Қазақстаннан Ұлыбританияға жұмыс істеуге барғандардың кеңесін назарларыңызға ұсынамыз
Қазақстаннан шетелге жұмыс іздеп баратындардың саны жылдан-жылға көбейіп барады. Соңғы жылдары Ресей, Германия және Оңтүстік Кореяға ақша табуға кететіндердің қатары көбейгені жасырын емес. Қазір Ұлыбританияға да барып, ебін тауып жұмыс істеп жүргендер бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Британ экономикасы Еуропада үшінші орында. Елдің қаржы нарығы әлемдегі ең дамыған нарықтардың бірі болып саналады. Ұлыбританиядағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 4% құрайды, бұл Еуропа үшін өте төмен. Осы себепті көптеген шетелдіктер Англияда жұмысқа орналасуға ұмтылады. Бұл табысыңызды айтарлықтай арттыруға ғана емес, сонымен қатар дамыған еуропалық елге тұрақты тұруға көшуге тамаша мүмкіндік.
Дегенмен, Ұлыбританияда жұмысқа тұру қиын мәселе. Бұл бірқатар факторларға байланысты:
Арнайы виза алу өте қиын;
әлеуетті қызметкерлерге және олардың біліктілік дәрежесіне қойылатын қатаң талаптар;
Ұлыбритания және ЕО елдерінің азаматтарымен жоғары бәсекелестік.
Әсіресе шетелдіктердің Лондон, Манчестер, Эдинбург, Ливерпуль, Глазго және басқа да ірі қалаларда жұмыс табуы қиын. Бірақ бұл жұмысқа орналасу мүмкін емес дегенді білдірмейді. Жақсы мамандар ғана емес, студенттер де ресми түрде жұмыс таба алады. Ең бастысы - жұмыс табуға және барлық қажетті процедуралардан өту.
Жалпы, Англияда виза белгілі бір жұмыс түрлеріне рұқсат етіледі. Ал кәсіби жұмыстарды істеу үшін міндетті түрде квалификациядан өту қажет. Олар сөйтіп, басқа елдегі озық ойлы азаматтарды жинап, өздеріне тың идеяларды алады.
Осы ретте Қазақстаннан Ұлыбританияға жұмыс істеуге барғандардың кеңесін назарларыңызға ұсынамыз. Мысалы әлеуметтік желіде Алтынай Думан есімді қолданушы дәрі-дәрмекті елден ала барыңыздар деп отыр.
«Ең бастысы, толтырып дәрі-дәрмек алып алыңдар. Мына жақта өте қымбат. Бел, аяқ, бас ауырғанда ішетіндер дәрілер, тұмауға қарсы сироптар бірге әкеліңіз. Жағатын маздарды да ұмытпаңыздар. Одан бөлек, темекі тартатын адамдар болса, бұл жақта қымбат екенін еске салғым келеді. Бір қорап темекі 7700 теңге тұрады. Бізге келетін кезде мұндай кеңесті ешкім айтпаған. Өз көзіммен көрген соң, аз болса да, көмегім тисін деп жатырмын», – дейді Алтынай Думан.
Ал Бекнұр Қаримолла алаяқтарға алданып қалмауды ескертті. Өйткені әлеуметтік желі арқылы тез арада жұмысқа тұрғызып берем деп, ақша алатындар көбейген.
«Олардың бәрі өтірік. Ешкім кепілдік бере алмайды. Ұлыбритания қыста көп адам жинап алды. Енді жазға ешкімді керек қылмай жатыр. Алаяқ фирмалар ақша істеу мақсатында соны пайдалануға тырысып қалмақ. Ақша төлеп керек емес. Бұл жаққа тек барып-келу билеті мен визаға ғана төлейсіз», – дейді Бекнұр Қаримолла.
Англиядан жұмыс іздегендер тек сенімді сайттарды қарау керек екен. Ондай сайттардың қатарында «Aqropactika.eu», «Agri-hr.com», «Osroder-hr.com», «Concordiavolunteers.org.uk», «UK-work.com» бар.
Елдегі айлықтың төмендігіне байланысты дәрігер, мұғалім және басқа да мамандық иелері қара жұмыс істеу үшін кетіп қалған. Мысалы, отандық дәрігердің бірі құлпынайдың арам шөбін жұлатын жұмысқа тұрған. Ол сол үшін жақсы ақша төлейтінін айтып отыр.
«Бұл қиын жұмыс емес. Бірақ соған қарамастан жақсы ақы төленеді. Қазақстанда мұндай жұмысқа 3-4 есе аз береді. Мен медицина саласының маманымын. Тіпті, біздің өзіміздің жалақымыз аз. Жасым 23-те. Бұл жақта бәрі көңілімнен шығады. Бір жағынан басқа ел, басқа менталитетпен танысасың. Сондықтан алдағы 2 жылда басқа әлемді көргенді қаладым. Ойланбаңыздар, бірден әрекет етіңіздер», – дейді ол.
Айта кетейік, «Тұманды Альбионға» жұмыс визасын істету үшін келісімшарттың негізіне сәйкес, 787 ден 1135 евроға дейін төлейсіз.