Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары жыл соңына дейін миллион адам жұмыспен қамтылатынын айтқан болатын
Елімізде жыл санап жұмыссыздық деңгейі төмендегенімен, жұмыссыз адамдар саны артып келеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жұмыссыздар саны бір жылда 0,1%-ға өсіп, 2023 жылдың бірінші тоқсанында 453,5 мың адамға жеткен. Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Алтай Көлгінов сәуір айындағы президент Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында жыл соңына дейін миллион адам жұмыспен қамтылады деген болатын. Экс-вице премьер жақында өткен «Astana polytechnic» жоғары колледжі алаңында ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің басқарушы комитетінің отырысында елдегі еңбек нарығындағы жұмыссыздық мәселесінің барлығын кадр сапасының төмендігі, білікті мамандардың жетіспеушілігі мен оқу орындары түлектерінің білім деңгейінің төмендігімен түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Биылғы жылдың (2023) бірінші тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Көрсеткіш өткен тоқсанмен салыстырғанда өзгерген жоқ, бірақ өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда сәл ғана төмендеген (өткен жылдың бірінші тоқсаны 4,9%). Соңғы деректер бойынша жұмыссыз халық саны 450 мыңнан астам. Оның 250 мыңға жуығы әйелдер.
Айта кету керек, ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі қалалық жерлерге қарағанда жоғары. Қалада 4,7% ал ауылда 4,9% құрайды. Ал бір жыл бұрынғы жағдай бойынша керісінше қаладағы жұмыссыздық деңгейі 5% ал ауылда 4,8 % болған еді.
Қалада жұмыссыздар саны бір жылда 0,9%-ға өсіп, 278,7 мың адамды құраса, ауылдық жерлерде керісінше 1,2%-ға азайып, 174,8 мың адамды құрады.
Сарапшылардың айтуынша, елдегі жұмыссыз жүрген халықтың 4 пайызға жуығының жоғары білімі бар. Жұмыссыз халықтың жұмыспен қамтылмау себебі бойынша деректерді қарасақ, 17 мыңға жуығы оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыс болмауынан, 40 мыңнан астам адам ұйымның таратылуына және штаттың қысқаруына байланысты, 18 мыңдай адам денсаулық жағдайына байланысты және жай ғана “жұмыс табу мүмкіндігі жоқ” деген себеп бойынша 97 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген.
Жұмыссыздардың жұмыс іздеу ұзақтығына байланысты 50 мыңға жуық адам бір жылдан көп уақыт жұмыс іздейді, дейді Ұлттық статистика комитетінің деректері.
Облыстар арасында жұмыссыздық бойынша 40 мыңнан астам адаммен көш бастап тұрған Түркістан облысы, одан кейін 35 мыңға жуық Алматы облысы, ал үшінші орында 28 мыңға жуық жұмыссыз адаммен Жамбыл облысы орналасқан. Ал республикалық маңызы бар қалалар арасынан топ жарып тұрған Алматы қаласы. Бұл деректер сол аудандағы жалпы халық санының көп болуымен тығыз байланысты екенін еске салғымыз келеді. Сондықтан жалпы пайыздық көрсеткіш бойынша деректерді ұсынамыз.
Елдегі аймақтардың жартысында жұмыссыздық деңгейі орташа республикалық деңгейден жоғары болып шықты. Пайыздық көрсеткіш бойынша ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркелді: әрқайсысы 5%. Айта кететін жайт – пайыздық көрсеткіш бойынша салыстырғанда сол аудандағы жалпы халық санын ұмытпауымыз керек.
Жиырма облыстың алтауында көрсеткіш, керісінше, Қазақстан Республикасы бойынша орташа деңгейден төмен. Ең төменгі көрсеткіштер Қарағанды және Ұлытау облыстарында белгіленді: әрқайсысы 4,2%.
Қаладағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі 2023 жылдың бірінші тоқсанында Жетісу облысында (5,3%), сондай-ақ Абай және Жамбыл облыстарында (әрқайсысында 5,1%). Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау (4%), Ақмола (4,3%) және Қарағанды (4,3%) облыстарында.
Ауылдық жерлерде жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі 5,5 пайызбен Маңғыстау облысында тіркелді. Одан кейінгі орында Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары (әрқайсысы 5,2%), сондай-ақ Ақтөбе облысы (5,1%).
Аймақтар бойынша ерлер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Қызылорда облысында: 5%. Одан кейінгі орында Атырау облысы: 4,9%. Ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында: 2,4% және 2,8%.
Әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі Қарағандыда 4,4% ал Маңғыстау облысында 8% тіркелген. Айта кету керек, ауылдағы ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі қалалық жерлерге қарағанда төмен болды: 4,5% және 3,9%. Өңірлер бойынша ерлер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Атырау (5,3%) және Ақмола (5,2%) облыстарының ауылдарында, ең төменгісі – Абай (1,3%) және Маңғыстау (2%) облыстарында байқалды. Қалалық жерлерде ерлер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Абай облысында (бірден 7,3%), ең төменгісі – Шығыс Қазақстан облысында (2%) белгіленді.
Сонымен қатар, әйелдердің жұмыссыздық деңгейі, керісінше, ауылдық жерлерде қалалық жерлерге қарағанда жоғары: 6,1% және 5%. Ауылдық жерлердегі әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында 9,9% тіркелген. Келесіде 7,9%- бен Абай облысы . Ауылдық жерлердегі әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі Павлодар облысында 4,5%-ды құрайды. Қалалық жерлерде әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан облысында (6,9%), сондай-ақ Жетісу және Түркістан облыстарында (әрқайсысында 6,3%), ең төменгісі Абай облысында (2,6%) тіркелді.
Айта кетейік, AMANAT партиясының осы жылғы сайлау алды бағдарламасында “машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіпте жүздеген жаңа ірі және орта кәсіпорын құрылып, әрі жыл сайын кемінде 40 мыңнан астам сапалы, жоғары жалақы төленетін жұмыс орны ашылады” деп уәде берген.