×

Көлеңкелі нарық пен темекіге тәуелділікті күшейтеді: Астанада вейпке салынған тыйымға қарсы жиын өтті

Қолдаушылардың да, оған қарсы тараптардың да аргументтері баршылық

Көлеңкелі нарық пен темекіге тәуелділікті күшейтеді: Астанада вейпке салынған тыйымға қарсы жиын өтті
Фото: Qaz365.kz

Астанада вейп бизнесіне енгізілгелі жатқан шектеуге байланысты арнайы жиын өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі. 

Қазақстанда электронды темекілерге қарсылықты Мәжілістің қазіргі депутаттары бастап, оларды ақыры Денсаулық сақтау министрлігі қолдап, аталған өнімге таяуда толық тыйым салынғалы жатыр.

Десе де бұл салада жүрген кәсіп иелері, бизнес сарапшылары мұның асығыс шешім екенін, егер вейпке тыйым салынса, оның салдары жақсы нәтижеге апармайтынын айтады.

 

«АУРУДЫҢ БӘРІ ВЕЙПТЕН ЕМЕС – ТЕМЕКІДЕН»

Еске сала кетейік, осы айда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният вейпке біздің елімізде толық тыйым салу жөніндегі депутаттардың заңға енгізіліп жатқан нормасы Үкімет отырысында қаралғанын айтқан.

«Қазір толық қолдау тауып отыр. Денсаулық сақтау саласы да бұл норманы қолдайды. Қазір осы толық айналымды тыйым салғанда қандай да бір жауапкершіліктерді, қай органдар қалай жауап береді – сол мәселе қаралып жатыр. Екі-үш апта ішінде Үкімет өз қорытындысын береді», – деді Ажар Ғиният.

Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап, вейпті қолдаушылар мен оған қарсы шығушылардың дауы өршіп шыға келді. Қолдаушылардың да, оған қарсы тараптардың да аргументтері баршылық. Мәселен, бүгін Астанада өткен жиынға онлайн қатысқан «Tholos Foundation» компаниясының тұтынушылармен жұмыс істеу жөніндегі директоры Тим Эндрюс вейпке тыйым не үшін енгізілгелі жатқанын түсінбейтінін айтады.

«Мен Австралияда осы бизнеспен 7 жылдан бері айналысып келе жатырмын. Вейп – темекіні азайтудың бір амалы. Бұл тек экономикалық қана емес, моральдық мәселе. Себебі бұл – адам өміріне байланысты мәселе. Бүкіл әлемде, біздің білуімізше, Қазақстандағы халықтың 20 пайызы темекі шегеді. Адамдардың көбі соның салдарынан ауырып, ауыр дертке шалдығып жатады. Қазақстандағы жаңалықтарға шолу жасай отырып, вейпке қатысты қаншама жалған ақпараттар таратылып жатқанын оқып, жағамды ұстадым. Бұл мәселені біз бес саусақтай білеміз. Керек десеңіз, темекінің орнына вейп ұсыну арқылы біз Қазақстандағы да мыңдаған адамдардың өмірін құтқара аламыз. Біз мұның технологиясын білсек, не себепті одан бас тартуды талқылап жатырмыз. Неге оған тыйым салып жатыр?» – дейді ол.

Тим Эндрюс вейптен зиян жоқ дей алмайтынын, бірақ темекіге қарағанда ол аз екенін атап өтеді. Азаматтар шалдығатын ауыр дерттің бәрі вейптен емес, темекіден келетінін ұмытпауымыз керек дейді ол.

ВЕЙП ҚАУІПТІ АЗАЙТАДЫ

Жиында Австралиядағы дәрігер Кэролин Бьюмонт вейпинг және зиянды азайту тақырыбында өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, адамдар темекіні никотин үшін шегіп, смоладан көз жұмады. Сөзінше, әлемде жылына орташа есеппен 76 млн адам қаза болса, соның 8 миллионының ажалы темекіден келеді екен.

«Темекі қатерлі ісік, жүрек қантамыры, көздің көрмей қалуы секілді алуан түрлі ауруларға апарып соғады. Баланы өмірге әкелетін органдарға да зияны көп. Бізде сол темекі зиянын азайтуға болатын стратегияны қалыптастырсақ, соның бірі темекінің шеттен тыс қолданысын шектеуіміз керек. Электронды темекі, яғни вейптің де адам денсаулығына зияны бар, бірақ ол темекіден қарағанда аздау. Адамдар стресті азайту үшін темекі шегеді. Ал темекіні вейпке ауыстырса, қауіп азаяды», – дейді ол.

ЕКІ ҰСЫНЫСЫМЫЗ БАР

Электронды темекіге тыйым осы салада жүрген азаматтарға да оңай тигелі отырған жоқ. Мұны бізге QazSpirits ЗТҚ орындаушы директоры Дмитрий Жуков айтып берді. Одан депутаттардың және оларды қолдаған Денсаулық сақтау министрінің пайым-пікірі жөнінде ойын сұрағанбыз. Депутаттардың кейбірі «вейп темекіден де зиян» деген еді.

«Біз бұл үлкен қателік деп есептейміз. Неге? Тыйым бәрібір орынсыз деп санаймын, әрі бір жылдан кейін біз осы мәселеге бәрібір айналып келеміз. Менің бұл салада жүргеніме бес жылдан асты. Вейпті шектеудің салдары қандай болады? Елде контрафакт, қара базар қарқынының артатыны соншалық, біз онымен күресе де алмай қаламыз. Бұл мәселені реттеудің бірден-бір жолы оны реттеу ғана. Оған қоса вейптерге бірыңғай тыйым күшіне енсе, азаматтардың бәрі кәдімгі темекіге көшіп кетеді», – дейді ол.

Депутаттар темекіге қарағанда вейп зиян дейді. Оған не дейсіз деген сұраққа Дмитрий Жуков «бұл адастыру» деп атайды.

«Бұл негізсіз. Вейптің 95 пайызының зияны аздау. Әлбетте, өкпеге ауадан басқа баратындардың бәрі пайдалы емес. Сол себепті адастыру бар. Қазір вейпке қарсы шығып жатқандардың бәрі «бозбала, балалардың бәрі вейп шегіп кетті» деп аттан салып жүр. Ал шын мәнінде, статистикаға қарасақ, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің жартысы темекіні де, вейпті де бірдей татып көрген. Темекіге адамдардың еті үйреніп қалған, ал вейп деген түрі көрнекті әрі жаңа өнім», – дейді ол.

«Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаменті директоры Еркен Наурызбековтың айтуынша, мемлекеттік орган басшыларының бәрі бірдей вейпке келгенде прагматикалық көзқарас танытпайды. Еркен Наурызбеков қоғамдық ұйым ретінде «айтарымыз, бұл саланы реттеу керек» деп есептейді.

«Тыйым салу шаралары әлбетте, мемлекет үшін ғана емес, азаматтардың денсаулығы үшін де кері әсерін тигізері анық. Елдің экономикалық қауіпсіздігіне де қатерлі. Заң аясындағы бизнеске теріс әсер етеді», – дейді ол.

Жалпы вейпке тыйымның орнына жиынға келген азаматтар екі ұсыныс білдіреді. Оның бірі – қазір күшінде тұрған тыйымды іске асыру керек. Яғни бүгінгі таңда темекіге енгізілген тыйымның күші вейптерге де жүреді. Яғни сауда сөрелерінде темекі секілді вейптер де жасырын тұрады. Ол балаларға сатылмайды. Екіншіден, ЕАЭО шеңберінде жасақталған техникалық регламент бар. Дмитрий Жуков Денсаулық сақтау министрлігі сол шеңбердегі ортақ міндетке саботаж жасап отыр деп есептейді. Ол техрегламентте «балаларды қызықтыратын конфет иісімен вейптерді шығаруға тыйым салынған».

«Мұның бәрі техрегламентте бар. Оны екі жылдан бері енгізгіміз келсе де, әр кезде министрлік жұмысты кейінге шегеріп келеді», – дейді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →