×

СҚО-да әкімдік Toyota Prado көлігін жөндеу үшін 2,4 млн теңгеге тендер жариялады

Қызметтік көлік және әлеуметтік мәселелер

СҚО-да әкімдік Toyota Prado көлігін жөндеу үшін 2,4 млн теңгеге тендер жариялады
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды / 2009 жылы шыққан Toyota Prado көлігі

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының әкімдігі мемлекеттік сатып алу порталында қызметтік көлікті жөндеу үшін 2 400 000 теңгеге тендер жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа зер салсақ, 2026 жылдың 17 ақпанында №16338386-1 жарияланған тендер «баға ұсыныстарын сұрау» тәсілімен өткізіледі.

Ұйымдастырушы: Айыртау ауданының әкім аппараты.

Қызметті құны: 2 400 000 теңге (ҚҚС есепке алынбаған).

Өтінім қабылдау мерзімі: 17-ден 19 ақпан 2026 жылға дейін.

Ұйымдастырушы ретінде әкім аппаратының жетекшісі ретінде Әлімғазы Ғабдуллин көрсетілген 

Жөндеуді қажет ететін көлік ретінде қызметтік Toyota Prado автомобилі көрсетілген.

Фото: goszakup.gov.kz сайтынан скриншот

Мемлекеттік мекемелер, соның ішінде әкімдік жұмысына қолайлы, сенімді көлік алып, оны жөндеуге ақша жұмсауға құқылы. Өйткені кейде аппарат қызметкерлері ауылдарға, шалғай елді мекендерге барып жұмыс істеуі тиіс. Дегенмен «өңірдегі әлеуметтік мәселелер шешімін тауып тұр ма?» деген заңды сұрақ жұртшылықтың көкейінде туындайтыны анық. Бұл мәселеде тұрғындар да өз пікірлерін білдірді. 

«Барған сайын бюджетте ақша жоқ. Жолдарға ақша сұраймыз. Көше шамдарына ақша сұраймыз. Балалар мектептен қайтқанда қараңғыда үйге келеді. Мысалы, Строительный көшесінде т.б. көшелерде мүлде жарық қойылмаған. Бірақ бұлар бір жыл бойы «бюджетте ақша жоқ» деп айтады. Енді келіп бюджеттен ақша алып көлік жөндеткелі жатыр», — деді бір тұрғын.

Тұрғындар автобус мәселесін де айтты. 

«Автобус мәселесі бізде мүлде шешілмей тұр. 5-автобус бір күн жүреді, бір күн сынады. 5 ай бойы автобус мүлде болған жоқ. 1500, 800-700 теңгеден таксиге төлеп жүруге мәжбүр болдық. Балалар мектепте бара алмай қалған кездер болды. Өйткені кей аймақтарда автобус жұмыс істемеді. Бұлар қызық. «Автобусты жөндеуге ақша жоқ», «жаңа автобусқа ақша жоқ» дейді. Бірақ мына көлікті жөндеуге  ақша бар», — деді тұрғын.

Редакция Айыртау ауданының әкім аппаратына ресми сауал жолдады. 

Toyota Prado деген қандай көлік?

Әкімдік бұл көлікті шамамен 2019 жылы сатып алған. Ол кезде көліктің бағасы шамамен 20-30 млн болған. Бұл өте мықты, барлық жерде жүре алатын сенімді көлік. Оны қалада да, ауылда да, қиыр шалғайда да мініп жүруге болады. Қазіргі кезде жаңа Toyota Prado Қазақстанда шамамен 33–40 миллион теңге тұрады. Бағасы көлік нұсқасына, жылына, қозғалтқыш қуатына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Тұрғындардың сөзіне қарасақ, қазіргі уақытта көлік қызмет орталығында бөлшектелген күйде тұр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Qaz365.kz редакциясы Айыртау ауданындағы жетімдер мен көп балалы аналар тұратын үйдің жағдайы жайлы жазған еді. Осы ауданға қарасты Саумалкөл ауылындағы 44-шағынауданда орналасқан көпқабатты үй кейбір жетім балаларға, көпбалалы аналарға мемлекеттен баспана ретінде берілген. Қабырғасы көгеріп, сыз болған, ылғал иісі сіңген, төбесінен су сорғалаған бұл үйде көпбалалы аналар, балалар үйінен шыққан жастар мен басқа да тұрғындар тұрады. Кейін редакциямыздың арнайы сауалына әкімдік жауап беріп, 2026 жылдың екінші жартысында іргелі жөндеу жұмыстары басталатынын мәлімдеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Сәресі мен ауызашар кезінде айтылатын дұға
Қазақстанда қылмыс ретінде танылған сталкинг жайлы не білуіміз қажет?
80-ге жуық саяжайдың 10-ға жуығында халық тығыз қоныстанған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →