Аймақтағы әскери қақтығыстың өршуіне байланысты Таяу Шығыс елдерінен 3300-ден астам Қазақстан азаматы отанға оралды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Эвакуация басталғаннан бері отандық және шетелдік әуе компаниялары 12 рейс ұйымдастырып, отандастарымызды жеткізген.
Қазіргі уақытта азаматтарды шығару тек әуе арқылы емес, құрлық жолымен де жүзеге асырылуда. Соның ішінде Ирандағы дипломаттар «Заркух» компаниясының қызметкерлерін эвакуациялауды үйлестіріп жатыр.
«Ирандағы шет елдік мекемелер 6 наурызда «Заркух» компаниясының 7 қызметкерін иран-армян шекарасына шығаруды жоспарлап отыр. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар аталған компанияның 34 қызметкерін автобуспен шекарадан өткізген болатын», — делінген СІМ хабарламасында.
Бүгінгі таңда Ираннан барлығы 52 қазақстандық шығарылды. Айта кетейік, 28 ақпаннан бастап Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігінде ұшуға толық тыйым салды. Сондай-ақ, Air Astana компаниясы Таяу Шығысқа тұрақты рейстерін тоқтату мерзімін 10 наурызға дейін ұзартты. СІМ азаматтарды бұл аймаққа, соның ішінде Мысырға сапар жоспарламауға шақырады.