×

30 жылдық мерейтойға орай 30 бастама: Іле Алатауы ұлттық саябағы 2025 жылы елеулі еңбекпен көзге түсті

Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтағы өзгерістер

30 жылдық мерейтойға орай 30 бастама: Іле Алатауы ұлттық саябағы 2025 жылы елеулі еңбекпен көзге түсті

«Іле Алатауы» МҰТП құрылғанына 30 жыл. Биыл  Ұлттық парк аумағында 30 жылдыққа арналған 30 іс-шара өтеді. Бұл туралы «Іле Алатауы» МҰТП бас директоры Елнұр Мұхаметжанов мекеменің 30 жылдығына арналған іс шараларды таныстыру кезінде айтты. Биыл Алматының іргесіндегі Ұлттық парктің құрылғанына 30 жыл толады. Саябақ аумағында орманды қалпына келтіру, өрттің алдын алу, туризмді дамыту және ғылыми зерттеулер бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Көктемде 42 гектар жерге 110 мыңнан аса көшет отырғызылған. Сонымен бірге 5 гектар аумақта орналасқан 7 уақытша тұқымбақта жас шыбықтар өсіріліп жатыр. Биыл 380 келі тұқым себіліп, жалпы 600 келі тұқым жиналған. Отырғызылған ағаштардың орташа жерсіну көрсеткіші 67,7 пайыз. 8 мың гектар аумақта орман-патологиялық тексеру жүргізіліп, 5 870 гектарда зиянкес пен түрлі ауру белгілері анықталған. Алма көбелегі, жапыраққа тиетін жәндіктер және жібек құрты жиі кездескен. Жапырақты ағаштарды сақтау үшін 2 629 гектарда әуе арқылы өңдеу жұмыстары жасалды.

Жыл басынан бері 22 орман өрті тіркеліп, 28,6 гектар аумақ зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі 524,4 мың теңге болды. Өрт қауіпсіздігін бұзған 53 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12,8 млн теңге айыппұл салынған. Саябақ төрт өрт сөндіру станциясын жаңартып, арнайы техника алып, жабдықтарды толықтырған.

Бір жылда 1 525 рейд, 27 тексеру жүргізіліп, 514 құқықбұзушылық анықталған. 23,7 млн теңге айыппұл салынды, оның басым бөлігі өндірілді. Заңсыз аңшылықтың екі дерегі тіркеліп, тиісті органдарға жолданған.

Саябақ аумағында сүтқоректілердің 48, құстардың 200-ге жуық түрі мекендейді. Қызыл кітапқа енген қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы мен түркістан сілеусіні сияқты сирек кездесетін аңдар да осында тіршілік етеді.

2025 жылы паркке келгендер саны 945 993 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға артқан. Бақылау бекеттерінен түскен қаржы 557,9 млн теңге болған. Қазір саябақ аумағында 46 туристік орын бар.

Қала әкімдігімен бірлесіп, ұзындығы 100 шақырым болатын 11 бағыт абаттандырылды. Ал 2026–2028 жылдары тағы 27 жаңа жол ашу жоспарланған. Жеке инвестиция есебінен Алма-Арасаннан Терра алаңына дейінгі 15 шақырым жол толық ретке келтірілді. Өткелді шатқалындағы радон көздеріне апаратын соқпақ та жаңартылды. Биыл глэмпингтер мен санитарлық тораптар салу көзделіп отыр. 2025 жылы саябақ базасында ин-витро клондық зертхана ашылды. Ғалымдар сирек өсімдіктерді көбейту мен биоалуантүрлілікті сақтауға басымдық беріп отыр. Бақылау бекеттерін автоматтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бірнеше шатқалда мобильді байланыс іске қосылды. Қауіпсіздік үшін спутник жүйесін енгізу жоспарда енгізілді.

«Таза Қазақстан» жобасы аясында 220 іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 мыңға жуық адам қатысқан. Қоқысты бөлек жинау жүйесі жетілдіріліп, жүздеген контейнер орнатылған. Ұлттық парк жайлы 500-ден астам материал жарық көріп, ондаған сұхбат пен танымдық мақала жарияланған.

Іле Алатауы – тек сұлу табиғатымен елдің үлкен байлығы болып қана қоймай, ондағы қызметкерлердің жүйелі еңбегінің нәтижесін көрсетіп отырған саябақ. Алдағы жылдары да саябақ орманды сақтау, туризмді реттеу және ғылыми ізденістерді күшейту үшін еңбек етуін жалғастырады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →