Қазақстанда 20-дан 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін зейнетақы жинағын пайдаланудың ең төменгі жеткіліктілік шегін қайта көтеру ұсынылып отыр. Бұл туралы Сенатта өткен дөңгелек үстел барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы шоттарынан шамамен 5 триллион теңге шешіп алған. Оның ішінде 1 триллионы 35 жасқа дейінгі жастардың үлесінде. Әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жас буын жинағы шекті деңгейден сәл асса (шамамен 500 мың теңгеге), оны бірден пайдалануға асығатын көрінеді.
«Жастар зейнетақы жинақтарын шешіп алуға өте белсенді қатысуда. Бірақ бұл болашақта лайықты зейнетақы жинай алмау қаупін тудырады. Сондықтан біз Үкімет қаулысының жобасын дайындап, мемлекеттік органдардың келісуіне жібердік. Онда жеткіліктілік шегін есептеу формуласы қайта қаралды», — деді Асқарбек Ертаев.
Жаңа формула бойынша жеткіліктілік шегі өткен жылғы көрсеткіштен айтарлықтай жоғары болмақ. Министрдің түсіндіруінше, жаңа шек өткен жылғы сомаға инфляция деңгейі мен қосымша 2 пайызды қосу арқылы есептеледі. Бұл зейнетақыны пайдалану үшін қажетті соманың шамамен 10 пайызға өсетінін білдіреді.
Анықтама ретінде айта кетсек, зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану құқығы 2021 жылдан бастап берілген. Алайда жеткіліктілік шегі жыл сайын ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшерінің өсуіне байланысты қайта есептеліп отырады.