×

Алматыда танымал саясат философы Франсис Фукуяманың жаңа кітабы таныстырылды

Жобаны CAPS Unlock сараптама орталығы өз бастамасымен іске асырды

Алматыда танымал саясат философы Франсис Фукуяманың жаңа кітабы таныстырылды
Qaz365.kz

Танымал саясат теоретигі Франсис Фукуяманың «Либерализм және оған айтылған сын» кітабы алғаш рет қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2023 жылғы 22 тамызда Алматыда танымал саясат философы және Стэнфорд университетінің профессоры Франсис Фукуяманың жаңа кітабы оқырман қауымның назарына ұсынылды. 

2022 жылғы мамырда ағылшын тілінде жарық көрген «Либерализм және оған айтылған сын» кітабы алғаш рет қазақ және орыс тілінде оқырманға жол тартып отыр. Жобаны CAPS Unlock сараптама орталығы өз бастамасымен іске асырды. 

CAPS Unlock – диалог алаңын дамыту, сапалы зерттеулер жүргізу мен ұсыныс дайындау, сонымен қатар аймақтағы эксперттер қауымдастығын нығайту арқылы Орталық Азияда ашық қоғам құруға үлес қосуды мақсат ететін қоғамдық қор. 

«Либерализм және оған айтылған сын» кітабы Қазақстанда аз таралыммен, қазақ тілінде 500 дана, орыс тілінде 1000 дана болып жарық көрді. 

Бұл кітапта Франсис Фукуяма либерализм принциптері де кейінгі онжылдықтарда тым шектен шығып кетті және оған оңшылдар да, солшылдар да ықпал еткен дейді: неолибералдар экономикалық еркіндікке табынып кетті, ал прогрессистердің саяси көзқарасында адамның жалпыға ортақ сипатынан бұрын оның бірегей кімдігіне басымдық берілді. Соның салдарынан азаматтық қоғам ыдырау шегіне жетті және демократиямызға қауіп төніп тұр. Қазір Америка Құрама Штаттарында популист ұлтшыл оңшылдар да, прогрессив солшылар да қоғамда бар әр алуандықты қабылдауға дайын емес. Бұл фрагментация демократия үшін аса қауіпті. Автор оның шешімі ретінде классик либерализмнің түп-тамырына қайта оралып, оны қайта жандандыруды ұсынады. 

«Классикалық либерализм дағдарыста, оны оң және сол жақтағы бейлиберал қозғалыстар «неолиберализм» және «прогрессивизм» белгілерімен шатастырады және бұрмалайды. Және де бұл үрдіс демократияға, құқық үстемдігіне, жеке автономияға, сондай-ақ экономикалық тиімділік пен өркендеуге экзистенциалды қауіп төндіруі мүмкін. Путиннің Ресейі дәл осы жағдайдың халықаралық құқықтық тәртіпке, бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретінін көрсетті. Сол себептен де, кітабымның қазақ және орыс тілдерінде жарық көргенін құптай отырып, оны көбірек оқырманға жетеді әрі оларды осы дискурспен барынша жақынырақ таныстырады деген үміттемін», – дейді Франсис Фукуяма кітаптың қазақ және орыс тілдерінде жарық көруі жайында. 

«Мұндай деңгейлі автордың кітабын шығару, әсіресе, ана тіліңде шығару – елдегі академиялық білім саласына, қоғамның интеллектуалдық әлеуетіне ықпал ету. Фукуяма мырзаның кітабы Қазақстанға, мемлекеттік аппарат менеджерлеріне осындай қиын кездері мемлекетті дамыту жолында дұрыс бағыт таңдауға, бағдар ретінде либерал құндылықтар мен адам құқықтарының маңызын алға тартуға көмектеседі деп үміттенеміз», деді  CAPS Unlock орталығының атқарушы директоры Аида Айдарқұлова тұсаукесерде сһйлеген кіріспе сөзінде. 

Тұсаукесерде CAPS Unlock тең құрылтайшысы, саясаттанушы, Харвард университеті Ресей мен Еуразияны зерттейтін Дэвис орталығының Орталық Азияны зерттеу бағдарламасының директоры Наргис Қасенова былай деді: 

«Біздің елдердің либерал-демократия тәжірибесі жоқ. «Либерализм» деген терминнің өзіне көбінесе негатив коннотациялар ілесе жүреді. Оған ең алдымен себеп болатын – либерал қоғамдарда болып жатқан нәрселердің бұрмаланған, карикатураланған көрінісін ұсынатын батысқа қарсы пропаганда. Енді біз Франсис Фукуяманың кітабы осы жағдайды түзеуге көмектесіп, істің шын күйіне, бүкпесіз, боямасыз, идеалдандырмай түсінік береді, сондай-ақ либерал қоғамдардың алдында тұрған сын-қатерлерді еңсерудің құны қаншалықты жоғары екенін ұғындырады деп қана үміт етеміз.  Осы динамиканы да, осы күрделі жағдайды да түсінудің маңызы зор деп білеміз. Одан да маңыздысы – либерал демократиялардың іргетасы болып қаланған принциптердің мәні мен өзара байланысын нақты түйсіну». 

Steppe & World Publishing баспасының директоры Раиса Қадыр кітаптың қазақстандық оқырмандары үшін маңызына тоқталды: 

«Франсис Фукуяманың «Либерализм және оған айтылған сын» кітабын аударуға үлес қосқанымызды мақтан тұтамыз. Біз осымен Фукуяманың екінші кітабын аударып отырмыз. Автор көтеріп отырған тақырыптың еліміз үшін маңызын толық түсінеміз. Кітапта айтылған тақырыптарды талқылау оқырмандарымыз бен интеллектуалдарға келешекте демократиялық және әділ қоғам құру үшін либерализм құндылықтарының маңызы туралы қолданбалы түсінік береді», – деді ол.

Айта кетейік, Франсис Фукуяма – Стэнфорд университетінің Оливьер Номеллини Фриман Спогли атындағы Халықаралық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері және FSI Демократия, даму және құқық үстемдігі орталығының (CDDRL) оқытушысы. Джон Хопкинс университеті мен Джордж Мейсон университетінде сабақ берген. Фукуяма RAND корпорацияларында зерттеуші болған және АҚШ Мемлекеттік департаментінің Саясатты жоспарлау бөлімі директорының орынбасары қызметін атқарған. «Идентификация», «Саяси тәртіп және саяси құлдырау», «Саяси тәртіптің бастауы», «Тарихтың ақыры және соңғы адам», «Сенім» кітаптарының авторы. Әйелімен бірге Калифорнияда тұрады. 

Франсис Фукуяманың «Либерализм және оған айтылған сын» ғылыми-көпшілік басылымды қазақ және орыс тілдерінде CAPS Unlock сараптама орталығы (Central Asian Policy Studies) Open Society Foundations қаржылай қолдауымен және Steppe & World Publishing баспасымен әріптестікте әзірледі. 
 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматыдағы Сайран көлі жағалауы қашан ашылатыны белгілі болды
Бүгін, 14:43

Алматыдағы Сайран көлі жағалауы қашан ашылатыны белгілі болды

Құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →