Мәжіліс депутаттары заң жобасын қарады
Мәжіліс депутаттары Қазақстанның Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері жөнінде заң жобасын қарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құжат – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы деп аталады. Жұмыс тобының мүшелері – депутаттардан Наталья Дементьева, Үнзилә Шапақ, Абзал Құспан, Бакытжан Базарбек Ұлттық қордан нақты қаражат қалай аударылатынын талқылаған.
Депутат Бақытжан Базарбек Ұлттық қордың өзі дефолтқа ұшыраса жағдай мүшкіл болып кетпей ме деген мәселеге назар аударады.
«Кезінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жарты ақшасын біз міндеттемелерді жабу үшін пайдаландық. Енді ертең өзіміздің сыртқы міндеттемелерімізді немесе дефолт болып қалса, Ұлттық қордан балаларға беріп жатқан қаражаттың тұратынына қалай баға бересіз? Қаражат дефолтқа кетпейтініне қалай кепілдік бересіз?» - деп сұрады қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтен.
Вице-министрдің айтуынша, бұл мәселе жұмыс тобында талқыланған. Үкіметтің қорытындысы да келген.
«Бюджеттік заңнамаға тиісті өзгерісті енгізіп жатырмыз. Ұлттық қордың таза пайдасы түсінік енгізіледі. Яғни нысаналы талаптардан тыс. Екі есеп жүргізіледі. Біріншісі – жалпы Ұлттық қордың есебі, екіншісі – балаларға берілетін ақша жеке жүргізіледі. Қандай да бір жағдай болса да, ол ақшаға кепілдік бар. Оған ешкім қол сұқпайды», - дейді ол.