Тәртіп пен тәрбие жағынан да, сұлулық жағынан да қазақ қызының орны бөлек
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының сапында ел намысын қорғап жүрген батыл қыздардың бірі – аға лейтенант Әйгерім Төрехан. Қазіргі таңда ол Алматы қаласындағы 5572 әскери бөлімінде қызмет етедідеп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі tengrinews.kz сілтеме жасап.
Сонымен қатар жекпе-жек өнерінің шебері ретінде Ұлттық ұланның Burkit Team командасының намысын халықаралық және республикалық деңгейдегі байрақты бәсекелерде қорғап келеді. Оның спорттағы табандылығы мен өмірлік ұстанымы көптеген жастарға үлгі болып келеді.
Әйгерім Даулетбекқызы 2000 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Көктерек кентінде өтті. Ол қарапайым отбасында өсті. Анасы – Жадыра Сапаралиева санаторийде медбике болып жұмыс істейді. Әйгерімнің айтуынша, оның спорттағы және өмірдегі табандылығы анасының тәрбиесінен бастау алады.
«Менің қазіргі істеп жүрген жұмысым да, спортым да – анамның арманы. Ол ешқашан маған шектеу қойған емес. Қай істі бастасам да, соңына дейін жеткізе алатыныма сенеді. Үнемі қолдау білдіреді. Қазір де мені UFC-де көргісі келеді», – дейді ол.
Анасы да жастау кезінде күреске қатысып көрген. Бірақ сол уақыттағы қоғамда қыз баланың спортпен айналысуы ерсі саналатындықтан, спорттан кетуге мәжбүр болған. Соған қарамастан, спортқа деген қызығушылығы мен қолдауы қызын жаңа белестерге жетеледі. Әйгерім өзін сабырлы адам ретінде сипаттайды. Алайда мектепте болған бір оқиға оның бойындағы қайсар мінезді анық көрсеткен.
«Мен өзімнен бір-екі жас үлкен қыздармен бірге оқыдым. Бір күні бір қызбен төбелесіп қалдым. Есімді жиғанда ғана қарсыласымның талып қалғанын білдім. Сол кезден бастап ашуды бақылау керек екенін түсіндім», – дейді спортшы.
Ол спорт адамның агрессиясын дұрыс арнаға бағыттайтынын айтады. Әйгерім өз мінезін ешқашан кері шегінбейтін адамның мінезі деп түсіндірді.
«Сыну, құлау болады. Бірақ артқа қайту деген жоқ. Бастаған істі соңына дейін жеткізу керек. Бұл – менің ең басты ұстанымым», – деді ол.
Бұл қасиет оны үлкен спортқа алып келді. 2016 жылы кәсіби түрде аралас жекпе-жек өнерімен (ММА) айналыса бастайды. Сол кезде әскери қызметті таңдауға шешім қабылдады. Спорт жолының басында қиындық аз болмаған. Бойы нәзік, денсаулығы әлсіз болған қызға «спортта не істейсің?» деген сөз жиі айтылатын. Бірақ бұл сөздер оны керісінше жігерлендірді. Әйгерімнің спорттық жолы Сарыағашта басталды. Алғашқы жаттығудан кейін бір ай өткенде-ақ жарысқа қатысып, халықаралық турнирде екінші орын алады. Кейін республикалық жарыстарда топ жарып, спорт шебері атағын орындайды.
Университетте оқыған кезінде ол спорттағы жетістіктерінің арқасында толық грантқа қол жеткізіп, оқуын аяқтайды. Спортшы «Спорттық туризм» мамандығын бітірген. Оның жетістіктері мұнымен шектелмейді. Ол ушу-саньдадан Қазақстан чемпионы атанып, түрлі жекпе-жек бағыттарында өнер көрсетті. Сонымен қатар әлемдік ареналарда да табысқа жетіп, әлем чемпионатының жүлдегері атанды.
Әйгерім спорттық мансабында Бахрейн, Дубай, Абу-Даби, Таиланд, Египет (Каир) және Өзбекстан сияқты елдерде өткен халықаралық турнирлерге қатысқан.
«Қазақ қыздары мен үшін ерекше. Тәртіп пен тәрбие жағынан да, сұлулық жағынан да қазақ қызының орны бөлек», – деді кейіпкеріміз.
Шетелде жиі сапарда жүрген спортшы қазақтың мінезі мен рухын ерекше мақтан тұтады.
«Жоғарыда айтқанымдай, әр істі соңына дейін жеткізгенді жақсы көремін. Спортта да өзім белгілеген бір шек бар. Соған жеткенше тоқтамаймын. Ал одан кейін Қазақстандағы спорт саласына жаңа бастамалар әкелгім келеді», – деді Әйгерім Төрехан.
Оның ерік-жігері мен ұмтылысына қарап-ақ мақсатына жету жолында ештеңеден тайсалмайтынын аңғару қиын емес. Сондықтан ол алдағы уақытта да ел мерейін асырып, Ұлттық ұланның атын асқақтата түседі деген ойдамыз. Бұл жолда спортшыға сәттілік серік болғай.