×

Жан дүниедегі арпалыс: өзіне қол салу жайлы ойлардың табиғаты

Жан дүниедегі арпалыс: өзіне қол салу жайлы ойлардың табиғаты
unsplash

Соңғы жылдары Қазақстанда психикалық денсаулық мәселесіне, соның ішінде суицидтік ойлардың алдын алу бағытына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігін талап ететін күрделі мәселе. Qaz365.kz тілшісі суицидтік ойлардың табиғаты мен оның алдын алу жолдары туралы тереңірек білу үшін психоанализ бағытындағы психолог, Орта Азия Психоанализ ассоциациясының кандидаты, Орта Азия Психоанализ институтының түлегі Зүлипа Абдрахмановамен сұхбаттасқан еді. 

– Суицидтік ойлар адам баласына қайдан келеді. Бұл туралы мамандар не дейді? 

– Фрейд және оның еңбектерін терең зерттеп, бала психоанализіне өз үлесін қосқан Мелани Кляйн суицидтік ойларды адамның ішкі психикалық күйімен байланыстырады. Фрейдтің пікірінше, адамдағы ашу мен агрессия кейде сыртқа емес, өзіне бағытталады. Соның нәтижесінде адам өзін кінәлап, өзін жазалауға ұмтылып, суицидтік ойларға бой алдыруы мүмкін. Кляйн бұл ойды тереңдетіп, оның негізгі себебі балалық шақта жатқанын айтады. Балада ерте кезеңде пайда болатын ауыр кінә сезімі (жақсы көретін адамға зиян келтіріп қойдым деген бейсаналық сезім) кейін ересек өмірде өзін жазалауға бейім етіп жіберуі мүмкін. Қысқаша айтқанда, бұл теориялар суицидтік ойлардың себебі  адамның ішкі қақтығыстары мен терең кінә сезімінен деп түсіндіреді.  

– Маман ретінде суицидтік ойлардың алдын алу үшін қандай шаралар атқара аласыз? Сіз немесе сіздің мекеме ол шараға қалай атсалысады? 

– Психоаналитик маман ретінде суицидтік ойлардың алдын алу үшін бірнеше негізгі кешенді жұмыс жүргізіледі. Зигмунд Фрейд және Мелани Кляйн идеяларына сүйенсек, бастысы – адамның ішкі сезімдерін түсіну. 

Біріншіден, біз адаммен сөйлесіп, оның ішкі ойын, ауыр сезімдерін қауіпсіз ортада бүкпесіз, ашып айтуына мүмкіндік жасаймыз.  

Екіншіден, суицидтік ойлардың алғашқы белгілерін ерте байқап, дер кезінде қолдау көрсетеміз. 

Үшіншіден, адамға өз эмоцияларын терең түсінуді және оларды реттеуді, жаман ойлармен дұрыс күресуді үйретеміз. 

Қажет болған жағдайда, отбасы мүшелері мен басқа мамандарды қосып, жан-жақты көмек ұйымдастырамыз. 

Қысқаша айтқанда, біздің мақсат – адамды жалғыз қалдырмай, оның жан-дүниесіндегі ішкі қиындықтарын бірге жеңуге қол ұшын созу, жәрдем беру әрі негативті эмоциясының позитивті эмоцияға ауысуына ықпал ету.  

– Сіздің мекемеге келетіндердің ішінде ондай ойда жүргендер болды ма? Олармен нақты қандай жұмыстар жүргізіледі? 

– Иә, тәжірибеде мұндай ойлармен келетін адамдар болады. Бұл – жиі кездесетін, бірақ өте маңызды, жіті назарда ұстайтын өте шетін жағдай. 

Біріншіден, біз адамға қауіпсіз орта жасап, оны мұқият тыңдаймыз. Оның өз ойын ашық, еш бүкпесіз айтуы өте маңызды. Сондықтан ортақ байланыс пен сенімді қарым-қатынас орнатамыз. 

Содан кейін оның жағдайын түсінуге тырысамыз: қандай қиындықтар бар, не себеп болғанын бірге анықтаймыз. 

Келесі қадам – қауіп деңгейін бағалау. Ол суицидтік әрекетке барды ма, әлде тек ойлап жүр ме? Егер жағдай күрделі болса, қосымша мамандарды (мысалы, психиатрды) тартамыз. 

Жұмыс барысында адамға эмоцияларын түсінуге және олармен дұрыс күресуге көмектесеміз, басты мақсат — клиентті қолдап, оны жалғыз қалдырмай, қауіпсіз жолмен қиындықтан шығуына көмектесу. 

Адамның психикасында ішкі «ата-ана» деп атайтын дауыс болады – бұл өз-өзін сынайтын, дұрыс емес қылықтары үшін кінәлайтын ішкі дауыс. Егер ол қатал болса, адам өзіне қатты ренжіп, жазалағысы келуі мүмкін. 

Кейде мұндай кезде адам «өзімді өлтірсем, осы ауыр сезімнен құтылар едім» деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде ол өзін емес, ішіндегі ауыр сезімдерді, кінә мен қысымды тоқтатқысы келеді. 

Бұл көбіне: 

•    өзіне қатал болудан, 

•    өз-өзін қабылдай алмаудан, 

•    ішкі сынның тым күшеюінен 

пайда болады. 

Мұндай ойлардың шырмауында жүрген адамның жалғыз қалуына, өзімен-өзі бұйығы болып кетуіне болмайды. Психологпен сөйлесіп, ішкі дауысқа қарсы тұруды үйрену арқылы бұл ауыр сезімді жеңуге болады. Қарапайым тілмен айтсам, адамның ішіндегі сыртқа менмұндалап көріне бермейтін қатал «ата-ана» болады. Адамдар сол қаталдықтан құтыламын деп өз-өзіне кол жұмсайды.  

– Психолог маман ретінде елімізде атқарылып жатқан суицидтік ойлардың алдын алу іс-шараларынан хабарыңыз бар болар. Нақты қандай шараларды білесіз? 

– Иә, суицидтік ойлардың алдын алу үшін нақты бірнеше тиімді шаралар қолға алынған: 

Біріншіден, ақпараттық-ағарту жұмыстары – мектептерде, университеттерде, жұмыс орындарында психикалық денсаулық туралы тренингтер мен дәрістер өткізілуі. Бұл адамдарға өзінің психикалық жағдайын ерте түсінуге көмектеседі. 

Екіншіден, психологиялық кеңес беру және сенім телефондары – дағдарыс кезінде адамға жедел қолдау көрсету өте маңызды. 

Үшіншіден, ерте диагностика – депрессия, күйзеліс сияқты белгілерді уақытында анықтап, маманға жіберу. 

Төртіншіден, қолдау ортасын қалыптастыру — отбасы, достар және қоғам тарапынан түсіністік пен қолдау көрсету. 

Сондай-ақ, психологтар мен мұғалімдерді арнайы оқыту да маңызды, себебі олар қауіп белгілерін бірінші болып байқай алады. 

Алдын алу шаралары – адамдарды сенімді әрі кәсіби танымдық ақпаратпен қамтамасыз ету.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Әр үйге газ: Қазақстан бұл межеге қашан жетеді?
27.03.2026ж. 21:11

Әр үйге газ: Қазақстан бұл межеге қашан жетеді?

Елдегі газдандыру жұмысына соңғы жылдары айтарлықтай ден қойылғанмен, түйткіл көп  
Қаланың барлық ауданында санитарлық тазалау жұмысы белсенді жүргізілуде
Ғалым, экономист, ұстаз Ғалымжан Керімбек ұмытылып отырған дәстүрдің мәнін түсіндірді 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →