20 наурыз – Халықаралық бақыт күніне орай Оксфорд университетінің әл-ауқатты зерттеу орталығы «Дүниежүзілік бақыт есебін» (World Happiness Report) жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Рейтингке сәйкес, Қазақстан 6.633 ұпай жинап, 33-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш бойынша ел Франция, Сингапур және Италия сияқты бірқатар дамыған мемлекеттерді басып озды.
Зерттеу барысында бақыт деңгейі алты негізгі фактор бойынша бағаланған: жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім, әлеуметтік қолдау, өмір сүру ұзақтығы, таңдау еркіндігі, жомарттық және сыбайлас жемқорлық деңгейі.
Әлемдік рейтингте тоғызыншы жыл қатарынан Финляндия көш бастап тұр. Ел 7.764 ұпай жинаған. Үздік үштікке сондай-ақ Исландия мен Дания кірді. Ал Швеция мен Норвегия тиісінше бесінші және алтыншы орындарға жайғасқан.
Зерттеушілердің айтуынша, скандинавиялық елдердегі дамыған әлеуметтік жүйе мен қоғамдағы сенім деңгейінің жоғары болуы халықтың әл-ауқатына оң әсер етеді.