Жарыққа шыққанына 2 жыл болған «Жеті апа» атты туындыны қоғам қайта талқылап жатыр
Заманауи сурет өнерінде түрлі эксперименттер бар. Кейде көне дәстүр мен жаңа идея ұштасқан тұста өнердің тынысы біршама кеңейді. Қазақ суретшілерінің арасында жаңалыққа ұмтылыс жасап жүрген қылқалам шеберлері де аз емес. Солардың бірі, әрі туындылары қоғамда қызу талқыланған суретші — Мөлдір Қарубайқызы. Желіде тіпті оның «Жеті апа» туындысына қатысты жазылған hate speech өте көп. Дегенмен көшпенді қазақ халқының салт-дәстүрі, болмысы мен заманауи модерн өнерді үйлестіре алған суретшінің басқа да көзтартарлық туындылары бар.
Qaz365.kz редакциясы қоғамның назарын аударған суретшіге хабарласып, оның шығармашылығы мен өнері турасында сұхбат алды.
Мөлдір Қарубайқызы — тек қылқалам шебері емес. Ол бояулармен ғана шектеліп қалмай, дизайнға көңіл бөліп, кенеппен түрлі туындылар жасап жүр. Оның туындылары көнеден қалған болмысқа ұмтылып, оны заманауи модерн бағытында көрсетеді. Суретші құдды: «Әлемді таңдай қақтырған көрмеде тұрған қымбат туындылардың қатарында қазақтың жаңғырған дәстүрлі қолөнері де тұра алады» деп айтқысы келетіндей. Дегенмен оның формасы мен аты өзгеше «Жеті апа» атты туындысы қоғамның үлкен наразылығын тудырды. Жарыққа шыққанына 2 жыл болған туындыға желілерде қайтадан пікірлер жазылып жатыр. Біз автордың көзқарасы мен ойлары жайлы сұрастырып көрдік.
«Өскін»
160x160 / кенеп, акрил, текстуралық паста/ 2024 жыл
— Мөлдір ханым, өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Қай жақтың тумасысыз? Қай жасыңыздан бастап өнерге қызықтыңыз?
— Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шалкөде ауылының тумасымын. Сол жақта 7 сыныпқа дейін оқыдым. Содан Темірбек Жүргенов атындағы мектепте де, колледжінде де, академиясында да оқыдым. Он екі жыл колледжде сабақ бердім. Қазір үш жылдай еркін суретші ретінде шығармашылықпен айналысып жүрмін.
— Сіздің шығармашылығыңызға өміріңіздегі қандай оқиғалар әсер етті? Өзіңізге ерекше әсер еткен ұстаздарыңыз, болмаса үлгі тұтқан қандай өнер адамдары болды?
— Жалпы шығармашылығым бірнеше кезеңнен тұрады. Академияда оқып жүрген кезең, декреттегі кезең, декреттен кейінгі кезең деп бөлінеді. Әр кезеңде жаңа шығарма жазамын. Негізі кескіндеме өнеріне келуім балалық шақтан басталды. Үй іші мені математика бағытына бермек болған. Кейін өзіме-өзім сауал қойып, осы бейнелеу өнеріне келдім. Бірақ маған: «Дизайнер боласың» деді. Колледжге түсерде интерьер дизайнері деген мамандыққа түстім. Оған дейін Мәлік ағай (ред. Мәлік Дүйсенбаев) маған бейнелеу өнеріне түс деп айтып жүрген. Екінші курста жүргенімде сол ағайым келіп: «Ақыры сен түспедің» деп, сурет салып отырған кабинеттен алып шығып, өз кабинетіне апарып, құжаттарымды ауыстырып, бейнелеу өнері мамандығына түсірді. Солайша ол кісі менің алғашқы қадам жасауыма әсер етті. Ол кісіден 1,5 жыл сабақ алдым. Үлгі тұтатын адамым — осы ұстазым.
«QUŚAQ» 2
150x150 / кенеп, акрил / 2026 жыл
— Сіз өнердің «миссиясы» бар деп санайсыз ба? Оның қоғамға әсері жайлы не дейсіз?
«Өнер адамзаттың көзін сүртіп тұру үшін қажет» дегенге келісемін. Өнер тек бейнелеу өнері емес қой, оған әдебиет те, кино да, музыка да, мүсін жасау мен архитектура да кіреді. Өнер бізді үйретіп отырады. Ол болмаса, біз басқаша өмір сүрер едік. Мен өзім үлкен миссия атқарамын деп ойламаймын. Суретші алдымен өзіне ұнайтын нәрсе салуы керек, оның бәрі эстетикалық үлгіде болғаны дұрыс және ішіңдегіні шығара білу керек. Сол кезде ол шындыққа ұласады. Шын нәрсе өзге адамға да ұнайды.
«УЫЗ»
150×150, кенеп, акрил / 2023ж
— Шығармаларыңызды ұлттық нақышпен қабыстыруыңызға не түрткі болды?
— Өйткені қазақ болған соң, болмысымызды көрсеткіміз келеді. Қазақылықты көрсету деген тек оюға байланып қалған жоқ. Оны формамен, түспен де беруге болады. Мысалы мен көбіне доғал формаларды саламын. Қоңыр түстерді бергім келеді. Монохромды түстер де бізге келеді. Бұл қазақтың даласын бейнелейді деп есептеймін. Өзім Шалкөде ауылында туған соң ба, табиғаттан шабыт аламын. Ол жердің тауы да, ауасы да тұнық келеді. Сол үшін осы түстерді, формаларды пайдаланамын.
«Жеті апа»
Екі кісілік жамылғы құрақ көрпе
Орындағандар: Мөлдір Қарубайқызы, Уразова Мәншүк, Көмек Бинұр, Бейсембай Айнұр
— «Жеті апа» шығармасы арқылы не айтқыңыз келді? Алғаш қалай бұл туындыны ойластырдыңыз?
— «Жеті апа» туындысының тарихы мүлде бөлек. Мен өзімді әлі жатырдан шықпағандай, басқа әлемде өмір сүріп жатқанымды сездім. Өзімнің тар әлемімде қамалғанымды түсіндім. Негізі былай болды. Біз пленэрге бардық. Ол жерде біз «Ұлы тау шыңдары» деген тақырыпта сурет салып жүрдік. Сондай бір суретші бізге былай деді: «Негізі сендер тау, ұлы тау деп сурет салып жүрсіңдер. Бірақ қоғамда көтеретін мәселе жеткілікті. Қаңтар оқиғасы бар, әйелдердің қорлық, зорлық көріп, өмірден өтіп кетіп жатқаны бар, экология, су тапшылығы, ауаның ластануы деген тақырыптар бар. Ал сендер әлі баяғыда қалып кеткен «Ұлы тау шыңдары» деген тақырыпта сурет салып жүрсіңдер. Әлі жассыңдар» деді. Сол сөз маған ой салды. Кейін сол суретшіні зерттей бастадым. Сұхбаттарын тыңдадым. Бұрын подкаст тыңдамайтын да едім. Сурет тек эстетикалық сипатта болу керек, оның тек түрі, түсі әдемі болса болды деген оймен жүретінмін. 2022-2023 жылы осылайша концептуалды ойға бекіндім. Бұрын зиялы болған адамдардың орысша сайрайтынына қарап, даму үшін алатын ақпараттардың көбінің орысша екеніне қарап, орысша білу керек деп ойлайтынмын. Қазақ тілінің тынысы қазіргідей кең ашылады деп ойламадым. Бірақ кейін қазақша сөйлейтін замандастарымды көріп, заманға сай ойын көріп, олардың бәрін зерттеп, іздеп тауып, кейбіреуімен тікелей кездесіп, ойым өзгерді. Бұл ойды тек өзімнің ішімде ғана қалдырмай, басқаларға да айтқым келді. Сөйтіп оны бір формаға сыйдырғым келді. «Тамыр» атты туындымда осы ойды бейнеледім. Яғни, тамыры тереңге кетпеген, тамыры әлсіз нәрсенің өзі де ұзаққа бармайды. Сол үшін мен тамырларды салғанда біреуі терең кеткен, біреуі сынған, біреуі әлсіз түрлі бейнелерді көрсеттім. Бұның бәрін өзіміздің оюдың нақышында салдым. Бұл біздің қазіргі болмысымыз дер едім. Солай көрмеге дайындалып жатқанда «Жеті апа» идеясы шықты.
Оған дейін мен масс медиа жəне кино зерттеушісі Молдияр Ергебековпен танысқан едім. Ол кісі менің шеберханама келіп, «Тамыр»деген туындыммен танысты. Ол картиналар бірнеше сериядан тұрады. Соның ішінде «Жеті Ата» деген шығарма да бар. Сонда Молдияр мырза: «Мына тамырларға әйелдердің бейнесін салып қойсаң жақсы болар еді. Тарихта да еркектердің аты көп аталады да, әйелдер тасада қалады» деді. Мен сол тамырларға салсам, сюрреалистік картина болып кетеді деп ойладым. Сосын көрмеге он күн қалғанда әкемнің үйіне бардым. Туған күніне заманауи шежіре сыйлаған екен. Соған інілерімнің аты жазылыпты да, сіңілім екеумізді қоспапты. Соған сәл ренжігендей болдым. «Қыздардың аты жазылмайтынын білемін, дегенмен кейінірек алып тастаса да болады ғой» деген ойда болдым. Сөйтіп көрмеге он күн қалғанда «Жеті апа» шығармасын жасаймын деген ойға келдім. Солай тамырға ұқсатып сыза бастағанымда, оның формасы жатырға ұқсап бара жатқанын көрдім. Сөйтіп, «ел қалай қабылдайды, қабылдай ма?» деген сұраққа бас қатырмай жасадым. Ондай ой болмады да. Солай мен картинаны жасап, бес қатпарлы етіп, қоңырға бояп, дайындап қойдым.
«Жеті апа» сериясынан
— Бұл туындыңызды қоғам қалай қабылдады? Хейт пікірлерді сіз қалай қабылдадыңыз?
— Иә, алғаш көрмеге қойған кезде бұны көбі түсіне бермеді. Қоңыр түсті болған соң ба, көбі бұны «пияз ба?», «апта ма?» деп жатты. Содан кейін мен Астанада көрме өткіздім. Соған мен қызғылт түспен жасап апардым. Соны Instagram желісіне салдым. Басында тек жақсы пікір жинады. Себебі ол жерде тек жақын таныстарым, өнерді түсінетіндер отыратын. Содан кейін оны Ая Шалқар сатып алды. Оны бір подкастта айтты. Содан кейін жазылушылар да көбейді, хейт те көбейді. Мен ешқандай резонанс болады деп ойлаған жоқпын. Себебі біз суретшілер жалаңаш денені, дене мүшелерін салып үйренгенбіз. Ол біз үшін ұят емес, тек анатомияны дәл салу үшін қажет еді. Ал енді мына туындыда да мен оны дәл бейнелеп салмадым. Тек формасын келтірдім. Сол үшін мен одан бір «шу шығады» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Басында хейтті қабылдау қиын болды. Оны күтпедім. Анам ұрсатын шығар деп ойлап едім. Бірақ ол мені қолдады.
— Қоғам кейде өткір, ел жатырқай қарайтын шығармаларды (әсіресе, табу болған тақырыпты қаузайтын шығармаларды) қызу талқылап жатады. Сіздің ойыңызша, өнер иесінің ішкі дауысын «естуі» үшін сондай батыл қадамдарға барып тұру қажет пе?
— «Жеті апа» шыққан кезде өз көрерменін өзі «жинады». Сол кезде таңқалдым. «Өнердің тілі өткір екен ғой» деп. Өнер үнемі алда жүреді, адамдар тез қабылдайды. Қаншама рет айтылған, жазылған дүниелерге қарағанда адамдар көретін нәрсені бірден байқайды. «Жеті апа» көзбен көргенге арналған ғой. Сондықтан бірден назарды аударды. Көп адам: «Неге бұлай?» деп ойға кетті. Мұндай шығармалар, саяси болмаса қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын туындылар заманауи суретшілерде де бар. Сол кісілердің жұмысы бірден «өтеді».
«Жеті ападан» кейін мен суретшілердің батыл қадамдарға баруы қажет екенін түсіндім. Көбірек осындай батыл шығармалар жасап, стереотип болып кеткен, таптаурын, табу болып кеткен түйіткілді мәселелердің тек формасын ғана беріп қоймай, оны зерттеу қажет. Мысалы, бейәдеп сөздердің бәрін қарасаңыз, адамның мүшелерін қолдану арқылы бұл атауларды бейәдеп сөзге айналдырған. «Неге олар бейәдеп сөзге айналып кеткен?» деген сауал қойып зерттеулер жасап жатырмын. Ақселеу Сейдімбектің «Бейпіл сөздер» жайлы кітабын оқып жатырмын. Өйткені менің тағы бір табу болып көрінетін жұмысым бар. «Эротика мысалы қоғамда неге табуға айналып кетті?» деген зерттеу жүргізіп жатырмын. Келесі көрмем сол «Махаббат көрпесі» деп аталатын туындыға арналады. Әзірге ол дайын емес, эскизін салып жатырмын.
360IU
150x150 / кенеп, т.паста / 2024 жыл
— Сізге ерлер мен әйелдер тарапынан әртүрлі пікірлер келді ме?
— «Жеті апа» шығармасына өте ауыр пікірлер көп айтылды. Әйелдер де, ерлер де сондай ауыр пікірлер жазды. Мысалы, жігіттер жатырды көріп, мазақ қылып: «Мынау жатыр ғой!» деп өте дөрекі сөздер жазды. Жыныс мүшесіне қатысты бейәдеп сөздер айтылды. Олар басқа мағына көрмей, сол жағын ғана көріп тұр. Сондағы өресі сол болып тұр. Әйелдердің көбісі: «Неге сіз жатырды домалақ қылып бейнелемедіңіз?» деп жазды. «Неге сіз кіреберіс, яғни қынапты бейнеледіңіз?», «Бұл өте тұрпайы» деген сияқты әңгімелер айтылды. Бірақ жатыр да, қынап та адамның мүшесі ретінде саналады. Дәл қынапты «жаман нәрсе» секілді санап, жатырды олай деп санамайды. Бастау алатын жері сол жер болғанымен оған қарамайды. Жақында қайтадан Threads желісіне жарияланғанда көптеген хейт айтылды. Сол кезде менің жұмысыма айтылған хейттер маған аса қатты әсер еткен жоқ. Себебі мен өз жұмысымның жақсы жұмыс екенін білемін. Хейт арқылы керісінше оны көбірек адамның көріп жатқаны жақсы болды.
«Жеті апа-3»
кенеп, акрил, т.паста / 60x60 / 2024 жыл
Бірақ жеке басыма қатысты айтылған хейттер ауыр көрінеді екен. Бұрын-соңды суретшінің жеке басына қатысты айтылған хейтті көрмеппін. Солар ғана бір-екі күндей мені мазалады. Одан кейін оны да тез ұмытып кетуге тырыстым. Достарым қолдау көрсетіп, қайтадан өз қалпыма келдім. Хейттен бөлек өте көп жақсы пікірлер айтылды. Көп әйел адамдардың айтқаны: «Біз бұрын соңды ойланбаппыз. Шынымен біздің апаларымыз бар ғой. Олар кімдер?» деген секілді сауалдар қойды. Өз тектеріне үңіліп, тірі жүрген аналарынан әжелерін сұрастырған қыздар болды. Осы жайлы зерттеп жүрген қыздар да хабарласты. Хиджаб киген құрбыларым: «Біз қынабымыздың түріне қарауға ұялатын едік. Қазір біз оның табиғи мүшеміз екенін түсінгендей болдық» дегендер болды. Ерлердің көбі қарсы шығып жатты: «Жеті апа дейтіндей, сен жат жұрттықсың ғой. Келін болып келген соң сіңіп, сол үйдің адамына айналасың. Бұл идеяң дұрыс емес» деп айтты.
«Көктем»
Кенеп, акрил, т.паста / 123x93 / 24.02.24 жыл
— Суретшілер мен ортаңыздың реакциясы қандай болды?
— Суретшілер өте жақсы қабылдады. Дегенмен ол ортада да консервативті көзқарастағы суретшілер бар. Бұл жұмыс көбіне «Жеті апа» деген атауымен қоса, формасы осындай болған соң адамдарға қатты әсер етті. Көп кісілер күліп қарады. Араласпай кеткендер де болды. Әртүрлі реакциялар болды. Бұл жұмысты 2 жыл бұрын жасағанмын. Енді міне қайта оянып, қайтадан бір басқа реакция алып жатыр. Менің таңқалатыным, осындай жағдайларда қазақта секс болмағандай сөйлейтіндер көп. Негізі сол болған соң біздің халқымыздың саны көп болған.
— Сіздің ойыңызша қазақ халқы қандай тарихи маңызды естеліктерін жоғалтып алды? Соның ішіндегі ең қасіреттісі деп қай кезеңді немесе ұлттық болмысты жоғалттық деп санайсыз?
— 2025 жылы Алматыда Дастан Аққожа екеуміз «Жад жолы» көрмесін жасаған едік. Әрине, жоғалтып алған, осы ұрпаққа жетпей кеткен дүниелер көп. Салт-дәстүр заманға қарай өзгеріп отырады. Мысалы, қазіргі заманға сай кейбір дәстүрлер керек, ал кейбірі ескіріп қалды. Біз «Жад жолы» деген көрмеде қайтып кеткен кісіні еске алуға көңіл бөлдік. Көрменің негізгі концепциясын Дастан мырза жасады. Мен қосымша суретші болдым және форма жағынан көмектестім. Сол кезде екеуміз де жақындарымыздан айырылған едік. Сол уақытта анамның қайтқанына 100 күн болған, көрмеге баса мән бере алмадым. Тек Дастан мырзаның арқасында ғана, қасында жүріп жасаған көрмем. Маған сол кезде өте ауыр болды. Біз төбедегі көздерді жасап шығу үшін 400-дей жақынын жоғалтқан адамның оқиғасын оқыдық. Жақында ғана анамнан айырылған маған бұл оқиғалар өте ауыр тиді.
Ал «Тамыр» көрмесіне дайындалғанда таңқалғанмын. Біздің санамыздың ашық болғаны, қараңғы болмағанымыз, өмірге басқаша қарайтынымыз, бәрі-бәрі мықтылығымызды көрсетеді. Мысалы, Алаштықтардың қазіргі заманауи оймен өмір сүргені, әйел теңдігін алға тартқаны, оның алдындағы қазақтың ойшылы Абайдың өзі қандай тұлға болған? Әр заманның өзінің озық адамдары болған. Бірақ біз осындай заманда өмір сүріп жүріп, сол озық идеяларды жоғалтып алғанбыз. Қазіргі қоғамдағы жағдайлармен салыстырып, өкіндіретіні сол қараңғы болып, надан болып шыға келгеніміз екенін байқаймын. Дәстүр, тарихтан бұрын осы өкіндіреді.
«Шексіздік» («Тамыр» сериясынан)
160х120, кенеп, т. паста, акрил / 2023 жыл , Алматы қаласы
Көкейімде: «Бұрын озық ойлы болған қоғам қазір неге мұндай болды?» деген сұрақ туды. Соның ішінде мен өзім де кіріп кеттім. 35 жасқа келіп қана санам ашылғанына қатты ыза болдым. Сол арқылы мен «Тамырды» салдым. Сол арқылы шерімді шығарып, адамдарға осы ойымды айтқым келген. Ең қасіреттісі — осы ағартушыларды қоғамды қараңғы ету үшін қырып тастаған кезең деп ойлаймын. Ал дәстүр заманға сай түрленіп отырады. Алдағы уақытта «Ұмытылған дәстүрлер» атты көрме өткіземін. Біз дәстүрді ұмытылмайтын әдет ретінде сақтап қаламыз, алайда оның мағынасын білмейміз. Сондай дәстүрлерді көп жасаймыз. Үйлену той, қыз ұзату секілді тойларда түрлі жосындар бар. Мысалы, қыз баланың белінен ақ матаны өткізіп жатады. Бұл қайдан келген дәстүр? Неге бұлай істейді? Осындай сұрақтарға келгенде кейбір кісілер оны тіпті білмейді. Жатталып қалған әдет ретінде жасай береді. Сол сияқты кейбір дәстүр жаттанды реакция сияқты жасалады. Алдағы уақытта солар туралы зерттеп, жұмыстар жасаймын.
«TAMYR»
50×60 / Кенеп, текстура пастасы / 2023 жыл
— Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Елдің таптаурын түсініктеріне қайшы, қоғамды таңқалдыратын өзгеше шығармалар жазу ойыңызда бар ма?
— Алдағы уақытта «Махаббат көрпесі» атты туындымды жасаймын. Бұл да табу тақырып жайлы болады. Одан кейін «Ұмытылған дәстүр» деген жұмыс бар. Ал дәл қазір жасап жатқан жұмысым мүшел жас туралы. Бір адамның өзінің ғана болмысына арналады. Яғни, «Су және мен, мүшел» деген 3 тақырыпты бірге алып, көрме өткізгелі жатырмын. Бұл көрме адамның ішкі жан дүниесіне арналады. Басқа түскен түрлі қиындықты өткеру, өз қалыбынан шығып басқа этапқа өту жайлы.
Қоғамды таңқалдыратыны — сол «Махаббат көрпесі» болуы мүмкін. Ал мүшел жас жайлы туындылар адамның өзіне арналған соң сондай таңқалатын нәрсе жоқ. Дегенмен бір туындымда жалаңаш әйел адам жуынып жатады. Бірақ ол арка тәрізді өте жұмсақ түстермен жазылған. Ол жерде бір провокация болатындай жалаңаш әйел жоқ. Су мен әйел адамның тығыз байланысы, тазару, айналу, жаңа этапқа өту деген тақырыптар бар. Сосын мүшел жасқа өту жайлы осы көрмеде айтып кетемін. Мамыр айының аяғында осы көрмені жасаймын. Одан кейін көрмелер сол «Махаббат көрпесі», «Ұмытылған дәстүр» және экологияға байланысты тағы бір көрме өткіземін.
— Сұхбатыңызға рахмет!