Осыдан тура 85 жыл бұрын 8 желтоқсан күні Ахмет Байтұрсынұлы ату жазасына кесілген болатын
Осыдан тура 85 жыл бұрын 8 желтоқсан күні Ахмет Байтұрсынұлы ату жазасына кесілген болатын. Осыған орай qaz365.kz жас зерттеуші Елдос Тоқтарбайдың мақаласын назарыңызға ұсынады
Ахмет Байтұрсынұлын Советтік-коммунистік биліктің НКВД-сы 1937 жылғы 8 желтоқсан күні ату жазасына кесті. Биыл ұлт ұстазының туғанына – 150 жыл, ал шаһид кеткеніне 85 жыл. Үштіктің шешімімен 65 жастағы Байтұрсынұлы «Халық жауы» ретінде атылды. Осы шағын мақаламда ұлт ұстазына айналған тұлғаның өлімі туралы өз ойымды назарларыңызға ұсынғым келеді.
Советтік билік неге Ахмет Байтұрсынұлынан қорықты? Себебі – Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасыр басындағы шамамен 8 миллион қазақтың және Түркістан өлкесіндегі өзге де түркі тілдес халықтардың ықылас-құрметіне бөленген ең қадірлі әрі таңдаулы азаматтың бірегейі болатын. Оның халық арасында зор беделі мен биік абыройы бар-тын. Түркістан аймағындағы модернизациялық ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемі әрі идея жетекшісі ретінде танылған, мойындалған зиялы-тұғын. Сондықтан соңынан халық ерте алатын, сөзі өтімді, пікірі құнды мұндай азаматқа жеке басқа табынатын советтік қоғамда орын жоқ-тын.
Құдайсыз қоғам орнатуды хош көрген советтік жүйенің идеологиясына ең алдымен қарсылық танытатын, жолына бөгет болып, кедергі келтіретін оқыған азаматтардан құтылу керек болатын. Сол үшін де Әлихан Бөкейханды Мәскеуден тысқары шығармай, 15 жыл (1922-1937) бойы үйқамақта ұстады. Кремль үшін «Кәрі көсем» саналатын ұлт-азаттық қозғалысының саяси жетекшісін, яғни 71 жастағы Әлихан Бөкейханды 1937 жылғы 27 қыркүйекте атып өлтірді. Сол күні қазақ деген халықтың басын кесіп алса, 8 желтоқсан күні жүрегін тірідей жұлып алған болатын...
Содан кейін олардың ізіне ерген, жолына түсіп, ұлттық мүдде ұстанымын ұстаған шәкірттерін, идеялас үзеңгілестерін айналасы бір-екі жылдың ішінде топырлатып атты да тастады. Қара халықтың бас көтерер ерлерін тамырымен жұлған соң, олардың артында қалған ұрпақтарын гүлдей солдырып жіберді...
Ахмет Байтұрсынұлы – күрескер тұлға. Оның саналы ғұмыры кілең күрестен тұрады. Мәселен,
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.
Алданып жегеніме оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі қарам, – деген өлең жолдарында айтылғандай әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалған сәтінен бастап қалған 52 жылдық ғұмырының әр сәті мен мезеті күреске, арпалысқа толы болатын. Айдау. Қамау. Тоғылу. Торығу.
Патшалық үкімет жылдарында да, Советтік үкімет жылдарында да данышпан Байтұрсынұлы ешқашан өзінің ұстанымынан, сертінен тайқыған емес. Екі үкімет тұсында да ұлтының жоғын жоқтап, намысын тіктеп, жығылғанның еңсесін көтерген ер еді.
Ақиқатында, Ахмет Байтұрсынұлы – советтік жүйе үшін өте қауіп адам-тұғын. Себебі – ол түркітілдес халықтардың ішінде ең бірінші болып өз ұлысына әліпби жасаған үлкен лингвист-ғалым. Ұлттық жазу – тарихи сананың негізі. Қазақтың ойлау әлеміне, дүниетанымына төңкеріс жасаған реформатордың табандылығы мен қайсарлығы кімді де болса ықтыратын. 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық түркологтар сиезінде мінберге қайта-қайта шығып, өзі жасаған әліпби туралы керемет ой-пікір, тұжырым айтқан профессор Ахмет Байтұрсынұлының бұл әрекеті Кремльден арнайы келіп қатысқан барлаушылардың қытығына тиген-тін. Осы сапардан кейін көп ұзамай Байтұрсынұлы және оның Бакуге бірге барған сапарластары қатаң бақылауға алынған болатын.
Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалды. Сосын отбасымен Архангельскке айдалды. Босады. Ташкентке оралып, ел руханиятына араласа бастады. Алматыға шақырылды. Туған жерім деп жеткенінде Алматыда бір жылдай тұрақтай алмай, тағы да түрмеге тоғылды. Бұл – ұлтты оятқан ақыл-парасат иесінің тар қапасқа соңғы рет қамалуы еді.
Ахмет Байтұрсынұлын ату жазасына кескен НКВД үштігі кімдер еді? Үштіктің шешімі ұлт ұстазын, ғұлама ғалымымызды оққа байлап берген-тін. Сол үштік өкілдері мыналар:
Ұлтының мүддесін бәрінен биік қойған, қара басының қамын емес, туған халқының тағдырын, өткені мен бүгінін, ертеңін ойлаған, жүрегіне ауыр дерт түсіріп, иығына атан түйеге артар ауыр жүкті арқалаған қайран ұстазымыз қазақ даласында тұру құқығынан айырылған шағында қатты қиналған екен. Жазықсыз жаламен қуғындалған қайсар-жүрек:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, – деп запыранын төгеді. Осы өлең сөзінен-ақ көп нәрсені ұғуға болады. Зобалаң жылдары ұлттың бағына біткен арыстарды күстаналап қуғындатқан да, НКВД тирының нысанасына байлап берген де өзіміз екенбіз (!). Не деген қасірет еді!
Туған ұлысын өсіремін, теңдік алып беремін деген оймен ғұмыр кешкен ердің өмірін осылай қиып жібергеніміз қашанда қасірет. Тарихымыздың қаралы бетіндегі ең ауыр оқиға, ең зор қылмыс.
Неге зор қылмыс?! Анығында, Ахмет Байтұрсынұлы да, басқа да оқығандарымыздың көбі 1927-1928 жылдан кейін ештеңе жаза алмады. Нағыз қуатты, шығармашылық ой-жемісінің піскен, толысқан дер шағында айдау мен қамалудан көз ашпады. Лингвистика және әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаған, жанрлар теориясын жазған тұңғыш кәсіби тілші-ғалым мен теоретик маманның өнімді іс қылар шағында қолынан қаламын тартып алдық емес пе?! Байтұрсынұлының ойындағы арман-мұратын, жоспарын жаза алмай қалғаны өзіне – өкініш болғанымен, ұлтымыздың табиғи дамуына, ой-пікірінің өсуіне орасан зор кедергі келтіріп, мешеу болып, көш соңында қалдырды. Ұлттық қалыбымыздың (идентификациямыз) қалыптасуына қиянат жасалды.
Дегдар Байтұрсынұлының бейнесі, тұлғасы күн өткен сайын, уақыт өзгеріп, ұрпақ алмасқан сайын биіктеп келеді. Ұлттық бұлқыныс тудырған кезеңде ғазиз жан өзінің жүрек сөзін айтып кеткен:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін, – деген уәдесі ақиқатқа айналды.
Ал Ахмет Байтұрсынұлындай ғибратты ғұмыр иесін мезгілінен бұрын ажалдың тырнағына іліп бергендердің есіміне әлі талай ұлтшыл, Алашшыл ұрпақ лағынет айтатын болады. (Тарихтан сабақ алу маңызды. Әсіресе, қазіргі қазақ қоғамына ең керекті нәрсе).
Бір сөзбен айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы – тек ұлт ұстазы, ақын, аудармашы, ғалым емес. Ол – қазақ тарихындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ұлттық мемлекет құрудың жөн-жосығын жазған, ұлттық идеология қалыптастырған, күрескер шәкірттер тобын даярлаған ірі саяси тұлға-тын.
Профессор Ахмет Байтұрсынұлы пассионар тұлға болған соң, алғашқы кезекте атылып кетті. Оның ату жазасына кесілуінің сыры – осы.
Бүгін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай бастаған азаттық алаугерлерінің және олардың еркіндік күресіне бірге қатысқан барша қарулас майдандас жолдастарын сағынышпен, құрметпен еске аламыз. Олар қорғап қалған, жанын қиған, қанын төккен Отанға қарыздармыз!