×

Қазалыдағы төбелес: Соққыға жығылған баланың көзі көрмей қалған

6 сәуірде Қызылорда облысының Қазалы ауданында мектеп оқушысы соққыға жығылған болатын

Қазалыдағы төбелес: Соққыға жығылған баланың көзі көрмей қалған

6 сәуірде Қызылорда облысының Қазалы ауданында мектеп оқушысы соққыға жығылған болатын. Бұл жағдай қоғамда резонанс тудырды. Сосын бала оқитын мектеп директорының екі орынбасары қызметінен босатылды. Төрт айға жақындаған оқиға немен аяқталды? Баланың денсаулығы қалай? Осы бойынша мән-жайды Qaz365.kz тілшісі соққыға жығылған баланың анасы Ақмарал Төлегеновамен тілдесті. 

«Баламның денсаулығы жақсы болып кетті дей алмаймын. Бір көзі көрмейді. Әлі де басы ауырады. Дәрігерге көзін тексерткенмін. Бірақ аман, қабақтары жыртылған дейді. Ал баланың өзі көзім көрмейді дейді. Бастан болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені жатып қала береді. Жүріп келе жатып та, бір аяғым істемей қалды деп, құлап қалатын кездері болады. Дәрігерлер оңалтуға жатқызу қажет екенін екенін айтады. Енді әріқарай нейрохиругия бөліміне бару керек», - дейді Ақмарал Төлегенова.

Оның айтуынша, баласы биыл 9-сынып бітірген. Сол кезде ұрып-соққан баланың саны көп болды дейді. Бірақ видеоға тек бес бала түсіп қалған. Соның ішінде екеуі істі мойнына алған. 

«Тергеушілер видео бойынша тергеу аяқталғанын жеткізді. Үш баланың ісі сотқа жіберілгенін айтты. Қоғамда резонанс тудырған соң, Қызылорда облыстық полиция департаменті қолға алған. Бірақ жартылай қарады да, Қазалыға қайтарып берді. Қазір қазалық тергеуші қарап жатыр», - дейді баланың анасы.

Оның айтуынша, іс әрі-бері ауысып жүрген. Бірақ баланың анасына көп жағдайда ештеңе ескертпеген. Ақмарал Төлегенова тергеудің әділ өткені не сенбейді.

«Видеода ұрған балалардың туыстары, жалдаған өкілдері келіп, «ештеңе істей алмайсыз, кешірім берсеңіз, балалар шартты жаза алады» деп айтады. Бұлар кәмілетке жасқа толмаған жасөспірімдер болғандықтан, оларды бірнеше жылға соттамайтынын ескертіп жүр. Одан қалса, журналистер жазса, Қазалы аудандық полиция басқармасының басшысы желіден жазбаларды өшірткізген.  Әкімдік анасы әр баладан 5 миллион теңге сұраған деген сияқты жалған ақпарат таратқан», - дейді ол. 

Басында істі мойнына алған екі баланың анасы келіп, кешірім сұрағанда Ақмаралға: «Кім сотталмай жатыр, әрі кетсе, шартты жаза алады» деген көрінеді.

Сосын баланың анасы ұрғандардың арасында бұрын полиция басқармасында жұмыс істеп кеткендердің баласы бар екенін жоққа шығармады.

Осы іс қоғамда резонанс тудырған соң, баласына психологиялық қысым көбейген. Жерде жатқан видеоларын желіге жүктеп, «терпила» деп жазып қойғандар болған көрінеді.

Зардап шекккен баланың ем-домына ешқандай көмек болмаған. Барлық шығынды ол кредит, қарыз алып, өзі көтеріп жатырмын деді сайттың тілшісіне. 

«Баламды жамандап болғандар енді мені сөз қылып жатыр. Екі баласын шешесіне тастап кеткен. «Бірнеше миллион сұрап жатыр», «үй қарап жатыр» деген гу-гу өсек Қазалыда желдей есіп жүр. Баланы болды, енді маған қысым басталды. Өзім Қазалыда көп ешкімді тани бермеймін. Бірақ мені танитындар көп болып шықты. Бұрын вахталық ауысым бойынша аспаз болып істегенмін. Баламның жағдайынан кейін жұмыстан кеттім. Әке-шешем, бауырларымның атынан кредит алып,  баламды емдетіп жүрмін. Басқа ешкімнен көмек болған жоқ», - дейді Ақмарал Төлегенова.

Ол Қазалы аудандық полиция басқармасының аға инспекторы Махаббат Бегалиева қылмысты жасырды деп санайды. Сондықтан оның үстінен арыз жазғанын да айтты.


«Қызылорда облыстық полиция департаменті Бегалиеваның үстінен арыз жаздым. Кейін Қазалыға да жаздым. Бірақ Қазалыда ішіне шара көрдік деп, сөгіс берумен шектеле салған. Әлі күнге жұмысында жүр. Істі бұрмалап жатыр. Келешекте не істейтінін құдай білсін.  Маған мектеп директорларының, орынбасарларының ауысқаны керек емес. Қылмысты жасырып, істі бұрмалаған адамның қызметінен кеткені керек, - дейді жәбір көрген оқушының анасы.

Сонымен қатар тергеуші Ерсайын Әлбатыровпен де аз-кем сөйлесіп үлгердік. Ол істің мән-жайы қалай болып жатқанын айтты.

«Сотқа іс 18 шілдеде жолданды. Ал оның қашан өтетінін сот өзі тағайындайды. Бұл іс бойынша басында үш адам күдікті ретінде қарастырлған. Сосын тергеудің соңғы жағында тағы үшеуі қосылды. Алғашқыларын жіберіп қойғанбыз, өйткені дәлелдемелер дайын болып тұрды. Кейінгі үшеуіне қатысты бөлек тергеу өтті. Беттестіру процесі, одан бөлек психотерпапия деген инспекция бар. Балалар кәмілетке толмаған соң, тағайындауға міндеттіміз», - дейді тергеуші.

Ол тергеу барысында қандайда бір қысым болмағанын айтты. 

Еске сала кетейік, 6 сәуір күні Қазалы ауданында екі адам мектеп оқушысын аямай соққыға жыққан еді. Салдарынан 15 жасар жасөспірім бас сүйек-ми жарақатын алғаны белгілі болды. Мектеп директорының екі орынбасары қызметінен кетті. ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабына сәйкес іс қозғалды. 

«Кемшіліктерге жол берген Қазалы аудандық білім бөлімінің басшына қатаң сөгіс жарияланды. Өзге де тиісті мамандардың жауапкершілігі қаралады», - деген болатын Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →