2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екенін жеткізген. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін еске салды.
«Жалпы біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер», – деген болатын Президент.
Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімсіз пайдалануға және гидротехникалық нысандардың әбден тозуына қатысты мәселелерді шешу үшін жаңа Су кодексін уақытылы қабылдау қажеттігін айтты. Осы жұмыстарды жүргізу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігін құрды. Министрліктің тізгінін бұрынғы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қолына алды.
«Жалпы бір жылдың ішінде 100 текше шақырым немесе 100 млрд текше метр су пайда болады. Соның 55 пайызы Қазақстанның аумағында қалыптасады. Сол судың 25 пайызын өзіміз пайдаланамыз. Оның ішінде ауылшаруашылығында 15 текше шақырым, өндіріс мекемелерінде 5-6 текше шақырым пайдаланылады», – дейді министр.
Оның айтуынша, Президент 2027 жылға дейін жаңадан 20 су қоймасын салу туралы мақсат қойған. Екіншісі, суды ұтымы үнемдеп, пайдалану.
Ең бастысы 13 жылдан бері жыр болған Ұлытау Есқұла су құбыры жыл соңына дейін іске қосылатын болды.
Бұл нысанның құрылысы 2010 жылы басталған. 2012 жылы апат жағдайына байланысты тоқтап қалған. Кейін қайта жанданған құрылыс 2018 жылға дейін аяқталуы керек еді. Бас мердігердің құрылыс сапасына салғырт қарауы салдарынан, құбырдағы жұмыстар соңына дейін бітпеген. Сосын 2021 жылы берілетін болған. Бұл туралы бұрынғы Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев айтқан еді. Ал Серікқали Брекешев су құбыры 2022 жылы пайдалануға берілетінін айтқан. Алайда құбыр құрылысы бітпеген күйінде қалып отырды. «Есқұла» су құбырына жыл сайын бюджеттен қаражат бөлініп отырған. Оның бастапқы құны 5,8 млрд теңге болса, кейін тағы 10 миллиардқа жуық қосымша қаржы бөлінген.
Министр Нұржан Нұржігітов су құбыры сынақ режимінде іске қосылады деп отыр. Ал нысанды тапсыру келесі жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарланып отыр екен.
«Аталған жұмыстардың нәтижесінде 800 шақырымнан астам су желісі салынды. 203 мың халқы бар 51 ауылдық елді мекенде және Сәтбаев, Макинск және Жезқазған қалаларында сумен жабдықтау сапасы жақсарды. 6 мыңға жуық тұрғыны бар 5 ауылдық елді мекен сапалы ауызсуға қол жеткізді», –дейді ол.
Жалпы, биыл Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 27 жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінген еді. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсу мәселесін шешуді талап ететінін айтқан.
«Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке қарай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет», – дейді Премьер-министр.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжілісте алдағы екі жылда 158 ауылды сумен жабдықтайтын 34 жобаны іске асыру үшін 23,3 миллиард теңге бөлінгенін айтты.
«Жалпы, 2025 жылға қарай еліміздің барлық тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар суару саласында суды үнемдеуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, 3,5 мың шақырымдық суару желісін жаңғырту, 212 каналда суды есепке алу мәселесін цифрландыру және 15 гидротехникалық құрылысты жаңғырту көзделіп отыр», – деді Тамара Дүйсенова.