×

Абай облысындағы өрт: ресейліктер өтемақы төлей ме

Ресейдің іргелес аумағындағы дала өртінен ауысқан жалын Қазақстанның Абай облысын да шарпыды

Абай облысындағы өрт: ресейліктер өтемақы төлей ме

Ресейдің іргелес аумағындағы дала өртінен ауысқан жалын Қазақстанның Абай облысын да шарпыды. Бірнеше күн жалғасқан өрт қазіргі кезде толық сөнідірілген. Осы ретте Qaz365.kz оқиғаға тереңірек үңіліп көрді.  

Өрт басталған алғашқы күннен Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан бастап бәрі аяғынан тік тұрды. Премьер-министр өңірлердің өрт қауіпсіздігіне дайындық мәселесі тек Үкімет отырысында ғана қаралғанын еске салды. 

«Көріп отырғанымыздай, қауіп өте жоғары. Ең бастысы, елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ. Өрт толық бақылауға алынды. Енді оны оқшаулап, толығымен сөндіру керек. Бұл – әкімдік пен Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерінің ортақ міндеті», –  деген болатын Әлихан Смайылов.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт ошақтарын сөндіруге желдің екпіні мен батпақты жерлер қиындық тудырып жатқанын айтқан еді. Ол өрт шарпыған аумақтың ауданы 3,5 мың гектарға жеткенін, сөндіруге 201 техника, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмылдырылғанын атап өтті.

Тонау фактілерін болдырмау үшін эвакуациялау орнында 20 адамнан тұратын полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Шұғыл көшіру жағдайында Бородулиха ауылында 331 орынға 3 эвакуациялық пункт дайындалды.

Экология вице-министрі Галидулла Азидуллин желдің екпіні салдарынан орманда өрт алаңы лезде 50-70 гектарға дейін ұлғайғанын айтты. Ол өрт сөндіру автомобильдері, тракторлар және жеке құрамның 84 адамы бірден өрт орнына шыққан.

«23 мамыр күні таңертең өрттің таралуы тоқтатылды, жану ошақтары сөндірілді. Алайда, сағат 12:21-де солтүстік-батысындағы 20 м/с-қа дейін күшейген екпінді желдің сал¬дарынан өрт қайта басталып, 103-орамдағы төселген минералданған жолақты кесіп өтіп, жоғары өртке ауысты», –  деді Галидулла Азидуллин.

Айтақшы, алдын ала жүргізілген барлау деректерінің негізінде орман өртін сөндіруді тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін өрттің тактикалық жоспары жасалды. Әрбір барлаудан кейін өрттің түрі мен күші, орманның ең қауіпті және құнды учаскелері, су айдындары, өрттің таралуын тоқтататын немесе күйдіру үшін тірек желісі ретінде қызмет ететін тосқауылдар, сондай-ақ мұндай тосқауылдар немесе тірек жолақтары жасалуына қажетті орындар белгіленеді.

«Әрбір барлаудан кейін өрттің түрі мен күші, орманның ең қауіпті және құнды учаскелері, су айдындары, өрттің таралуын тоқтататын немесе күйдіру үшін тірек желісі ретінде қызмет ететін бөгеттер, сондай-ақ мұндай тосқауылдар немесе тірек жолақтар жасалуы тиіс орындар белгіленеді. Орман өрттерін сөндірудің негізгі жерүсті әдістері қолданылып жатыр. Бұл төменгі өрттің шеттерін сабалау немесе оған топырақ шашу, жер өңдейтін құралдардың көмегімен минералдандырылған жолақтар тарту және орлар қазу, өрттерді әуе және жерден сөндіру әдістерін қолдану», – деді Экология вице-министрі.

Орман өрттерін сөндірудің мынандай әдістері қолданылды:
1.    Төменгі өрттің шетін топырақпен жабу немесе топырақпен көму;
2.    Топырақ өңдеу құралдарының көмегімен минералданған жолақтар мен арықтарды төсеу;
3.    Өрттерді жер үсті және әуе әдістерімен сөндіру.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев аэровизуалды барлау жүргізді. Сонымен қатар қосымша аэровизуалды тексеруге «Қазавиақұтқарудың» Еурокоптер тікұшағы тартылды.

Өрт сөндіруге жан-жақтан көмек тартылды. 24 мамыр күні Астана қаласы ТЖД жеке құрамынан 13 өрт сөндіру техникасы мен 70 адамнан тұратын бірінші эшелон, Қорғаныс министрлігінің бір әуе борты және 103 адамнан тұратын жеке құрамы, 15 техника оқиға орнына келді. Сонымен қатар, Астана қаласы мен Қарағанды облысы ТЖД құрамында 12 бірлік өрт техникасы мен жеке құрамнан 60 адамнан құрылған екінші эшелон келді.

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы Абай облысындағы өрт салдарын көрсетті.

Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Манарбек Шапағатовтан жағдайдың мән-жайын толығырақ сұрап білген едік. 

Ол «Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мәліметтері бойынша өрттің ауданы шамамен 3500 гектарды құрады деп айтты.

Департамент басшысынан өртенген аумақты қалпына келтіру қанша уақытты алатынын  сұраған едік. 

«Бұл сұрақ Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құзыретіне (компетенциясына) кірмейді. Қойылған сұраққа «Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлері дұрыс жауап бере алады», - дейді ол.

Өрт Ресейдің Новенькая ауылында басталған. Ресей тарапы келтірілген шығындарды өтей ме деген сұрағымызға былай жауап берді:

«Шынында да, өрт Ресей Федерациясының іргелес аумағында басталды. Алайда, шығындар өтелмейді, өйткені бұл табиғи апат және өрттің бір жағынан екінші жағына өту мүмкіндігін жоққа шығару мүмкін емес. Отқа ауысудың осындай жағдайлары Қазақстанның тарапынан да туындайды», - дейді Манарбек Шапағатов.

Өртті сөндіру үшін облыста техника мен адамдар саны жеткілікті болды ма? Бұл сұрақты көпшілікті мазалағаны анық. Оның айтуынша, гарнизонда төтенше жағдайларды жою үшін техника мен жеке құрам саны жеткілікті болған. Алайда автомобиль паркі ескірген. Қазіргі уақытта өрт сөндіру машиналарын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

«Өткен жылы Абай облысына 9 өрт сөндіру автокөлігі бөлінді. Ағымдағы жылы 978 700 000 теңге сомасына 8 бірлік беру жоспарланған. Автопаркті одан әрі жаңарту республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне байланысты. Айта кететін жайт, Азаматтық қорғау туралы заңына сәйкес мемлекеттік өртке қарсы қызмет өртті сөндірумен айналысады және елді мекендердегі халықтың қауіпсіздігіне жауап береді. Бұл жағдайда көмек көрсетілді», - дейді департамент басшысы.

Өрттің кең аумаққа таралуы бағытын үнемі өзгертіп отыратын қатты желдің әсерінен болған. Сондай-ақ тығыз өсетін дақылдардың, тұзды және батпақты жерлер де әсер еткен. 

«Абай облысының гарнизонында өрт сөндірушілердің саны толық. Қызметкерлер жұмыстан босатылған немесе зейнетке шыққан жағдайда конкурстық негізде жылына бірнеше рет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық қорғау органдарына қызметке қабылдау жүргізіледі. Барлық қызмет етуге келген қызметкерлер оқу орталықтарында арнайы кәсіби дайындықтан өтеді», - дейді Манарбек Шапағатов.

Өрт сөндіру қауіпті әрі жалақысы мардымсыз жұмыс. Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының айтуынша, бүгінгі күні өрт сөндірушілердің орташа жалақысы қызметкерлердің жұмыс өтіліне байланысты шамамен 200 000 теңгені құрайды екен. 

«Бүгінгі таңда азаматтық қорғау органдарының 51 қызметкері қызметтік тұрғын үйде (бөлмелер, пәтерлер) тұрады. Өрт сөндірушілер үшін тұрғын үй сатып алу үшін арнайы бағдарламалар қарастырылмағандықтан, қызметкерлердің көпшілігі жалдамалы тұрғын үйде тұрады», - дейді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →