Ұлт болашағы экранның арғы жағындағы сапалы контенттен басталады
Бүгінгі таңда баланың тәрбиешісі – ата-анасы немесе мектебі ғана емес, қолындағы гаджеті. Экранның арғы жағындағы түрлі-түсті әлем кішкентай оқырман мен көрерменнің санасын қалыптастыратын басты құралға айналды. Алайда, сол ақпараттық ағынның сапасы мен мазмұны қандай? Біз ұрпақ тәрбиесіндегі ең қуатты қару – балалар контентін дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Осы сауалдарға жауап іздеген Qaz365.kz тілшісі ЮНИСЕФ-тің ұлттық тренері Сымбат Абдрахмановамен сұхбаттасқан еді.
Бала болмысынан еліктегіш келеді. Ол өзін сүйікті мультфильм кейіпкерімен немесе комикс қаһарманымен теңестіреді. Сондықтан, ұсынылатын дүние ең алдымен психологиялық тұрғыдан қауіпсіз болуға тиіс. Егер контенттен бала мейірімділік пен достықты, әділдік пен еңбексүйгіштікті көрсе, бұл құндылықтар оның мінез-құлқына іргетас болып қаланады. Ұлттық болмысымызға сай әзірленген, қазақы таныммен суарылған анимациялар баланың «қазақ» болып қалыптасуының алғашқы баспалдағы саналады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқан психолог, ЮНИСЕФ-тің ұлттық тренері Сымбат Абдрахманова мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балалар арасында ең кең таралған платформалар қатарында қысқа бейне форматындағы контент ұсынатын YouTube, TikTok, Instagram (Reels), YouTube Kids сынды әлеуметтік желілер барын айтты. Бұл платформалар балаларға визуалды тұрғыдан өте тартымды, бейнелер қысқа, динамикалық және эмоциялық тұрғыдан әсерлі болады.
– ЮНИСЕФ-тің Kazakhstan Kids Online зерттеуі көрсеткендей, балалар интернетті негізінен ойын-сауық және бейне көру мақсатында пайдаланады. Цифрлық орта баланың дамуына белгілі бір деңгейде пайдалы болуы мүмкін, мысалы, танымдық контент арқылы жаңа ақпарат алады, тілдік қорын кеңейтуі мүмкін. Алайда экран алдында ұзақ уақыт өткізу зейіннің тұрақтылығына, эмоциялық реттелуге және әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларына әсер етуі мүмкін. Психологиялық зерттеулерде жылдам ауысатын визуалды контентке жиі үйренген балаларда ұзақ уақыт зейін қоюды қажет ететін әрекеттерге қызығушылықтың төмендеуі байқалатыны көрсетіледі, – дейді психолог.
Зерттеулер бойынша, нейропсихологиялық тұрғыдан мұндай контент мидағы дофаминдік марапат жүйесін белсендіреді. Яғни бала әр жаңа видеодан тез эмоциялық әсер алады. Бұл жүйе жиі белсенген жағдайда бала жылдам және жеңіл ақпаратқа үйреніп кетуі мүмкін. Психологтың айтуынша, қысқа видеоларды шамадан тыс қарау зейіннің шашырауына, тез жалығуға және оқу әрекетіне қызығушылықтың төмендеуіне байланысты болуы мүмкін екені көрсетілген. Сондықтан мамандар мұндай контенттің уақытын шектеуді ұсынады. Кейбір ғылыми зерттеулер ерте жаста экран алдында көп уақыт өткізу сөйлеу дамуының кешігуімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.
– Баланың тілдік дамуы ең алдымен тірі қарым-қатынас арқылы қалыптасады: ата-анамен сөйлесу, бірлескен ойын, эмоционалдық байланыс. Егер бала көп уақытын экран алдында өткізсе, бұл өзара коммуникацияның азаюына әкелуі ықтимал. Ғылыми әдебиетте бұл құбылыс interaction deficit деп аталады, яғни бала тіл мен әлеуметтік сигналдарды экраннан емес, нақты адаммен қарым-қатынаста тиімді меңгереді. Сондықтан ерте жаста экран уақытын шектеу және ата-анамен белсенді сөйлесу маңызды, – деді маман С. Абдрахманова.
Қазіргі цифрлық дәуірде балалардың сөйлеуіне блогерлердің тілі, әлеуметтік желідегі трендтер және интернет мәдениеті айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан бала қандай контент көріп жатқанын бақылау оның тілдік мәдениетіне де әсер етеді. ЮНИСЕФ мамандары ата-аналарға балалармен бірге контент қарап, оны талқылауды ұсынады. Бұл баланың медианы сыни тұрғыдан қабылдауына көмектеседі. Баланың дамуы үшін экранды толық шектеуден гөрі, баламалы қызықты әрекеттерді ұсыну тиімді. Мысалы, кітап оқу немесе бірге ертегі оқу, сурет салу, құрастыру, шығармашылық ойындар, спорт және қозғалыс ойындары, үстел ойындары, ата-анамен әңгімелесу және бірлескен іс-әрекеттер, рөлдік ойындар.
Балалар контенті – бұл ертеңгі қоғамның келбеті. Егер бүгін біз баланың санасын сауатты, танымдық әрі қауіпсіз материалмен толтырмасақ, оны жат ағымдар мен бөтен құндылықтар жаулап алады. Сондықтан креативті индустрия өкілдері мен мемлекеттік органдар бұл бағытқа баса назар аударуы тиіс. Ұлт болашағы экранның арғы жағындағы сапалы контенттен басталады.