес, мемлекеттің өзінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскер, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерін, құзырлы органдарды, құқық қорғау органдары бар. Салық арқылы елден қаражат жинау, оны қайта құрылымдармен тиісті жеріне жұмсау, экономика мен мүлікті қорғау т.б. жүйенің құрылымына мемлекеттік аппараттардың жұмыс істеуі үшін осындай құзірет қажет. Бірақ заңгер адамдардың моральдың, адамгершілік құндылықтарына мемлекеттің араласпауы қажет екенін айтты.

«Бірақ мемлекет адамның ішкі ойына, моральға араласпауы тиіс. Егер мемлекет «адам қалай ойлауы керек», «дұрыс немесе бұрыс ойлады» дегенді өз құзыретіне алса, оған жауапкершілік жүктей бастаса, бұл тоталитарлық жүйенің белгісі. Ондай жүйе адамның мінез‑құлқын, әрекетін, тіпті ойын реттеуге ұмтылады. Немесе, мысалы, біреу біреуге дөрекі сөз айтса, сот заң тұрғысынан қарап, нақты құқық бұзушылық бар ма, жоқ па соны анықтау керек. «Бұл адамға ұнамады, сол себепті заңсыз деп танылды» деу дұрыс емес. Заң — әрекетті бақылайды, моральға қатысы жоқ. Сондықтан адамгершілік құндылықтарды Конституцияға енгізу — заң мен моральды араластыру болады. Заң мінез-құлықты емес, құқық бұзушылықты анықтайды. Ал мораль — адам жүрегіндегі, дін мен дәстүр арқылы қалыптасатын ішкі тәртіп. Мемлекет адамның ішкі ойына не сезіміне араласа алмайды, өйткені ол демократиялық қоғамның негізіне қайшы келеді», — деді Нұрпейісов.

Ғалым Нұрпейісов адамгершілік деген сипаттаманы әркім әртүрлі түсінетінін және бұл заңдағы термин емес екенін атап өтті.

«Адамгершілік деген – бұл заңдағы термин емес. Адамның жақсы не жаман екенін сөз арқылы қалай анықтаймыз? Біреуге «жақсы» немесе «жаман» деп заң бойынша баға беруге бола ма? Ал «қылмыскер» немесе «қылмыскер емес» деген сөздер – бұл нақты құқықтық сипаттама деп айтуға болады. Заң нақты әрекетке баға береді: адам заңды әрекет жасады ма, әлде басқа біреудің құқығын бұзды ма? Әр адамның ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғауға құқығы бар. Бұл үшін арнайы заңдар мен кодекстер бар. Конституцияда адамның ең жоғары құндылықтары – өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Әр адам құқық субъектісі ретінде танылуға, өзінің құқықтары мен қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқылы. Бұлар – жалпы әлеуметтік, жеке және азаматтық құқықтар. Мысалы, адамды қорлауға қатысты заң бар. Қорлаудың бірнеше түрі бар: адамды жануармен салыстыру, жыныстық мүшелермен байланыстырып кемсіту немесе ауру атауларымен (мысалы, «есуас», «нақұрыс» және т.б.) атау. Мұндай жағдайлар Қылмыстық кодекс пен Азаматтық кодекс аясында қаралады. Ал «қоғамның адамгершілігі» басқа мәселе. Мысалы, көшеде жалаңаш жүрмеу, қоғамдық тәртіпті сақтау – бұл да мінез-құлық нормалары. Бірақ «жақсы», «жаман», «ізгі», «зұлым» деген түсініктер көбіне дін, дәстүр және тәрбие арқылы қалыптасады».

 

«Егер «адамгершілік» ұғымын заңға енгізсе, онда ол бос ұғымға айналуы мүмкін. Мысалы, екі адам ұрысып қалды, біреуі екіншісін балағаттады. Бірі сотқа шағымданады. Бірақ сот нақты заң нормасына сүйенуі керек. «Моральға қайшы» деген жалпы ұғыммен шешім шығару қиын, өйткені әркімнің түсінігі әртүрлі», — деді Нұрпейісов.

Ол мысал ретінде діни нормаларды атап өтті. Оның сөзінше, діни көзқарастар да Құдай мен адамның арасындағы «келісімшарт» секілді. Жақсы адамның ізгі істер істеп жұмаққа барғаны, болмаса жамандық істегені үшін тозаққа баратыны секілді, заң да қылмыскерді жауапқа тартады. Заңгер дәл осы мінез-құлық, адамгершілік, ар мәселесінде адам Құдайдың алдында жауап беретінін атап өтті.

«Егер адам біреуге ертең өзі пайда көремін деген оймен көмектессе, бұл қайырымдылық емес, есепке құрылған мәміле. Ал егер адам «Жаратқан разылығы үшін» жақсылық жасап, сауабын ақыреттен күтсе, бұл да белгілі бір мағынада келісім. Бірақ ол адаммен емес, Құдаймен жасалған рухани байланыс. Яғни адам игілік істейді, бірақ оның өтеуін болашақта аламын деп сенеді. Осылайша оның ішкі адамгершілік ұстанымы қалыптасады. Енді мәселе мынада: егер заң мен Конституция «адамгершілік құндылықтарды» негізге алып, сол үшін қылмыстық не әкімшілік жауапкершілік жүктейтін болса, онда құқық пен моральдың ара жігі қайда қалады? Қайсысы заңды, қайсысы заңсыз екенін қалай айырамыз?», — деді Нұрпейісов.

Сонымен қатар ол әрбір ұлттың рухани өлшемінің әртүрлі екенін атап өтті. Ал заңға «қоғамның адамгершілігіне нұқсан келтірмеу» деген ұғымды енгізер болса, бұл ұғымды билік өкілдері немесе басқа адам қалай түсінсе солай қолдана алады деген сөз. Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, бұл термин арқылы бәрі қолында билігі бар адамдардың айтқанымен жүріп тұрып, солардың көзқарасымен  «қоғамның адамгершілігі» деген сөзді қабылдап кетуі мүмкін.

«Әр халықтың рухани өлшемі әртүрлі. Мысалы, Жапонияда ар-намысты бәрінен биік қойып, масқара болған адам харакири жасаған. Ал біздің түсінікте мұсылман адам қателессе, тәубесіне келіп, Алладан кешірім сұрап, жақсы істерімен кінәсін жуып-шая алады. Демек, рухани өлшем әр елде әрқалай. Ең қауіптісі – мемлекеттің «қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс» деп өзі шешіп, адамгершілікті өз қалауынша анықтай бастауы. Онда дін де, дәстүр де биліктің ыңғайына қарай жығылуы мүмкін. Қоғамдық пікір емес, мемлекеттің көзқарасы басты өлшемге айналады. Мысалы, бір азамат шенеунікті сынады делік. Ал әлгі қызметкер «мен – мемлекет өкілімін, мені сынау – мемлекетті қорлау» деп түсінсе, онда жай ғана сын «адамгершілікке қарсы әрекет» болып шыға келеді. Сөйтіп, «құндылық» деген бос ұғымның ішін мемлекет өзі қалаған мазмұнмен толтыра бастайды: «Мынаны дұрыс деймін, мынаны бұрыс деймін» деп. Ал шын мәнінде құқық нақты әрекетке ғана баға беруі керек: адам заңды бұзды ма, жоқ па? Заң – жүріс-тұрыстың айқын шекарасы. Ал мораль – адамның ішкі дүниесі. Кімді жақсы көру, кімді жек көру, нені дұрыс деп санау – бұл әр адамның ар-ожданындағы мәселе. Сондықтан құқық пен адамгершілікті шатастырмау керек. Заң іс-әрекетті реттейді. Ал ар мен ұят, иман мен ізгілік – адамның жүрегінде қалыптасатын қасиет», — деді Нұрпейісов.

Заңгер адамгершілік пен құқықтық норманың ара жігін ажырату маңызды екенін айтты.

«Түптеп келгенде, Конституция деген – заң. Бірақ ол күнделікті мінез-құлықтың ұсақ-түйек ережелерін реттеуге арналмауы керек. Конституцияның басты міндеті – адам, қоғам және мемлекет арасындағы құқықтық шекараны айқындау. Яғни кімнің қандай құқығы бар, мемлекеттің өкілеті қай жерге дейін жетеді, қоғамның орны қандай... Соны нақты көрсетуі тиіс. Ал мінез-құлықтың нақты нормаларын, жауапкершілік түрлерін, тыйымдар мен міндеттерді қарапайым заңдар реттейді. Ондай заңдарды арнайы мамандар – заңгерлер, ғалымдар, тіл мамандары, құқық саласындағы мамандар дайындайды. Олар адамгершілік ұғымы мен құқықтық норманың аражігін ажыратып, қайсысы заңмен реттелуі керек, қайсысы ар-ожданның еншісінде қалуы тиіс екенін анықтайды. Ең маңыздысы – адамгершілік пен заңдылықты шатастырмау», — деді Нұрпейісов.

Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасына қатысты 15 наурызда референдум өтеді. 

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →