Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 620-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері велосипед жолағы бар көшелерде жаяу жүргіншілер жолымен жүрген велосипедшілерге ескерту жасап жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары профилактикалық мақсатта қала көшелерін аралап, велосипедшілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өскемендегі Ертіс жағалауында орналасқан Ұлы Отан соғысы мемориалы аумағында велосипед жолағы болса да кейбіреулер жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жүріп келе жатқан. Оларға ауызша ескерту жасалды.
«Осылайша велосипедшілер сол жердегі жаяу жүргіншілер мен демалушыларға қолайсыздық туғызды. Олар ҚР Жол қозғалысы ережелерінің 24.2 тармағына сәйкес тек велосипед жолағымен жүруі тиіс. Тәртіп бұзушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 620-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл бапқа сәйкес 10 350 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған», - делінген ақпаратта.