Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізілуде
Түнде Жамбыл облысының Шу қаласында жеке үйден өрт шыққан. Нәтижесінде екі бала көз жұмған. Бұл ақпаратты өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растап отыр, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға желтоқсанның 2 жұлдызынан 3-не қараған түні орын алған. Шу қаласындағы жеке үйлердің бірінен өрт шығып, қызыл жалын жалпы ауданы 30 шаршы метрді аумақты шарпыған. Үйдегі заттар мен барлық жиһаздар жанып кеткен.
“Өрт сағат 00:10-да оқшауланып, сағат 00:35-те “СПиАСР” мемлекеттік мекемесінің күшімен жойылды. Оны сөндіруге 4 қызметкер және 1 техника жұмылдырылды”, – деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметінен.
Құзырлы орган мәліметінше, тілсіз жау ауыздықталғаннан кейін оқиға орнынан 5 және 2 жастағы екі баланың мәйіті табылған.
Айта кету керек, бұл үйде профилактикалық жұмыс 2022 жылдың 22 қазанында жүргізілді – өрт сөндірушілер рейдтік іс-шаралар барысында осы үйге барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірген.
Осы өрт фактісі бойынша ҚК 292-бабының 3-бөлігі “өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізілуде.