Мен соны армандаймын және соған жетуге әрекет етемін.
Қалың жұртқа Елдос Калабок есімімен танылған жайдарманшы, асаба, блогер Елдос Қадірханов белгілі журналист Аман Тасығанның TALK LIKE бағдарламасында жүрек түбіндегі сырын бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Ағы мен қарасы аралас жүретін өмірде біреулер Алланың берген періштесін қоқысқа тастап жатса, енді бір пенделерін балаға зар қылып қоятын жағдайлар аз емес. Елдос та шаңырағын шаттыққа толтырар сәби күлкісін аңсайтынын жасырмады.
«Маған ақша, дүние деген маңызды емес. Мен ақшасыз да өмір сүргенмін. Үйге келіп, есік ашқанда алдынан «папалап» жүгіріп шығатын кәдімгі қарапайым отбасылар бар ғой. Мен үшін ең маңыздысы – дәл солай алдымнан балам «папа» деп жүгіріп шықса деймін. Мен соны армандаймын және соған жетуге әрекет етемін. Рас, туыстарымыздың, достарымыздың арасында сәби қуанышын 4 жыл, 7 жыл күткендер бар. Нәтижеге жеткенде, адам 10 жыл күткенін ұмытып қалады. Мен сондай бақытты жандардың қатарынан табылғым келеді», - деген блогер жанарына үйірілген жасты іркіп қалмады.
Оқырмандардан әйеліне ауыр пікірлер жазбауын өтінген Елдос осы сұхбатты беруге арнайы келген. Өйткені оқырмандар тарапынан жазылатын жағымсыз пікірлердің шаршатып жібергенін айтады.
«Олар кінә менен екенін білмейді ғой. Мойындап айтсам, ертең елдің бәрі маған мүсіркеп қарайтындай сезінемін. Мен олай болғанын жақтырмаймын. Сондай-ақ бұл жағдайға әйелімді кінәлі етіп қарағандарын да қаламаймын. Жарымның жаны жараланғанын қаламаймын. «Әрекетке – берекет» дейді ғой, мен әрекетімді үзбеймін», - деген блогер ешкімге ашпаған жан сырын ақтарды.
Отандық, шетелдік дәрігерлердің қайсысына барса да, алдарынан шығатын бір диагноз – ер адамның бедеулігі.
“Баланың болмауына өзіңнің кінәлі екеніңді сезініп өмір сүру өте қиын. Әр қабылдаудан соң келіншегіммен арамызда талай нәрселер болады. Тіпті “ажырасайық” дегенді де айттым. Бірақ жұбайымның тарапынан ондай сөз шыққан емес. “Біз бәрін де жеңеміз, аяғына дейін бірге барамыз. Егер осындай жағдай менің басымда болса, тастап жүре берер ме едің” деген бір ауыз сөзі тоқтатады. Ешқашан да кетемін деп айтқан емес. Соған риза боламын. Дәрігерлердің айтқан емдерін қалдырмай, уақытымен аламыз. Арықтап жатқаным да сол себепті. Өйткені Түркияда жүріп, дәрігерге қаралғанымда «гармондардағы өзгеріске артық салмақтың әсері бар» дегенді айтты. Менің ол кездегі салмағым 113 келі болатын. Арықтаймын да, дәрігерге шауып барамын. Тағы арықтау керек дейді. Тағы барамын. Тағы солай айтады. Мен де алған бетімнен қайтпаймын. Қанша салмақ тастау қажет болса, соған дейін арықтай беремін. Тестесторонды көбейту үшін спортпен айналысу қажет деді. Спортпен де айналысып жүрмін. Мен уақытты өткізіп алғым келмейді. Бар мүмкіндікті пайдаланып қалуым керек. Сонда әйелімнің алдында да бетім ашық болады. Балалы болу үшін мен де, ол да барынша тырысып жатырмыз», - деді ағынан жарылған Елдос бағдарлама соңында.