×

«Өзге елде әскер кінәлі деп ұрандамайды»: Бақытбек Смағұл әскердегі өлім-жітім жайлы сөз сөйледі

«Өзге елде әскер кінәлі деп ұрандамайды»: Бақытбек Смағұл әскердегі өлім-жітім жайлы сөз сөйледі

«Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының төрағасы, қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл әскер туралы кез келген әңгіме ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық психология, идеологиялық тұрақтылық тұрғысынан қаралуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бақытбек Смағұл өзінің Facebook парақшасында әскерге қатысты мәселелерді эмоциямен қарастырмау қажет екенін айтып, жазба жариялады. Ол өзге елдердегі әскер жайлы сөз қозғап, сол елдерде түрлі жағдайларда «әскер кінәлі» деп ұрандамайтынын атап өтті. 

«Израильде әскер — қасиетті ұғым. Қажет болса, қызы да, ұлы да әскери міндетін өтейді. Суицид те, зорлық та, қайғылы жағдайлар да кездеседі. Бірақ әрбір оқиға жүйені жақсартуға себеп болады. Ақпарат қатаң сүзгіден өтеді, эмоциямен мемлекетке шабуыл жасау заңмен тоқтатылады. Оңтүстік Кореяда міндетті әскери қызмет бар. Онда да әскердегі қысым, психологиялық күйзеліс мәселелері жиі көтеріледі, суицид фактілері тіркеледі. Бірақ қоғам бұл үшін армияны жек көрмейді. Керісінше, жастарды әскерге дейін психологиялық тұрғыда дайындау саясатын күшейткен. АҚШ-та кәсіби армия. Ол жақта өз-өзіне қол жұмсау деректері кей елдермен салыстырғанда жоғары болғанымен, ешкім «әскер кінәлі» деп ұрандамайды», — деді Бақытбек Смағұл.

Ол әскердегі өлім-жітімнің саяси популизмге айналып кететінін және қоғамда жауапкершілікті жоғарыға ысыру мәдениеті қалыптасқанын айтты.

«Бұл — посттравматикалық синдром, яғни қоғам мен мемлекеттің ортақ мәселесі ретінде қаралады. Көріп отырсыздар, өзге елдерде де әскерде өлім-жітім, психологиялық күйзеліс, ішкі тәртіп бұзушылықтары тіркеліп отырады. Яғни «армия мінсіз» деген ұғым жоқ. Сондықтан мұндай жағдайлар Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Біздің айырмашылығымыз — өзге елдерде мәселе саяси популизмге айналмайды. Ал бізде неге бәріне бірден «әскер кінәлі» деген айып тағылады? Себебі қоғамда жауапкершілікті үнемі жоғарыға ысырып қою мәдениеті қалыптасқан», — деді Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, адам 18 жыл бойы отбасында, мектепте, қоғамда тәрбиеленеді, ал әскер бұл тәрбиенің әлсіз жақтарын жылдам көрсетеді. Оның сөзінше, Қазақстанның суицид статистикасы әлемде жоғары қатарда тұрғаны қоғамның психологиялық дайындық деңгейінің төмен екеніне мысал. Б.Смағұл егер сарбазды қысым, қорлау немесе адам қадір-қасиетін таптау фактілері дәлелденсе, онда әскер командирлері қатал жауапқа тартылуы тиіс екенін атап өтті. 

«Қазіргі кезең — гибридті соғыс заманы. Ақпарат салмағы артты. Әскерге қатысты жалған ақпарат қоғамды үрейлендіріп, мемлекеттің тірегіне соққы береді. Бұл шынайы алаңдаушылық па, әлде әскерден елді алыстатуға бағытталған қысым ба? Біз мұны түсінуіміз керек», — деді Бақытбек Смағұл.

Еске сала кетсек, Жамбыл облысында Отардағы 21450-12 әскери бөлімінде ұрып-соққаннан жақ сүйегі сынған Қапар Есбол Қалыбекұлының ісінде екінші күдікті деп танылған Алдаберген Қасиеттің анасы жәбірленуші тараптан кешірім сұрауға келген еді. Алайда Қапар Есболдың әкесі Қалибек мырза оның ұлының жазықсыз екенін және кешірім сұраудың қажеті жоқ екенін айтты. Әскесінің сөзінше, әскерден босауына 4 ай қалғанда оны үш сержант соққыға жыққан. 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →