×

«Кедейлер кедей боп қала береді»: Абзал Құспан бюджет өңірлерге әділетсіз бөлінетінін мәлім етті

Мәжілісте бүгін 2024-2026 жылдарға арналған бюджет қаралды

«Кедейлер кедей боп қала береді»: Абзал Құспан бюджет өңірлерге әділетсіз бөлінетінін мәлім етті
Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан республикалық бюджетті өңірлерге бөлген кезде адам саны басты талап ретінде қаралатынын, ал мұның көп жерде әділетсіз екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz

Мәжілісте бүгін 2024-2026 жылдарға арналған бюджет қаралды. Депутат Абзал Құспан бұрын көтерген мәселені тағы айтып, үкімет мүшелеріне назар аударуға шақырды.

«Республикалық бюджетті өңірлерге бөлген кезде әділетсіздікке жол беріледі. Кедей өңірлер кедей болып қала береді. Көтерілмейді», - дейді депутат.

Абзал Құспанның сөзінше, мәселенің түбірі мынадан басталады: Қаржы министрлігінің өздері дайындаған әдістемесі бар. Өңірлерге бөлінетін трансферттерді, субвенцияларды бөлген кезде адамның санын ғана ескереді.

«Мен неге бұл мәселеге қайта-қайта тоқталып, шұқшиып жүрмін? Өйткені Батыс Қазақстанды алып қарайықшы. 600 шақырым жерде орналасқан ауылдар бар. Бірнеше аудан бар. Ол жерлерде не жол жоқ. Көктем, күз кездерінде автокөлік жолдары жарамсыз болып қалады да, жүре алмайды. Өйткені қарапайым асфальт жоқ. Басқа тауарларды қоя тұрғанда азық-түліктің бағасына келейік. Оңтүстіктің кез келген облысындағы азық-түлік бағасын елдің батысындағы бағалармен салыстыруға болмайды. Ол жақтарға жеткенше, азық-түлік қымбаттап кетеді, себебі тасымал өте қымбар. Әрі алыс, әрі жол жоқ. Сонымен қатар, Батыс Қазақстанда басқа қарағанда ауылдық округтер көп. Кезінде қирап, кеңес үкіметі тарағаннан кейін бәрі бүлініп жатқан кезде сол ауылдарды сақтап қалғаны үшін батысқазақстандықтар кінәлі емес қой. Енді тоқтап қалған ауылдарды қолдау керек. Ол ауылдарда инфрақұрылым, жолдар, жақсы-жаман болсын клубтар бар. Сол қосымша шығындарды қажет етеді», - дейді ол.

Депутат бюджетті бөлген кезде ауылдың саны, жолдың сапасы, ауылдың алыс болуы, ара-қашықтығы ескерілмейтінін тапа өтеді. «Адам санына ақша бөлу ісін кез келген бухгалтер істеп береді» деген Абзал Құспан бұлайша ауыл дамымайтынын айтады «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын, сол бойынша әзірленген әдістемені сол себепті сынап жүр. Мұны естіген Ұлттық экономика министрлігі ол әдістемені қайта қарауға дайын екенін хабарлаған.

«Маңғыстаудағы көкөністің бағасы мен Шымкенттегі көкөністің бағасын салыстыра алмайсыз. Өйткені көкөністі Шымкент өздері өсіреді. Ал Маңғыстауда бәрі сырттан әкелінеді. Суға дейін сатып алып отырған өңір. Менің айтып отырғаным – осындай әдістеме жасалған кезде әр өңірдің өзіне тән проблемаларын терең үңілу керек. Атыраудың экологиялық проблемасы бар мысалы үшін. Қосымша шығынды қажет етеді. Шығын деген не ол? Яғни Атырауда қарапайым адам емделуге көбірек ақша мен күш жұмсайды. Әрбірден соң ол еңбекке жарамсыз болып қалады. Сондықтан, осындай мәселелерді зерттеуі керек. Ұлттық экономика министрлігінің өкіліне айттым: Сіздер өңірлерді араламайсыздар! Ауылдарға бармайсыздар! Еститін бүкіл сөзді депутат ретінде біз естиміз. Өйткені сол ауылға барып, елмен, жұртпен кездесеміз, сөйлесеміз, мұң-зарын тыңдаймыз. Әдістеме қайта қаралып, әрбір өңірге анализ жасалуы тиіс», - деп түйді депутат.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →