×

«Ажырасып жатқандар бар»: Аймағамбетов елімізде психологтарға нақты талаптар қойылуы керек екенін айтты

«Ажырасып жатқандар бар»: Аймағамбетов елімізде психологтарға нақты талаптар қойылуы керек екенін айтты
Gov.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде психологтарға нақты талап қойылуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың айтуынша, бүгінде қарапайым қызмет түрлерінің өзіне нақты талаптар қойылғанымен, күйзеліске түскен адамдармен жұмыс істейтін мамандарға бірыңғай талап жоқ.

«Мақсаты – күйзелістегі жағдайдағы адамдармен жұмыс істеу үшін нақты психологтарға нақты талап қою. Қазіргі уақытта көшеде шаурма сатса, самса сатса, оған нақты талап қоямыз. СЭС-тің санитарлық кітапшасы болуы керек, тіпті шаш қиятын азаматтарға да белгілі талаптар бар. Ал енді күрделі жағдайдағы адамның күйзеліс кезінде оның психикасымен жұмыс істейтін азаматтарға бүгін ешқандай талап жоқ», — деді Аймағамбетов.

Ол әлеуметтік желілерде өзін «психолог» деп таныстыратындардың көбейгеніне назар аударды.

«Instagram, TikTok-ты ашсаң, әрқайсысы бір “эксперт”, әрқайсысы бір психолог. Түрлі ұсыныстар береді. Тіпті бізге келіп жатқан шағымдардың ішінде ажырасып кеткен азаматтар да бар», — деді депутат.

Аймағамбетов бұл жағдайды жүйелі мәселе ретінде бағалап, бірнеше түйткілді атап өтті.

«Басты мәселе – психолог деген кім, оған қандай талаптар қойылады деген сұрақ. Екіншіден, оның қандай жауапкершілігі бар. Үшінші мәселе – психологты психиатрдан айыруымыз керек», — деді ол.

Оның сөзінше, психиатрлар дәрі-дәрмекпен ем жүргізетін медициналық мамандар, сондықтан екі саланың аражігін ажырату маңызды.

Сонымен қатар, депутат азаматтардың жеке мәліметтерінің сақталуы мәселесін де көтерді.

«Азаматтар психологқа барып, өз мұңын, жеке әрі сезімтал ақпаратын айтады. Ал сол ақпараттың сыртқа тарап кетіп жатқан жағдайлары да бар. Өйткені бізде кәсіби құпия туралы нақты норма жоқ», — деді Аймағамбетов.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →