×

Қымбатшылық қысып барады: депутат дүкенге баруға қорқатынын айтты

Депутат бұл цифрларға қарапайым халық сенбейтінін айтады

Қымбатшылық қысып барады: депутат дүкенге баруға қорқатынын айтты
aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев  ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасының жалақыларға қатысты өтірік статистикасын әшкереледі, деп хабарлайды Qaz365.kz

“Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді маған. Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз. Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде екенін айтады”, - дейді депутат.

Ол Статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21 пайызға өскенін еске алып өтті.

“Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр. Кеше бүкіл аймақ бойынша біздің партияның мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 пайызға бағаның шарықтағаны байқалады. Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсуде. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың”, - дейді Елнұр Бейсенбаев.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Депутат бұл цифрларға қарапайым халық сенбейтінін айтады. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес деп санайды.

“Мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтындығын көрсеткен болатын. Яғни, инфляцияның өсуі, экономикалық рисктердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді.  Соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 пайызы, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді.  Қазақстанда жұмыссыздар статистикасы тек халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы өтініш бергендердің есебінен жүргізітені анық. Сондықтан жұмыссыздардың көбі есептен тасады қалып қояды”, –  дейді мәжілісмен. 

Ол  ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрайтынын айтып өтті. Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын «NEET» жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →