Астанада туберкулезге қарсы адвокациялық кеңес өтуде
31 тамызда Астанада «Қазақстанда туберкулезді тоқтату» Ұлттық Әріптестігін дамыту және үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) туберкулез ауыртпалығын төмендетуге белсенді тарту мақсатында шешім қабылдаушы тұлғалармен жоғары деңгейдегі адвокациялық кеңес өтуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алқалы жиынға ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Дудник В.Ю., Қазақстан Республикасы Парламентінің, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Stop TB» халықаралық серіктестігінің (Женева қ.), Жаһандық қор, ДДСҰ, медициналық университеттер, медициналық қауымдастықтар және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысуда.
ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Владислав Дудник өзінің алғысөзінде Қазақстан БҰҰ-ның туберкулез бойынша жоғары деңгейдегі отырысының саяси декларациясына қосылғанын, 2035 жылға қарай туберкулезді індет ретінде жоюға бағытталған END TB стратегиясын жүзеге асырып жатқан мемлекет ретінде мойнына жоғары міндеттемелер алғанын, оны жүзеге асыру туберкулез ауыртпалығын азайту бойынша іс-шараларға қоғамның барлық құрылымдарын, соның ішінде ҮЕҰ-ды тарта отырып, «Қазақстанда туберкулезді тоқтату» Ұлттық серіктестігін дамыту арқылы ғана мүмкін болатынын атап өтті.
Мұндай биік мақсатқа жету үшін мемлекет:
- туберкулезбен ауыратын әрбір науқастың тиімді диагностикаға, емдеуге және емдеуге қол жеткізуін қамтамасыз етуі;
- туберкулездің таралуын тоқтатуы;
- туберкулезден кесірінен туатын әлеуметтік және экономикалық әділетсіз шығындарды азайтуы;
- туберкулезбен күресудің жаңа профилактикалық, диагностикалық және емдік құралдарын, технологиялары мен стратегияларын әзірлеуі, енгізуі және қолжетімді етуі;
- стратегиялық насихат, коммуникация және әлеуметтік жұмылдыру арқылы туберкулезге шалдығу қаупі жоғары адамдарға назар аударуы тиіс.
Қазақстан туберкулезге шалдыққан азаматтарын тегін емдейтін елдер қатарында. Республика бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде ПТР (молекулярлық-генетикалық диагностика) арқылы туберкулезді және дәріге төзімді туберкулезді анықтаудың заманауи экспресс әдістері енгізілген. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туберкулезді диагностикалаудың барлық зертханалық әдісіне ел аумағында 100% қолжетімділік қамтамасыз етілген. Барлық 20 аймақтық (облыстық, қалалық) туберкулезге қарсы зертхана жаңа және қайта тағайындалған дәрілерге қоса, дәріге сезімталдықты тексеру үшін сыртқы сапаны бағалаудан сәтті өтті.
ҚР ҰФҒО және халықаралық әріптестердің, жергілікті мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде бүгінде амбулаторлық ем алып жатқан науқастың 95 пайызы түрлі әлеуметтік көмек алып отыр.
ҚР ҰФҒО директоры Мәлік Әденов баяндамасында туберкулезбен күресте тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар осы ретте мемлекетке жан-жақты көмек көрсетіп жатқанына тоқталды.
Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың туберкулездің алдын алу, туберкулез туралы халық арасында, әсіресе халықтың осал топтарында ақпарат тарату, туберкулезбен ауырғандарды және емнен бас тартқандарды тауып, емделуге әкелу жағынан қосар үлесі зор. Мысалы 2022 жылы ҮЕҰ өкілдері туберкулез дертіне шалдығуы мүмкін деген күмән туған 10 741 адамды алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелеріне (АМСК) жеткізген. Биылғы жылдың 6 айында ҮЕҰ қызметкерлері осындай күмән туған 3 442 адамның дәрігерге қаралуына мұрындық болды. Олардың ішінд 230 адамның туберкулезбен ауыратыны расталған.
Сонымен бірге ҮЕҰ қызметкерлері еліміз бойынша емделуден бас тартқан, қашқан 104 науқастың емге оралуына, сөйтіп өзі мен қоршаған ортаға қауіп төндірмеуіне тікелей себепкер болды.
Жоғары деңгейдегі адвокациялық кеңестің соңында елдегі әлеуметтік маңызы жоғары ауру ретінде туберкулезбен ауыртпалығын азайту мақсатында туберкулез, туберкулез/АИТВ проблемаларымен күресетін ҮЕҰ-ға республикалық және жергілікті бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс (МӘТ) пен гранттар бөлу туралы қарар қабылдау жоспарланған.
Кездесулердің негізгі ұйымдастырушылары – Жаһандық қордың «Туберкулез» компоненті бойынша гранты аясында ШЖҚ «Қазақстан Республикасының фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы» РМК, «Қазақстан фтизиопульмонологтар қауымдастығы» ҚБ және Астана қаласының әкімдігі.