×

Киіктің көбеюін ғана айтады, оның ішер суы мен жайылымы қалмауы – одан да зор мәселе

Мәселені Qaz365.kz тілшісі жан-жақты сараптап көрді.

Киіктің көбеюін ғана айтады, оның ішер суы мен жайылымы қалмауы – одан да зор мәселе
Нұрлыбек Рахманов

Батыс Қазақстан облысындағы экологиялық, әрі экономикалық, ірі әлеуметтік шиеленіске айналған ең өзекті мәселе – киік санының өсуі. Орал популяциясының биылғы ресми саны – 1 млн. 130 мың. БҚО-дағы киік мәселесі қолдан үрленген, басты назарды негізгі мәселелерге емес, қосалқы нәрселерге аударуға тырысып жатқанын айта кеткен жөн. Киік мәселесіне қатысты жергілікті биліктің өз көзқарасы, фермерлердің жеке қызығушылығы, латифундистердің де лоббиі барын ескеру қажет. Мәселені Qaz365.kz тілшісі жан-жақты сараптап көрді.

 

Министрліктің «отчеты» бойынша киікке су жеткілікті

Ең алдымен, киіктің ішетін суы – басты проблема. Ресми органдар «су көздері табылмай тұр» деген уәж айтады. Киік төлдейтін аумақтағы ауылдарда тұщы су көздері бар, бірақ әлі күнге киік үшін арнайы ұңғыма жасалмады. Жасанды суат мәселесі киікті көбейтпес бұрын шешілуі тиіс еді. Барлық өзен-көлдердің, жасанды бассейн мен каналдардың маңын фермерлер иеленіп алды. Су іздеген киіктер амалсыздан сол суаттарға барады. «Жерімді таптады» деген мәселенің түп негізі осы. Өңірде қуаңшылық жиіледі. Өзендер тартылып, қар суынан толығатын көлдер кеуіп қалды. Ал шөп пен су тапшылығы сияқты мәселелерге кінәлі киік сияқты қоғамдық пікір туғызылуда.

Ал ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі су жеткілікті деген пікірде. Біздің су мәселесін сұраған хатымызға бірінші вице-министр Н.Шәрбиев «киікке су жеткілікті деп есептейміз» деп жауап берді.

- Киіктер ауа температурасы мен ылғалдылығына байланысты күніне 2-4 литр су тұтынады, сонымен қатар, қар жамылғысымен шөлін қандырады, яғни оларға жылына 9 ай көлемінде су қажет. 9 ай ішінде күніне 3 литрден, орташа тұтыну кезінде ақбөкен жылына шамамен 800 литр су ішеді.

2023 жылғы есепке алу жұмыстарының нәтижесінде БҚО киік таралымы 1,13 млн дараққа жетті, олар жылына шамамен 0,9 млн м3 су ішеді. Сондай-ақ, су көзі жақын орналасса күн сайын ішеді, қашық болса бірнеше күн сусыз жүруге төзімді болып келеді.

Ашық көздерден алынған мәліметтер бойынша, Жайық өзенінен Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне су тартудың жылдық көлемі шамамен 600 млн. мекше метр. Осылайша, ақбөкендер тек осы суды пайдаланған кезде осы көлемнің шамамен 0,2% немесе оның 1/600 бөлігін қажет етеді. «Су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың бас схемасында» (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 200 қаулысымен бекітілген) 2030 жылға қарай Жайық-Каспий су бассейніндегі суға жалпы қажеттілік 3180,78 млн текше метр деп көрсетілген. 1,13 млн киіктің суға деген қажеттілігі шамамен 0,03% құрайды, яғни бұл көлемнің 1/3000 бөлігі. Осылайша, жалпы алғанда, ақбөкендер аймақтың су ресурстарына айтарлықтай әсер етпейді және олардың қолайлы су көздеріне қоныс аударуын ескере отырып су қоры жеткілікті деп есептейміз, - деп жауап берді ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.

Киіктің ішетін суын шешу үшін қаражат қаралмаған

ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігіне су мәселесін қалай шешу жоспарын сұраған хатымызға «әлі нақты шешім қабылданған жоқ, қаражат қаралмаған» деген жауап алдық.

ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, БҚО-да малдың суына таластырмау үшін ақбөкендерге қосымша су көздерін анықтау мақсатында алдын ала зерттеулер, гидрологиялық жағдайға талдау жүргізілуде. Бірақ нақты қай мекеме қандай зерттеу жасап жатқанын анықтай алмадық, вице-министр де атын атап, түсін түстеп айтпады.

- Киікке ішетін су іздеу бойынша ғылыми ұйымдар тарапынан жұмыстар жалғасуда және нақты шешім қабылданған жоқ. Сондай-ақ, киіктің ішетін суын шешу үшін қаражат көздері қаралмаған. Мұнай мен газды бұрғылаудан кейін қалған артезиан ұңғымаларының аумағында пайда болған шағын көлдер де суару көздері ретінде қызмет етеді. Бұл тәжірибені қазіргі уақытта мүмкіндігіне қарай қолдану қажет деп есептейміз, - деп жауап берді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, БҚО-да киіктерді шоғырландыру мақсатында жасанды суаттар жасау жоспарланған. «Ағымдағы жылдың соңына дейін демеушілік қаражаты есебінен 2 ұңғыма орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, 15 ұңғымаға бұрғылау нүктелерін анықтау үшін аумақтық карта әзірленді. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік емес қаржыландыру көздерін (донорлық қаражатты) тарта отырып, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында жасалады» дейді вице-министр Нұркен Шәрбиев.

«Киік миграциясы – ауыз су тапшылығынан»

Ал киік мәселесінің сарапшысы, ақбөкен санын реттеуге қатысты Үкіметке концепция ұсынған Табылғали Сапаров олардың миграциясы су тапшылығының салдары дейді.

-Табиғи ареалында су болмағасын киік өзендер бойымен жоғары өрлеуге мәжбүр. Киіктің бұл миграциясы жолында фермерлер мен ауыл тұрғындары малының жайылымы мен шабындықтары, ауыл шаруашылық егістіктер болғасын ірі әлеуметтік шиеленіс туғызды. Киік 2005 жылға дейін Нарын құмын, әскери полигонға босатылған аймақты мекендеді. Ол бағыттағы Бөкей ордасына Жәнібек ауданынан суландыру жүйесі арқылы Еділ суы жетіп тұрды. Жаңақала аумағындағы Қамыс-Самар көлдері Мұқыр, Қараөзен мен Сарыөзен атырауы, Көшім каналы арқылы толығып, киіктің суаты болды. Жиырма жылдан бері су бармаған Азнабай-Тайпақ каналы да сол маңды мекендеген киікті қамтып тұрған еді. Үкіметке ұсынылған ұжырымдамада ең алдымен Жайық өзенінен Орал-Көшім суару-суландыру жүйесіне (ОКССЖ) құйылатын су көлемін арттыру үшін қалқымалы шлюз қоюды ұсынып келеміз.

         Жайық өзенінің Көшім каналына құятын тұсына қалқымалы шлюз орнатып өзен арнасын жартылай бөгесек су деңгейі 1 метрге көтеріледі. Сонда Көшім каналына секундына 35 текше метр, тәулігіне 3 миллион текше метр су жіберіп, 50 күн ішінде 150 миллион текше метр су жинап алуға болады. Ал Қараөзен мен Сарыөзен және Көшім мен Мұқыр арналары арқылы Қамыс-Самар көлдерін толықтыру үшін 200 миллион текше метр су қажет. Биыл облыс 450 миллион текше метр су жинап алуға қауқарлы. Қалқымалы шлюз арқылы Жайықтан облысқа бөлініп тұрған 600 миллион текше метр суды алуға болады. Оған қосымша Ресейден 147 миллион текше метр Еділ суын сатып алуға бюджеттен қаражат бөлінді. Ал Еділ суы Қараөзен мен Сарыөзенге құйылады. Сарыкөл мен Қызылжар ауылдары тұсындағы бөгеттер тарс жабық күйінде қалды. Қараөзеннен келген су сай-салаға жайылып, шөлейт жерлерге сіңіп кетті. Қамыс-Самар аумағындағы жыралар мен көлшіктерге су жеткізілгенде, сол жерді мекендеген киіктер бері қарай жосылмас еді. Төлдегеннен кейін сол аумаққа  оралар еді, - дейді Табылғали Сапаров.

         Табылғали Сатқалиұлы бұл ұсыныспен Астанаға арнайы барып, Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ғалидолла Азидоллинге Жайыққа орнатылатын қалқымалы шлюз құрылысына 300 миллион теңге бөлу қажет екенін, осы жобаға жауапты етіп «Қазсушар» мекемесін бекіту керектігін айтқан.
Ғ.Азидоллин бұл жобаны жүзеге асыру мәселесін пысықтауға уәде берген.

Киік ареалы тарылуда

Киіктің ішетін суынан бөлек жайылатын жері де тарылып барады.  2007-2015 жылдар аралығында БҚО-дағы киіктің өрісі 5 есе қысқарды. ҚР Экология  және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, БҚО-да соңғы 15 жылда ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер 3 есе ұлғайған. Киік қорғау аймағындағы жерлердің оңды-солды таратылып кеткенінен министрлік те, тіпті облыс басшылығы да хабарсыз. Ал ол жерлерді үлестіріп тастаған аудан әкімдіктері фермерлердің жағына шығып, барлық мәселені киік туғызғандай қылып жеткізуге тырысуда.

Жәнібек ауданындағы 396 ауыл шаруашылық құрылымы 490 мың гектар жерге иелік етуде. Жалпы ауданда 821 мың гектар жер бар. Оның 86 мыңы елді мекендердің жері. 23 мың гектары киік қорғау аумағына, 191 мың гектар жері «Ащыөзек» табиғи қаумалына, 35 мың гектары «Бөкейорда» резерватына тиесілі. Жәнібек ауданының әкімдігінің мәліметінше, 170 шаруа қожалықтың жерінде киік жүр, 210 мың гектар жерді киік таптаған. Себебі шаруа қожалықтары жыл сайын көбейіп бара жатыр, жер киік қорғау аймағынан да берілуде. Жәнібек ауданында 2021 жылы – 21, 2022 жылы – 26, 2023 жылы 16 ауыл шаруашылық құрылымы құрылды. Яғни, киіктің өрісіне ортақтасатын қожалықтар көбейе түсуде. Киік жайлаған аудандардың атқарушы билігі «фермер-киік қақтығысын» ушықтыра түспей, киік мәселесі шешілгенше жер үлестіруге мораторий жариялауы керек.

Парламент депутаттары неге манипуляция жасайды?

Жуырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары сауал жолдады. Оны Парламентте депутат Аян Зейнуллин оқып берді.  Толық мәтіні Парламент сайтында, түрлі БАҚ-та жарияланған хатқа талдау жасайық.

Біріншіден, депутаттар келтірген сандар ешбір негіздемесіз, сілтемесіз айтылған. Мәтінде «Соңғы мәліміттерге сәйкес, киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90 пайызы Қазақстанның батысында. Негізінде салалық министрліктің есебі бойынша, киіктердің саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді» делінген. Биылғы санақта киік саны 1 млн 915 мың деп, соның ішінде БҚО-дағы киік 1 млн 130 мың, Бетбақдала популяциясы 745 300 дарақ, Үстірт популяциясының саны 39 700 деп жарияланды. Бұл деректі 15 сәуір мен 5 мамыр аралығында әуе санағын жүргізген «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясының мамандары, Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкерлері жариялады. Ресми мәлімдемеден елдегі киіктің 59% ғана БҚО-ны мекендегенін көреміз. Ал депутаттар тобының «киіктің 90% БҚО-да» деуі деректі әдейі бұрмалап, мәселені әсірелеп көрсету деп бағалауға болады. Себебі БҚО-дағы киік саны жасырын ақпарат емес, мұны абайсызда бұрмаланған ақпарат дей алмаймыз.

Ал «750-770 мыңнан аспау керек» деген тұжырым қайдан шықты? Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов жуырда министрлік өкілдері қатысқан жиналыста «киіктің БҚО-дағы оп­тималдық саны 500 мың бастан аспауы керек» деді. Бұл дерекке ғылыми негіздемені жергілікті ғалымдар беріп отыр.

Екіншіден, депутаттық сауалда «жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржы желге ұшады. Қазақстанның солтүстігінде жылына 150 мыңдай гектар егін алқаптары бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе сол өңірдің шаруалары 14 млрд.теңге шығынға ұшырайды» делінген. Ал өздері айтқандай «киіктің 90 пайызы мекендеген» БҚО-дағы егістіктердің киіктен зардабы көрсетілмеген. Бұл есептелмеген болуы да мүмкін, себебі БҚО-дағы киік ареалында егістік өте аз. Өздері 90% киік БҚО-да деп отырып, киік сирек мекендеген Қазақстанның солтүстігінің шығынын мысалға келтіруі қаншалықты дұрыс? Депутаттар Қазақстанның солтүстігінде деп Ақмола облысын меңзеп тұрғанын байқауға болады. Себебі Солтүстік Қазақстан облысында киіктен дәл мұндай зардап расталмады. Ал Ақмола облысында 2022 жылы 142 мың гектар егістікке ақбөкендер кірген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, есептелген шығын 14 млрд. емес, 8,1 млрд теңге. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста 4 720 000 гектар егістік болса, киік кіріп кеткен 142 мың гектар жалпы облыстағы егістіктің 3% ғана. Бұл өте аз көрсеткіш, бірақ өтеуі жоқ екені рас.

Үшіншіден, «өліп жатқан киіктер түрлі ауру ошағына айналады. Шаруалардың малы сол жерде жайылатындықтан оларға ауру жұғып, эпизоотиялық ахуал ушығады» деген де ешбір дәйексіз тұспал. Ақбөкеннің орташа өмір сүру ұзақтығы 4 жыл болғасын далада өлген киіктер болады. Сондықтан киік өлексесінің бәрін ауру ошағы деп қабылдау қате. Мысалы, былтыр өлген бір топ киікті «найзағай соққан» делінді. Өлексені «Охотзоопром» қызметкерлері жинап, жойып отырады. Өлген киіктен ауру анықталған жағдайда да оған аурудың қайдан жұққаны жайлы ресми деректі бұған дейін көрмедік. Ал соңғы кезде жиі айтыла бастағандай, «малға аурудың киіктен жұғуына» қатысты нақты сараптама жоқ. Киік пен малдың аурулары жайлы жалпы зерттеулер бар, ал қайсысынан қайсысына жұққаны, яғни таратушы нақты қайсысы екені жайлы дәлелі бар зерттеуді кездестірмедік. Мәселен, халықаралық сарапшы Штефан Михель шаруалардың малда кененің көптігіне киікті кінәлауына негіз жоқ екенін айтты. «Кене сияқты паразиттер күн сайын қораға қамалып, бір-бірімен жанасатын, бір жерде өте тығыз шоғырланатын малда болған және бола да береді. Ал ол паразитті далада еркін жүрген, тар жерге қамалмайтын, бір-бірінен бөлек жүретін киіктен малға жұқты деу негізсіз. Иә, жабайы жануарда паразит болады. Оны адам дәрімен өңдей алмайды. Бұл - паразит пен жануардың арасында табиғи бәсекелестік, қайсысы жеңсе сол тірі қалады. Жабайы жануарларда паразитке қарсы жылдар бойы қалыптасқан иммунитет болғандықтан ауру, әлсіз, кәрі жануардан басқасы паразиттен өлмейді. Яғни, табиғи сұрыпталу» деді NABU Герман табиғатты қорғау ұйымының өкілі, халықаралық сарапшы Штефан Михель.

Төртіншіден, депутаттық сауалда жоғарыда көрсетілген деректердің ашық бұрмалануынан бөлек жасырын манипуляция белгілерін де көруге болады. Ол тұстарды төменде біз ерекшелеп көрсеттік.

«Түрлі себептермен өліп жатқан киіктер де көп кездесуде. Ен далада қараусыз тегін жатқан дүниеге ауыл жұртының қызығушылығы артатыны заңдылық. Кәдеге жаратпаса да қабырғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр, оның ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң бұзушыларды жақтап жатқанымыз жоқ. Мәселені осындай деңгейге дейін жеткізбеу керек.

...Бұл жерде киіктің емес, адамның обалына қалатын сияқтымыз, әрине бұл жақсы емес.

...Қазақстанның ең бірінші байлығы – халқы! Осы ретте дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба?

...Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар?

Егер, Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру механизмін енгізуі керек».

Әдетте манипуляция адамдарды сендіру үшін, алдын ала ойластырылған сценарий үшін белгілі бір шешімді тықпалап, соған көпшілікті көндіру үшін, қоғамдық пікірге ықпал ету мақсатымен жасалады. Манипуляция жасалғанда оқиғаның мәнін арттыру үшін шынайы дерек жасырылып, тиімді тұсы ғана үзіп алынады. Бұл – манипуляцияның анықтамасы.

Әрине, «Ауыл» партиясы болғасын ауыл халқының ұсыныс-тілегін жеткізуі керек шығар. Бірақ мәселеге біржақты қарап, ауыл халқының бәрі киіктен зардап шегіп жатқандай көрініс қалыптастыруға тырыспауы тиіс.

Депутаттық сауалды Мәжіліс отырысында «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Аян Зейнуллин оқыса, оған сол фракциядан Жигули Дайрабаев, Анас Баққожаев, Серік Егізбаев, Қарақат Әбден, Николай Арсютин, Ерболат Саурықов, Таңсауле Серіков қол қойған. Олардан басқа партиялардың депутаттары да, бір мандаттық депутаттар да қолдаған. Ал бұл кісілердің ішінде Ақпарат саласының экс-вице-министрі, Президент сайлауында президенттікке үміткер болған екі тұлға, бұрынғы ұлттық холдинг пен ет комбинатының басшысы, бұрынғы ректор, қазіргі ірі қожалық басшысы бар. Барлығы да жауапты орындарда басшы болғасын, ақпаратты тексеріп барып қолдарын қойды деп сенейік.

Кешенді зерттеу қашан жасалады?

Киікке қатысты ғылыми зерттеу жүргізіліп жатқан жоқ. Оларды миллионға жеткізіп, ал ветеринариялық қадағалау жасамау – бұл жұмыстағы үлкен кемшілік. Үнемі киікпен айналысатын ветеринар мамандарды штатқа алу қажет. Қандай да бір ауру ошағы табылса, бірден әрекетке көшу үшін. Себебі ареалы тарылған киік өте тығыз жүргесін араларында жұқпалы аурулар тез тарайды. Қауіпті індет тараса, бір күнде бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Соңғы 40 жылда киіктің Орал популяциясы 11 рет жаппай қырылу дерегі тіркелді. Статистикаға сүйеніп есептесек, әрбір жаппай өлімі кезінде популяцияның шамамен 35 пайызы, жалпы киіктің 18 пайызынан айырылдық. 1984 жылы – 100 мың, 1988 жылы – 164 мың, 2010 жылы бірден 64 пайызы, яғни 12 мың киік қырылғанын айта кеткен жөн.

Экология министрлігі өкілдері БҚО-ға келген сайын «киікке қатысты зерттеу жасалып жатыр, биологиялық негіздеме әзірлейміз» деумен келеді. Ал шын мәнінде киікке кешенді зерттеу жасалып жатқан жоқ. Жергілікті оқу орындары оқытушыларының зерттеулері бар. Алайда Үкіметке ұсынылатын биологиялық негіздемеге қандай да бір тараптың лоббиі араласпауы үшін республикалық ғылыми орталықтардың ғалымдары тәуелсіз зерттеулер жасауы қажет.

Киікке қатысты Үкіметтің шешімі қандай болмақ?

Осы сұрақ киікке шын жаны ашитын жандардың уайымына айналды. Біріншіден, «әуесқой аңшылық» немесе «спорттық аңшылық» деген атаумен лимитпен атуға рұқсат берілген жағдайда аңшыларды және онсыз да өңірде проблемаға айналған браконьерлерді қадағалау қиын болады. Себебі БҚО-да киік жайлаған бес миллион гектарды 35 инспектор қадағалайды. Жаппай аңшылық басталса, ұлан-ғайыр аумақты бағуға олардың физикалық мүмкіндігі жетпейді. «Охотзоопромның» инспекторлар санын көбейту мәселесі өте өзекті.

Екіншіден, санитарлық-ветеринарлық нормалар әлі өзгерген жоқ. «Киік өндірісі» жайлы айтылғанымен, мүйізі мен етін өңдеуге қатысты әлі нақты қадамдар, жауапты органдар белгіленбеді. Киік жүрген өңірге әлі эпизоотологиялық мониторинг жасалмады. Бұл жұмыстар ашық әрі шынайы жүргізілуі үшін азаматтық қоғам өкілдерінің бақылауына мүмкіндік берілуі тиіс.

Үшіншіден, қазақстандық медиа кеңістіктегі киікке қатысты материалдарды сараптап шықсақ, құдды бір ауыл халқының бәрі киіктен зардап шегіп жатқандай көрініс қалыптастыруға тырысатын топ бардай. Ат төбеліндей фермерді түгел ауыл халқына балау дұрыс емес. Кейбір журналистер фермерлердің субсидияға ұмтылуын және солардың сойылын соғатын депутаттар тобын байқамайтын сыңайлы. Әйтпесе шөлейт өңірдегі шөп шығымының азаюына киікті ғана кінәлаған мақала-сюжеттер әзірлемей, қуаңшылықты, шаруашылықтардағы мал басының көбеюіне қатысты жердің құнарсыздануын, экологиялық апаттың белгілерін де кешенді түрде айтқаны әділ болар еді.

Киік санын ғана мәселе ретінде көрмей, оның өрісінің тарылуын, ішер суы қалмағасын ауыл жағалап жүргенін Парламент мінберінен айтатын бір адамның шықпауы өкінішті. Қалай десек те, Экология министрлігі киік мәселесін терең сараптауы, бұған тәуелсіз сарапшылар мен ғалымдарды тарту тиіс. 

Нұрлыбек Рахманов,

Батыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген автор

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Қабылдаған өтінімдерді бағдарлама автоматты түрде іріктейді
Облыстың қалалары мен аудандарында жасыл желектерлі егу жалғасатын болады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →