×

«Интернет бағасын екі есе арзандатсын»: Нартай Аралбайұлы тарифті қымбаттатқан операторларды тергеуге алуды талап етеді

Депутат бағасы удай тарифтер үшін жазалауды және елді мекендердегі интернет пен ұялы байланыс мәселесін шешуді талап етеді

«Интернет бағасын екі есе арзандатсын»: Нартай Аралбайұлы тарифті қымбаттатқан операторларды тергеуге алуды талап етеді
Фото: IG/ Нартай Аралбайұлы

Елде интернет жайы тағы да қызу талқыға түсті. Бағасы өсіп, сапасы сын көтермейтін мобильді байланыс мәселесін Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы көтерді. Ол премьер-министр Олжас Бектеновке ресми хат жолдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутат бұл қадамға не себеп болғанын өзі былай түсіндірді:

«Көптің талап-тілегін ескере отырып, өзім де қарапайым тұтынушы ретінде бұл жағдайға терең үңіле отырып, ҚР премьер-министрі Олжас Бектовке ресми хатты жолдап отырмын. Бұл мынау телефондағы мобильді тарифтердің бағасына қатысты хат. Мәтінді толықтай ресми түрде оқып берейін», — деді Нартай Аралбайұлы.

Хат мәтінінде елдегі интернеттің жай-күйі ашық сыналады.

«Мәселе жұртта жылдап болғанымен Қазақстанда табанына тас байлап алған интернет хақында. Мақтанғанда алдына қара салмайтындар ғаламтордың «ғаламаты» тұрғысынан «Токионы оздық» деп айды аспанға шығарғаны кеше ғана. Токиодағылар біздің тілді түсінбеді әйтеуір. Әйтпесе өзге ұлттан ұят болар еді. Ал шын мәніндегі жағдай қалай? Ақпаратты ақтарсақ, әлемге әйгілі Speed test-тің мәліметі мәлім болды. Ол жерде «Қазақстан әлемде интернеттің тұрақтылығы жағынан әлемде 88-орында». Көршілеріміз бізден көш ілгері. Мәселен Монғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Беларусь, Ресей. Бәрі біздің  алдымызда тұр. Сандық технологиядан талайды сан соқтырамыз деген интернет жылдамдығы Эквадор, Ямайка, Сальвадордан да төмен дейді сол интернеттегі дереккөздің өзі.

Сапаға қарап жатқан ешкім жоқ. Біздегілердің бағыты — бағаны қымбаттату. Бағасы батпан Қазақтелеком желісінің жауапты сәтке келгенде желі шығып кеткенін бәріміз көрдік. Сонысын сырып қойғанда бір жарым жыл бұрын «51 тарифті қымбаттатамыз» деп айды аспанға шығарған да осы компания еді. Ал Tele2 мен Altel былтыр 25 желтоқсанда интернет бағасын көтеріп тастады. Belline биыл жыл басында қалтаға түсті, Kcell мен Актив те сол сүрлеуден алыс кетпеудің амалын құруда. Айналып келгенде Қазақстандағы мобильді интернет бағасы кемі 20%-ға қымбаттады. Бұл — бассыздық. Себебі елімізде қазір 26 млн 300 мың ұялы телефон қолданушысы тіркелген. 18,8 адам мобильді интернетті қолданатады. Халықтың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі, кәсіп жүргізу мүмкіндігі, мемлекеттік базалардан ақпарат алуды, балалардың үлгерімін тексеруді, жұмыспен қамтуды, интернетке әкеп байлап, артынша тарифті қымбаттатып жіберу сорақылық емей немене?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жыл басында «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Бізге халық алдында жауапкершілігін жақсы білетін, әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек. Себебі халық болмаса олар ешқашан табысқа жете алмас еді»  деді. Табысқа жеткен операторлардың әрекеті әлгі. Ұялы байланысты ұялмай қымбаттата береді», — деп жазылған хатта.

Нартай Аралбай осы хатты жолдамас бұрын ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне хат жолдағанын айтты. Келген жауапты көрсеткен ол оны «жаттанды жауап» деп атады. Нартай Аралбайұлы осы жауапты Бектеновке хатпен бірге жолдамақ.   

Нартай Аралбайұлының талаптары мынадай болған:

  • 1. Жеке монополист компаниялардан интернет бағасын көтермеуді талап етіңіздер. Оған министрлік: «Байланыс қызметтердің бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды. Байланыс операторлары негізделген шығындарға сүйене отырып, байланыс қызметіне арналған тарифтерді дербес белгілейді» деген жауап қайтарған. 
  • 2. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 328 елді мекенді спутниктік арнаға қосу жоспарланған. Бірақ ұлттық жобадағы бұл межп ұмыт болды, мүлде орындалмады. Спутниктік арнасыз қалған ауылдағы ағайынның мәселесін мемлекеттік орган қалай шешті? Цифрлық даму министрлігі бұл жобаны 2025 жылға ауыстыра салды. Жыл өтті. Былтыр бұл межеде орындалмады. Бұған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі былай деп жауап қайтарған: «Байланыс операторлары байланыс желілерін дамытуды өз бетінше жоспарлайды және жүзеге асырады» деп жауап берген. 

«Салаға жауапты министрлік бағаны арзандатпақ тұрмақ, қымбаттатпауды талап ете алмаса? Ауылда ғаламтор тартуды талап ете алмаса, сонда жұрт кімге барып жүгінеді? Әлгі жеке меншік бағаны қымбаттатудан басқаны білмейтін, монополист компанияларды кім тезге салады?», — дейді Нартай Аралбайұлы.

Ол ұялы байланыс операторларының бағаны заңсыз өткізуіне қатысты тергеу өткізуді талап етеді. Оның пікірінше, айыптылар тек айыппұлмен құтылмай, республика аумағында қызмет көрсету құқығынан айырылуы қажет. Сонымен қатар ол елдегі тариф бағасын екі есе төмендетуі қажет деген талапты қойды. Ал «Қолжетімді интернет» жобасының неге уақытылы жүзеге аспағанын анықтап, жауаптылардың жауапкершілікке тартылуын талап етеді. Интернет пен ұялы байланыссыз отырған елді мекендердегі мәселені шешу үшін үкімет арнайы комиссия құрып, қоғам белсенділерін, сала мамандарын, депутаттарды қосуды талап етеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →