Қазіргі уақытта 200-ден астам көшет отырғызылды, қалғаны сәуір айының соңына дейін егіледі
Бүгін Жетісу облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалпыоблыстық сенбілік өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ауқымды шараға өңірдегі барлық елді мекендердің тұрғындары, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ волонтерлер, эко-белсенділер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Осы күні Талдықорған қаласындағы «Қаратал» шағын ауданында орналасқан Жетісу университетінің студенттік жатақханасы аумағында облыс әкімі Бейбіт Исабаев жастармен бірге аумақты көгалдандыру жұмыстарына қатысып, 50 қылқан жапырақты ағаш отырғызды. Жалпы, бұл сенбілік аясында облыс бойынша 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды.
Жасыл желектерді егіп болған соң өңір басшысы сенбілікке келген жастармен әңгімелесіп, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуының маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі заман – цифрландыру ғасыры, цифрлық сауаттылық жастар үшін аса қажет. Экономиканың дамуы жаңа технологияға, терең білімге, әр адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне, табиғатқа, қоғам ісіне жауапкершілікпен қарауға тікелей байланысты. Сондықтан үнемі білім алып, үздіксіз өздеріңді дамып отыру қажет, – деді Бейбіт Исабаев.
Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі сенбілік барысында 2000 дана шаруашылық құрал-жабдығы таратылып, 44 бірлік арнайы техника жұмылдырылды, 238 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Талдықорғанда 13 мың ағаш отырғызу жоспарланған, оның 2 мыңы көктемде, 11 мыңы күзде егілмек. Қазіргі уақытта 200-ден астам көшет отырғызылды, қалғаны сәуір айының соңына дейін егіледі. Отырғызылған ағаштарға күтім жасау жұмысы да жүйелі жүргізіледі.
Тазалық шарасы туралы қатысушылардың бірі Сабина Нұрахмет пікір білдірді:
– Мен «Авиценна» медициналық колледжінің 1-курс студентімін. «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Осындай қоғамдық іс-шараларға үнемі қатысамын. Бүгін біз ағаш отырғызып, аумақты тазалау жұмыстарына атсалыстық. Алдағы уақытта да осы жасыл желектерге күтім жасауға қатысатын боламыз. Табиғатқа қамқорлық жасау – біздің парызымыз, – деді ол.
Сондай-ақ Ескелді ауданы Көкжазық ауылының тұрғыны да ой қосты:
– Біз әр сенбі сайын ауылымызды тазалау жұмыстарына қатысамыз. Бүгін ағаш діңдерін әктедік, аумақты тазалап, қоқыстан арылттық. Ауылымыз таза әрі көрікті болғанын қалаймыз, сондықтан оған өз үлесімізді қосамыз, - деді ол.
Жалпы облыс бойынша сенбілікке 15 мыңнан астам адам қатысып, 225 бірлік техника жұмылдырылды. Өңірдің елді мекендерінде 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды, оның 6800-і жапырақты, 1426-сы қылқан жапырақты ағаштар.
Ал жыл басынан бері облыстың санитарлық тазалығына 37 мыңнан астам адам қатысып, 576 бірлік техника пайдаланылған. Соның нәтижесінде 3,9 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, шамамен 19,9 мың ағаш отырғызылды.
Тағы бір атап өтерлігі, қазіргі уақытта Талдықорған қаласында абаттандыру бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі Қаратал өзенінің жағалауында 9 гектар аумақта автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған құрылыс учаскесіне жауапты Бағдат Тасболатовтың айтуынша, жұмыстар наурыз айында басталып, мамыр айының ортасында аяқталады, нысанда шамамен 40 адам еңбек етуде. Қазіргі таңда жалпы жұмыс көлемінің шамамен 50%-ы орындалды. 40 мың шаршы метр жасыл газон аумағында 44 магниттік клапан орнатылып, әр аймақ жеке-жеке суарылатын болады. Сумен қамтамасыз ету үшін жеке ұңғыма қазылуда.
Осындай жұмыстар «Жастар» саябағында да жүргізілуде, мұнда жаңбырлатып суару жүйесі 4 гектар аумақты қамтиды. Жобаға мердігер ұйымның 20 жұмысшысы мен 12 бірлік техникасы жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жұмыстардың 30%-ы орындалды, жобаны белгіленген мерзімнен бұрын — шамамен маусым–шілде айларында аяқтау жоспарланып отыр.